"Сыртқы істер министрі ұсталыпты" деген хабар тарағалы бері Мұрат Нұртілеу алғаш рет жұртқа көрінді

Дүйсенбі, 8 қыркүйек күні Астанадағы парламент үйіндегі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі жолдауын жиналған қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер арасында елдің сыртқы істер министрі – премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу де бар, деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Ол өткен аптаның ортасында "Мұрат Нұртілеу ұсталған" деген ақпарат тарағалы бері алғаш рет көпшілік алдына шығып отыр.

Сыртқы істер министрі парламентте президент жолдауы басталмас бұрын БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере келе, әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған ақпаратты "бұл да бір сынақ" деп сипаттады. Оның сөзінше, ол өзі жайлы ақпарат тараған кезде жұмыста болған.

"Мен жұмыста болдым, жиналыстар өткіздім, өзге елдердегі әріптестеріммен сөйлестім, инвесторлармен кездестім. Бәрі әдеттегідей. Біз құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Тиісті органдар бар, қажет болса, мұнымен солар айналыссын. Мен мұны көңіліме алмаймын. Тіпті елде де болмаймын: жолдаудан кейін шетелге баруды жоспарлап отырмын" – деген министр.

Неліктен "ақпараттық шабуылға ұшырағанын" сұраған журналистерге Нұртілеу: "Аққа құдай жақ. Бұл да бір сынақ" деп жауап берген.

Өткен аптада Orda.kz басылымы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталған деп хабарлаған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сыртқы істер министрлігі және ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл хабарды жоққа шығарды. СІМ Нұртілеу инвесторлармен кездесіп, Украина сыртқы істер министрімен телефонмен сөйлесті деген ақпарат таратқанымен, Нұртілеу дүйсенбіге дейін көпшілік алдына шыққан жоқ.

Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлжан (Гүлшат) Бажкенова жексенбі күні кешке Facebook-парақшасына: "Біз редакциямен бірге зор жұмыс істедік, мен саяси зерттеу ұсындым, менде барлық дәлел бар, және бейсенбі күні не болғанын білген кезде әділеттік мүмкін екендігі мені шабыттандырды. Бірақ мен жеңілдім. Жаңа ғана маған Нұртілеу бостандықта, иә, кеше ол Украинамен сөйлесті, ал ертең парламентте болады деп айтты. Шынайы саясат күшінде. Ал біздің тақырып тәмам"" деп жазды.