Осы жоспарға мемлекеттік арналармен қатар жекеменшік медиа ресурстар мен әлеуметтік желілерде оқырманы көп пабликтер кіріктірілген. Азаттық құжаттағы пропаганда элементтеріне анализ жүргізіп, өзара шарт талаптарын анықтауға тырысты.
Your browser doesn’t support HTML5
Тоқаевты ұлықтау ма, саясатын "түсіндіру" ме?
Пропаганда элементтері бар құжат
Адам санасын қалай басқаруға болады деген сұраққа біздің заманымызға дейін Аристотель де, ерте орта ғасырларда әл-Фараби де жауап іздеген. Ал Еуропадағы Ренессанс кезеңінде Николо Макиавелли, одан қалса, шотланд философы Дэвид Юм мен француз философы Алексис де Токвиль де осы мәселені түсінуге, түсіндіруге тырысқан.
Өткен ғасырда "қоғамдық пікірді бұрмалау" жөніндегі PR, яғни "қоғаммен байланыс" терминін жаппай айналымға енгізген америкалық Эдвард Бернейс те көп жазған. Бернейс – қоғамдық пікірді коммуникация күшімен өзгертуді саналы түрде қолдаған адам. Ол өзінің "Пропаганда" атты кітабында "саяси элита медиа, эмоция және символдардың көмегімен сананы инженерлеуі керек" деген.
Азаттық зерттеуіне биыл ақпанда қолымызға түскен мына құжат түрткі болды. Бірінші бетінде "Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға ақпараттық қолдау бойынша кешенді медиа жоспар" деп жазылған іс-шараларды орындау мерзімі осы жылдың қаңтар-маусым аралығы деп көрсетілген. Бірақ құжатта ресми мөр я шенеуніктің қолы жоқ, яғни қазақ билігі оны арнайы бұйрық не шешім арқылы жүзеге асырды деп айтуға болмайды. Мәдениет және ақпарат министрлігі де өзіне бұл медиа жоспардың қатысы жоғын айтты. Әйткенмен құжатты Азаттыққа жолдаған адам медиа жоспар мемлекеттік телеарналарда ішкі қолданыста болған дейді. Оның сөзін өзге мемлекеттік арна журналисі де растады. Азаттық дереккөздердің қауіпсіздігі үшін олардың аты-жөнін атамауды ұйғарды.
Құжат ресми расталмаса да, оның мемлекеттік ақпараттық саясатпен қаншалықты қиысатынына көз жеткізуге болады. Азаттық құжаттағы 56 месседжге тереңірек үңіліп, контент анализ жүргізді, жоспарда аталаған медиа ресурстарға сауал қойып, құжатты сарапшылармен талқылады.
Пропаганда құжатында әр аптаға үш тақырып кіріктірілген. Кеңінен дәріптелген тақырыптар арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жайлы мектеп", "Ұлттық қор – балаларға", "Таза Қазақстан" және "Заң мен тәртіп" секілді негізгі жобалары мен бастамалары бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламентте жариялаған халыққа жолдауын "Қазмедиа" орталығында тыңдап отырған журналистер. 1 қыркүйек, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Құжатта аталған 78 медианы үш топқа бөліп қарастыруға болады: телеарналар, интернет ресурстар және әлеуметтік желідегі пабликтер. Тізімде Qazaqstan ұлттық арнасы, 24KZ, "Хабар" және Jibek Joly сияқты мемлекеттік арналар да, КТК, Atameken Business, Astana TV, 31-арна және "Еуразия бірінші арнасы" сынды жекеменшік арналар да бар. Азаттық оларға хат жолдап, редакцияға биліктің ықпалы, мемлекеттік тапсырыс және оның талаптары жөнінде сұрады.
Азаттықтың редакция еркіндігі жөніндегі сауалына "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Жүнісова:
– Телеарна бағдарламалары мен сюжеттерінің тақырыптары редакция алқасының шешімі және қоғамдағы өзекті мәселелерге негізделе отырып айқындалады. Редакциялық жұмыс кәсіби стандарттар, ішкі редакциялық саясат және қолданыстағы заңдар талаптарына сәйкес іске асырылады. Сөз және шығармашылық бостандығына Қазақстан Конституциясы кепілдік береді. Цензураға "Масс-медиа туралы" заңның 2-бабы 1-тармағына сәйкес тыйым салынады. "Хабар" агенттігі осы стандарттарды қатаң сақтайды, – деп жауап берді.
