Reuters Қытай басшысымен "мәңгі өмір сүру" туралы талқылаған Путиннің видеосын өшірді

Reuters ақпарат агенттігі 3 қыркүйекте Пекиндегі парад алдында Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің адам өмірін 150-ге дейін ұзартатын немесе "мәңгі өмір сүруге" жол ашатын технология мүмкіндігі жөнінде талқылап жатқаны көрінетін төртминуттық видеоны өшірді.

Reuters-тің түсіндіруінше, Қытайдың мемлекеттік CCTV арнасы бұл кадрларды пайдалану құқығын қайтарып алған.

Мемлекет басшылары парадқа кетіп бара жатқанда тілдескен. Алайда олардың әңгімесінен бір үзінді тікелей эфир кезінде қосулы тұрған микрофонға жазылып қалған. CCTV өнімдерін пайдалануға құқығы бар Reuters төртминуттық роликті монтаждап, мыңнан астам халықаралық ақпарат құралына таратқан. Видеоны Reuters-тен бөлек ақпарат құралдары да таратты, оған алғашқылардың бірі болып желі қолданушылары назар аударды.

5 қыркүйекте CCTV ақпарат агенттігіне хат жолдап, видеоны өшіруді талап етті. Қытай жағы жазбаны пайдалану құқығы бұзылғанын алға тартып, "материалды өңдеу кезінде" "фактілер мен мәлімдемелер бұрмаланғанын" айтты.

Reuters видеоны сайтынан өшіріп, ресми түрде материалды алып тастады. Агенттік авторлық құқық иесінің талабына сәйкес өшіргенін хабарлады. Бірақ бір мезетте оны тарату кезінде ешқандай ереже бұзбағандарын, бейтарап журналистиканың стандарты сақтағандарын айтты.

Путин мен Си Цзиньпиннің әңгімесі жөнінде көп ақпарат құралдары жазды. Мемлекет басшылары биотехнология мүмкіндіктерін талқылаған. Путиннің айтуынша, трансплантологияның дамуы адамдарға ағзаларды ауыстыру арқылы "жасарып", тіпті "мәңгі өмір сүруге" қол жеткізуге жол ашады. Қытай басшысы тіпті осы ғасырдың өзінде адамдар 150 жасқа дейін өмір сүре алатындай деңгейге жете алады деген.

Кейін Путин мұндай әңгіме болғанын растап, бірақ жай-жапсарына тоқталмады.