Семейде 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылған күніне орай жоспарланған "Жара" ("Рана") деректі фильмінің көрсетілімі Арбатта өтпей қалды. Бұл жөнінде бірінші болып фильм авторларына сүйенген Ulysmedia жазды.
Фильм авторы Әйгерім Сейтенованың айтуынша, көрсетілімді ұйымдастырушылар Alikhan Bokeikhan University-мен келіскен. Университетке қарама-қарсы орналасқан Арбаттағы LED-экранды қолдану жоспарланған. Алайда кейін қала әкімдігі іс-шараға рұқсат бермей қойған.
– LED-экран Семей әкімдігіне тиесілі. Бәрі келісілгендей болып еді, ректор да қолдау көрсетті. Сондықтан әкімдікпен бөлек келісу керек деп ойламадық. Жарнаманы бастап жібердік, бірақ өткен аптада, қателеспесем, сенбі күні көрсетілім өтпеуі мүмкін екенін айта бастады. Ал көрсетілімге бір сағат қалғанда ұйымдастырушы Майра Әбеноваға хабарласып, болмайды деді. Себебін түсіндірмеді. “Бәрі тоқтатылады” деп қана айтқан, – деді Сейтенова Ulysmedia басылымына.
"Дом" қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенованың сөзінше, ішкі саясат басқармасының қызметкері оған "фильмді көрсетуге болмайды" деп айтқан.
- Ал мен бірден "неге болмайды? себебі қандай?" деп сұрадым. "Полиция рұқсат бермейді" деді. "Полицияның қандай қатысы бар?" дедім. Үндемей тұтқаны қоя салды. Сосын ешкім жауап берген жоқ. Жазбаша да жауап берген жоқ, - деді Майра Әбенова 31 тамызда Азаттыққа.
Азаттық әзірге Семей қаласы әкімдігінен жауап ала алмады.
Фильм авторы шетелде көрсетілім ұйымдастыру өз туған қаласына қарағанда оңай болғанына қынжылысын білдірген.
Фильм ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен алты әйелдің тағдырын баяндайды. Ондағы кейіпкерлердің бірі балаларынан айырылса, енді бірі онкологиялық дерттің кесірінен ана атана алмаған. Бұл туынды бұған дейін Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде, сондай-ақ Женевада, Лондонда, Парижде, Шотландия парламентінде және Германияның бірнеше қаласында көрсетілген.
Майра Әбенова сөз арасында миллиондаған адамды радиациямен улаған Семей ядролық сынақ полигоны жайлы қазақстандықтардың өздері, оның ішінде семейліктер де бар, жөнді білмейтінін, тарихқа немқұрайлы қарауға болмайтынын айтты.
"Мен өзім 29 тамыз қандай күн екендігі жөнінде зерттеу, сауалнама жүргізгенмін. Семейліктер ешкім білмейді. Әйгерім мен Ердәулет Астанада өткізген. Жұрт білмейді. Ешкім білмейді. Мәселе кинода да емес. Полигонның зардабын өзіміз шегіп отырмыз. Өзіміз тарихты білмейміз. Тарихты ұмытсақ не болады?" дейді Майра Әбенова.
Миллиондаған адамды радиациямен улаған Семей ядролық сынақ полигоны 34 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда ресми түрде жабылды. Бірақ қырық жыл бойы жасалған сынақтардың зардабын полигон аймағында тұратын халық әлі күнге тартып келеді. Оларды қорғайтын заң бірнеше рет өзгеріп, көмек те қысқарған.