Әйтсе де, Хабар агенттігі құрамына кіретін 24KZ арнасының күн тәртібіндегі тақырыптар медиа жоспарға дәл келгенін кездейсоқ сәйкестік деп айту қиын. Мысалы, құжатта "жұмысшы мамандықтар жылын" дәріптеу 8 қаңтарға бекітілген. Сол күні арнаның "Бетпе-бет" және "Күн тәртібі" хабарларында дәл сол тақырып көтерілген. Сол сияқты 10 қаңтарда "ауыл медицинасын жаңғырту" бастамалары дәріптелсе, 13 қаңтарда "Жастарға мемлекеттік қолдау" жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сұхбат берген. Осылай кете береді. Ал контексіне үңілсек, тележүргізуші спикердің насихаттау нарративін толыққанды жүргізуіне мүмкіндік береді, бейтараптық сақтайын деп күрделі сұрақ қоймайды, сол саладағы мәселелерді тілге тиек етпейді.
Журналистер биліктегі AMANAT партиясы форумын бөлек бөлмеден бақылап отыр. Астана, 6 қазан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Азаттықтың "Редакция саясатына билік өкілдері араласа ма, арнайы нұсқаулықтар Ақордадан түсе ме?" деген сауалына "Хабар" агенттігі де, ұлттық арнасы да, Qazcontent те, тіпті биліктегі AMANAT партиясы да "жоқ" деп жауап берді. Айта кетсек, AMANAT-қа қарасты "AMANAT MEDIA GROUP" меншігінде 10 медиа ресурс бар.
– "AMANAT MEDIA GROUP" – партияның ақпараттық саясатын жүйелі түрде жүзеге асыру, елмен тұрақты кері байланыс орнату мақсатында құрылған. Мұндай медиа-холдингтің партия жанынан жұмыс істеуі – халықаралық тәжірибеде кең таралған қалыпты құбылыс. Заң бойынша, партиялар өз медиасын құруға құқылы, – деп жауап берді "AMANAT" партиясының орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов Азаттық сауалына.
Саяси партия өкілінің "әлемдік тәжірибе" деп нақты қай елдерге сілтегені белгісіз. Бірақ редакция бейтараптығын сақтауы үшін саяси күштерге, әсіресе, елдегі ең қуатты саяси партияға тәуелді болмауы керек. Жауапта партия редакциялардың ісіне араласпайтынын да жазған. Бірақ меншігіндегі медиа ресурстардың контентін саралап отырып, партияның бұл мәлімдемесіне көз жеткізу қиын.
"Мүлде шақыруға болмайтын адамдар бар"
Азаттық түрлі жылдары мемлекеттік телеарналарда жұмыс істеген және жұмыс істейтін екі журналиспен сөйлесті. Олар қудалауға ұшырауымыз мүмкін деп, аты-жөнін атамауды өтінді. Кейінгі он жылдан бері елдегі ең ірі мемлекеттік арнада істейтін журналист біздің қолға түскен осы құжатты көргенін, сол бойынша жұмыс та істегенін айтты.
– Мемлекеттік арнада цензура бар және цензура кейінгі жылдары үдеп бара жатқандай көрінеді. Редакция жұмысына бұрын президент әкімшілігі не ақпарат министрлігі араласпайтын. Кейінгі жылдары араласып жүр. Көбіне ақпарат министрлігінде әр тақырыпқа немесе программаға бекітілген кураторлар бар. Олар бағдарламаны қарап, тексеріп отырады. Бұрын жалпы медиажоспарды, апталық тақырыпты сұраса, қазіргі таңда бағдарламада қандай тақырыптар көтерілетінін, оған қандай спикерлер келетінін күнде тексеріп, өздері бекітіп беріп отырады. Сыншылар, тәуелсіз саясаттанушылар эфирге сирек шақырылады. Кей тақырыптар бойынша рұқсат берілсе, шақырылады, бірақ саяси тақырыптарда көбіне ондайға рұқсат бермейді. Мүлде шақыруға болмайтын адамдардың тізімі бар, оны толық бір жерде жинап жүрмеген болса да, мына адамды шақырмаңдар, ол қара тізімге енді немесе енді шақыра беріңдер, қара тізімнен шықты деген сияқты әңгімелер болып тұрады,– деді мемлекеттік арна журналисі.
