Солтүстік Корея басшысы Украинаға қарсы соғыста қаза болған солтүстіккореялықтардың отбасын қабылдап, оларға "керемет өмірді" уәде етті. Бұл жөнінде Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген Reuters жазды.
Жұма күні қаза болғандардың отбасымен кездескен Ким "елдің намысын қорғау үшін өз өмірлерін құрбан еткен" сарбаздардың "бағалы өмірін құтқару мүмкін болмағандығына өкініш білдірген".
"Сарбаздар мен офицерлерге қаһармандық олардың "әлемдегі ең қайсар, патриот және әділ" отбасынан дарыған" - деді Ким ата-аналарға, әйелдерге және балаларға.
"Олар тіпті маған қысқа хат та жазған жоқ, бірақ менің ойымша, олар маған өз жақындарын сеніп тапсырған сияқты" деді Ким. Оның сөзінен мемлекеттік ақпарат құралы үзінді келтіреді.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік арнасы Кимнің шара кезінде қаза болғандардың отбасына төмен иіліп тұрғанын көрсетті.
Бұған дейін Ким Ресейдің Курск облысында украин әскерімен шайқастарға қатысып, еліне оралған солтүстіккореялық әскери қызметкерлерді қабылдап марапаттағаны белгілі болған.
Reuters-дің жазуынша, Солтүстік Кореяның мемлекеттік арнасы 29 тамызда "Курскіні азат ету" операциясына қатысқан солдаттар туралы кадрлар бар 25 минуттық деректі фильм көрсеткен.
- Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Курск облысында Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін Солтүстік Корея Курск облысын қалпына келтіруге 6 мың әскери қызметкерін жіберетіні де айтылған еді.
- Биыл сәуірде әуелі Ресей, одан кейін Солтүстік Корея Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялықтардың қатысқанын растаған. "Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді. Пхеньян есесіне Ресейден спутник ұшыру, ракета және өзге де мәселелер бойынша техникалық кеңес алады.