Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады және оны премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқармақ. Бұл туралы дүйсенбі, 8 қыркүйек күні Астанада парламентте халыққа жолдауын жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
– Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді президент.
Ол қазіргі кезде ел экономикасында реформалар жүргізіліп, инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға ауқымды инвестиция салынып жатқанын айтты.
– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. "Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек", деді Тоқаев.
Қазақстан президентінің дәстүрлі жолдауын тыңдауға парламенттің қос палатасының депутаттары, үкімет мүшелері, қоғам өкілдері қатысып отыр.