Атын атамауды өтінген журналистің сөзінше, медиа жоспарда барлық тақырып бекітіліп отырады, көтеруге болмайтын тақырыптар да бар. Мысалы, әскери арасындағы суицид деген сияқты тыйым салынған тақырыптарды қозғауға мүлдем рұқсат етілмейді. Ол мемлекеттік арналарда билік цензурасынан гөрі ішкі цензура көбірек дейді.
– Іштегі адамдардың көбі шамамен қандай тақырыптарды көтеруге болмайтынын, не айтуға болмайтынын, қандай адамдарды сөйлетпеген жөн екенін біліп алған, сондықтан тыйым салынбаса да, іштей цензура жасап, мынаны істемей-ақ қояйық дейтін қызметкерлер өте көп, – деді журналист.
Ресми шарадан хабар дайындауға келген журналистер. Астана, 20 мамыр, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Кейінгі бес жылда үш мемлекеттік телеарнада жұмыс істеген тағы бір журналист цензура бар екенін, әлдебір адамдар редакция саясатына жиі килігетінін айтты.
– Әр кез жолдау не референдум болсын, кәдімгідей тапсырма келеді. Ол туралы әр шығарылымда міндетті түрде хабар таратуың керек. Сосын "Хабарда" президенттің жолдауы жаңалықтар легінде үнемі бірінші тұрады. Президентке қатысты жаңалықтардың барлығы бірінші, екінші, үшінші болып шығып кетуі керек. Мысалы, мен эфирге бір маңызды тақырыпты қоя алмаймын. Себебі президент төмен тұрмауы керек. Сосын есеп жинаймыз. Мысалы, жолдаудан соң ай сайынғы есептер болады. Қай жерде жолдауға қатысты шығарылымдар болды, оны қанша рет көрді, соның бәрін жинау керек. Жолдау не референдум деп, сол шығарылымдар тізімін есепке қосып отырамыз. Ай сайынғы және жарты жылдық есеп болады. Ал спикерлерге байланысты кәдімгі үлкен қара тізім бар. Тіпті бұрынғы архив видеоларды қосып шығаратын болсаң, сол қара тізімдегілер болмауы керек, жай 2-3 секундқа та көрініп қалмауы керек. Солай қиып, тазалап отырасың, – мемлекеттік арнаның бұрынғы журналисі.
Азаттық кейінгі жылдары мемлекеттік арналар жұмысына президент әкімшілігі жиі араласатын болды деген сөзге байланысты Ақордаға сауал жолдады. Президент әкімшілігі сауалға өзі жауап бермей, ақпарат министрлігіне сілтеді. Ал министрлік болса нақты сұрақтарға үңілмей, бұған дейін жолдаған жауабын қайта жүктей салған.
Азаттық президент әкімшілігіне қарайтын телерадиокешен мен премьер-министрдің ресми сайтын жүргізетін "Qazcontent" акционерлік қоғамынан "ұйым менеджменті президент саясатын дәріптеумен ғана айналыса ма, әлде тәуелсіз редакция саясатын ұстана ма?" деп сұрады. Президент телерадиокешені Азаттық сілтеген құжат өндірісте тіркелмегенін жазып, қалған сұрақтарға жауап бермеді. Есесіне, "Qazcontent" менеджменті редакция саясаты тәуелсіз жүретінін, бірақ үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясатын қолдайтынын ашып жазды.
"Qazcontent" АҚ мемлекеттің ақпараттық саясатын қолдайды. Осының аясында редакция оқырманға мемлекетте қабылданып жатқан маңызды шешімдер, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы ақпараттар таратады", – деп жазды "Qazcontent" АҚ басқармасы төрайымы Айна Задабек.
Он шақты газет-журналдың жұмысын үйлестіріп отырған "Қазақ газеттерінің" бас директоры да насихаттаумен айналысып жатқанын жазды. "Бірақ үкімет жұмысын емес, мемлекетшілдікті дәріптейміз" деді ол.
