Талғарда ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады

Алматы облысы Талғар ауданында белгісіз біреу ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция сенбі кешке қарай кішкентай қыз босатылып, анасына тапсырылғанын хабарлады. Ізінше күдіктінің де ұсталғаны хабарланды.

Талғар ауданындағы "кезекті бассыздық" туралы адвокат Гаухар Сарыева хабарлаған.

Адвокаттың айтуынша, бір қыз осыдан шамамен бір ай бұрын техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы күш көрсеткенін айтып, полицияға шағымданған. Жұма күні қыз баланың туыстары "өздігімен оны ұстап, полицияға жеткізген кезде" оны босатып жіберген. Ал 6 қыркүйекте ол жәбірленушінің бауырына оқ атып, кішкентай баласын ұрлап әкеткен. Адвокаттың желіде жариялаған видеосында полицейлердің оқиға орнын қоршап тастағаны көрінеді.

Адвокат видеода полицейлерге бірнеше рет шағым берілгенін, олардан реакция болмағанын айтады.

Сенбі күні кешке қарай Алматы облыстық полициясы ер адамның қазасы мен кішкентай қыздың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.

"Ер адамның қаза болуы және кішкентай баланың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Тергеу мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Екеуі жанжалдасып, күдікті жәбірленушінің бауырына оқ атқан, ол оқиға орнында қаза болды. Қылмыстан кейін күдікті кішкентай баланы ұрлап, жасырынған” деп жазылған хабарламада.

Артынша "арнайы жасақтың операциясы нәтижесінде кішкентай қыз босатылғаны" хабарланды. Кішкентай қыз анасына тапсырылған. Күдікті де ұсталған.

Былтыр Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасы қоғамда резонанс тудырған. Биыл жазда оның өліміне қатысты айыпталғандарға үкім жарияланды.