"Қазақ газеттері" серіктестігінің ақпараттық ұстанымы – отандық БАҚ дәстүрін сақтап дамыту, мемлекетшілдік пен елшілдікті үзіліссіз насихаттау. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, салт-санамыз дәйекті, сындарлы болғай!" – деп жауап қатты "Қазақ газеттері" бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Құжатта ондаған жекеменшік интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде миллиондаған көрермен жинап алған пабликтер бар. Азаттық мүмкіндігінше бәріне хабарласып, құжат жөнінде анықтап сұрауға тырысты. ҚазТаг, Tengrinews.kz, ҰлысМедиа, Orda.kz, Stan.kz, Dknews.kz және Arasha.kz редакторлары құжатты бірінші рет көріп тұрғанын және ішіндегі тақырыптар бойынша мемлекеттік тапсырыс алмағанын айтты.
ҚазТаг және Orda.kz сайттарында құжаттағы тақырыптар бойынша контент табылмады. ҰлысМедиа сайтына шыққан мына мақала медиа жоспарға сәйкеседі. Редакция басшысы Самал Ибраева мақаланың үкімет таратқан релиз негізінде жазылғанын, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге редакциясы атсалыспайтынын айтты. Ал Tengrinews.kz digital-бөлімінің бас редакторы Азаматхан Ахмадов мемлекеттік тапсырыс жөніндегі сауалға былай жауап берді:
– Кейінгі бір жылдан бері digital-бөлімнің бас редакторы қызметін атқарып келемін. Бұған дейін сайттағы жаңалықтар легінде шығарушы редактор болдым, одан кейін шеф-редактор, кейінірек арнайы жобалар жетекшісі болып істедім. Осы уақыт ішінде тек өзіміздің редакциялық материалдарды жариялап келдім.
Былтыр Factcheck.kz журналистері Алматы қалалық әкімдігінің республикалық деңгейдегі телеарналар мен интернет-басылымдарға жарнама материалдарын шығаруға тапсырыс бергенін әшкерелегенін айта кеткен жөн. Тапсырысқа кіріктірілгендер қатарында Zakon.kz, Nur.kz, Informburo.kz, Kapital.kz және "ҚазАқпаратпен" қатар Tengrinews.kz басылымы да бар. Бір қызығы тапсырыс беруші ақысы төленген контентке "PR" немесе "жарнама" деп жазылмауын міндеттеген, яғни қазақстандықтар қай журналистік өнімге билік ақша төлегенін білмеуі керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматы әкімдігі билік сыншыларын анықтау үшін мыңдаған доллар жұмсайды: мұндай зерттеу не үшін керек?"Жарнаманы белгілемей жариялау – заң бұзуға жатады"
Мемлекеттің жеке сектордағы медиа ресурстарды қаржыландыруы ашық жүргізілуін талап етіп жүрген"Құқықтық медиаорталық" ұйымының директоры Диана Окремова "азаматтар қай контент өз салығы есебінен қаржыландырылғанын біліп отырғаны дұрыс" дейді.
– Бізде жарнама болса, оны міндетті түрде белгілеу керек қой. Жарнаманы белгілемей жарияласаңыз, ол заң талабын бұзу болып саналады. Ал ақысы бюджет есебінен төленген контент нақты бір тақырыппен, белгілі бір эмоциялық реңкте жазылса немесе мемлекеттің жетістіктерін мадақтау сипатында болса, неліктен мемлекет оны "бюджет есебінен төленген материалдар" деп белгілеудің қажеті жоқ деп есептейді?! Мен мемлекеттің неліктен мұндай қадамдарға барғысы келмейтінін білемін. Қарапайым оқырман, медианарықтағы жасырын нарративтерді түсіне бермегендіктен, материал мемлекеттік қолдаумен шықты ма, жоқ па, айыра алмауы мүмкін. Ал медиа сарапшылар мен кәсіби журналистер мұны байқайды деп ойлаймын. Өз басым толық ашықтықты қолдаймын, – деді Окремова.
Медиа жоспар тақырыптары бойынша контент анализ жүргізгенде назарға іліккен ресурстардың бірде-бір өнімінде "мемлекеттік тапсырыс аясында" не "ақысы төленген" деген дисклеймер немесе редактордың ескертпесі болмады.
Қазақстанның медиа нарығында жеке сектордан қаржыландырылатын ресурстар бар. Бірақ олар биліктен қысым болмас үшін өз құрылтайшысы не доноры кім екенін ашық жария етпейді. Былтыр қабылданған "Масс-медиа туралы" заңға сәйкес, үкіметтің медиа нарықты қаржыландыруы ашық жүргізілуі керек еді. Бірақ әлі күнге дейін билік Қазақстанның интернет сегментіне шығып жатқан қай контентке ақы төлегенін жария етпей келеді. Дегенмен, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елде медиа саласының бірізді дамуына барлық жағдай жасалған" дейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысушылармен бірге түскен сурет. Ақорда, 24 маусым, 2025 жыл.
"Енді ең маңыздысы, әрқайсысыңыз оқиғалар мен үдерістерден ақпаратты объективті түрде таратуға жоғары жауапкершілікпен қарауыңыз қажет", – деді президент биыл маусым айының аяғында мемлекеттік және жеке сектордағы медиа ресурстар журналистеріне марапат таратқан кезде.
Иесі жоқ медиа жоспарға сәйкес тапсырыс алмаса да, кей медиа мемлекеттік гранттарға қатысатынын айтты. Атап айтқанда, nege.kz бас редакторы Ерік Рахым тапсырыс алып жүргенін растады.
"Иә, кейде тапсырыс аламыз. Біздің тақырып – ұлтаралық татулық, оған ешқандай цензура жоқ. Талап біреу-ақ: материал эксклюзив болуы керек", – деп жазды ол WhatsApp мессенджерінен жолдаған жауабында.
Азаттық журналисінің "медиа жоспар бойынша үкіметпен шарт жасадыңыз ба?" деген сұрағына Ерік Рахым: "жалпы, үкімет ешкіммен мұндай шарт жасамайды" деді. "Сонда тапсырысты кімнен және қалай аласыз?" деген сауалға жауап бермеді.
Азаттық LS агенттігіне, kapital.kz, Inbusiness.kz, Toppress.kz, КТК, Еуразия бірінші арнасы, Nur.kz, Zakon.kz, Caravan.kz және Курсив Медиа редакцияларына да хат жолдады. Әзірге ешбірінен жауап келмеді.
Былтыр қазанда 31 арна мен informburo.kz ресурстарын иемденген, президент Тоқаев саясатын ашық қолдайтын "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қорына да ресми сауал жолдадық. Одан да жауап келген жоқ.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.
Dknews.kz бас редакторы Арман Қоржымбаев редакцияға биліктің ықпалы жоғын, бірақ мемлекеттік конкурстарға қатысатынын айтты. Редакция жариялаған контент ішінен медиа жоспардағы тақырыптармен сәйкесетіні табылмады.
– DKnews.kz – коммерциялық негізде жұмыс істейтін БАҚ. Біз кейбір тақырыптарды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу үшін мемлекеттік конкурстарға заң аясында қатысып отырамыз. Алайда бұл мемлекет редакциялық саясатқа араласа алады дегенді білдірмейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша дайындалған барлық материал қолданыстағы заңнама мен журналистік этика нормаларына сәйкес жүзеге асырылады, – деді редакция жетекшісі Қоржымбаев.
Әлеуметтік желілерде Kris P Brothers дейтін паблик бар. Instagram-да оған 2 миллионға жуық қолданушы тіркелген. Желіде атауы соған ұқсас тағы 6 аккаунт бар. Олардың да аудиториясы үлкен. Бұл аккаунттарда көбіне user generated, яғни тіркелушілер түсіріп жолдаған контенттер шығады. Бірақ арасында монтажы сапалы видеолар да бар. Мысалы, мына видео медиа жоспардағы "әрбір қазақстандыққа қолжетімді баспана" тақырыбының дәріптеу мерзіміне келіп тұр. Одан бөлек, мысалы, 10 ақпанда "Солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру" тақырыбына мынадай вижуал жариялаған. Медиа жоспарға сәйкес келетін бұдан өзге де элементтер бар. Мысалы, наурыздың аяғында "мектеп білім ордасы" тақырыбы күн тәртібіне шығуы керек делінген. Ал мамырдың басында әскер қуаты дәріптелуі керек болған, одан кейін қоғамның назарын су тапшылығына бұру керек болған.
Ашық дереккөздерде Kris P Brothers жеке кәсіпкерлігінің негізгі қызметі ақпарат құралдарында жарнама жариялау деп жазылған. Жетекшісі ретінде Владимир Волков есімді азамат көрсетілген. Азаттық онымен тікелей хабарласуға байланыс нөмірін таба алмады, пабликтері арқылы медиа жоспар және мемлекеттік тапсырыстарға байланысты бірнеше сауал жолдады. Бірақ әзірге ешқандай жауап келмеді.
Instagram-дағы Kris P Brothers пабликтері президентті ұлықтайтын мынадай видеоларды да жиі салып отырады. Оны әлдебіреулер дайындап жолдады ма, әлде пабликтің өкілдері дайындады ма, ол жағын анықтау қиын. Сондай-ақ, пабликтерде Алматы қаласы әкімінің жағымды бейнесін қалыптастыратын қысқа видеолар мен фотолар (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) жарияланады. Одан бөлек, Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Асылбекқызы да Kris P-де ( 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) жиі шығады екен.
Әлеуметтік желілер ауқымы кең болғаннан кейін медиа жоспарда аты аталған пабликтердің бәріне хабарласу мүмкін болмады.
Қоғамдық пікірді басқару
24 шілде күні үкімет үйінде журналистерге арналған брифингтеАзаттық тілшісі мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтан "салық төлеушілердің қаражатын мемлекеттік және жекеменшік медиа ресурстарға үкіметтің жұмысын насихаттауға жұмсау қаншалықты дұрыс?" деп сұрады. Шенеунік "бұл – насихаттау емес, түсіндіру жұмыстары" деп жауап берді. Сондай-ақ, вице-министр "мемлекеттік ақпараттық саясатқа игерілетін қаржы құпия емес" деді.
"Бұл – толығымен ашық дереккөздерде бар мәлімет. Республикалық бюджеттің заң жобасында ақша қарастырылған", – деді Ысқақов.
Электронды үкімет порталында үкімет медиа нарыққа жұмсайтын қаражаттың жалпы сомасы көрсетілген. Атап айтқанда, қазақ үкіметі кейінгі жылдары ақпараттық саясатқа жыл сайын 63 миллиард теңге жұмсаған. Биыл 95 миллиард, алдағы екі жылда 91 миллиард теңгеден жұмсамақ. Сол порталда үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясатының контексі де берілген. Бірақ мемлекеттік тапсырыстарды нақты кім алғаны, әсіресе, жеке сектордағы медиа ресурстармен жасалған шарттар туралы еш мәлімет жоқ.
"Құқықтық медиаорталық" ұйымының жетекшісі Диана Окремова Ақпарат министрлігінің "барлығы ашық жүргізіледі" дегені шындыққа жанаспайды дейді.
"Құқықтық медиаорталық" ұйымының жетекшісі Диана Окремова
– Былтыр "Масс медиа туралы" заң қабылданды. Бұл заңда мемлекеттік қаржыландыру жөнінде бөлек тармақ бар. Сол бөлімде қаржыландыру үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етіледі делінген. Заң жобасы талқыланған кезде вице-министр бұл норманы жиі айтып, "енді бәрі ашық болады" деген уәде берген. Бұл мәселе неге туындады? Себебі, 2017 жылы біз ақпарат министрлігінен жекеменшік БАҚ-тарға қанша қаражат бөлінетіні жөнінде ақпарат сұрадық. Ал олар ондай дерек тек "ішкі қолданыс үшін" екенін айтып, бізге бермей қойды. Яғни, бұл қоғамға ашық емес мәлімет саналып отыр. Біз олардың ұстанымына келіспедік және "неге жасырасыңдар?" деген сұрақ қойдық. Олар "егер халық жекеменшік БАҚ-тың бюджеттен қаржы алып отырғанын білсе, сол БАҚ-қа деген сенім жоғалуы мүмкін" екенін айтады, – деді ол.
"Құқықтық медиа орталық" ұйымы жүргізген талдауға сәйкес, 2009-2019 жылдар аралығында үкімет медиа нарыққа 326 миллиард теңге жұмсаған. Бұл қаражат мемлекеттік телеарналарды қолдауға және жеке сектордағы медиа ресурстарға мемлекеттік тапсырыс ретінде бағытталған.
Ал мәдениет және ақпарат министрлігі былтыр "Курсив" басылымына берген дерегінде 2024 жылғы мемлекеттік ақпараттық саясатқа 60 миллиард теңге бөлгенін мәлімдеген. Бұл ақшаға 255 мың мақаланы газетке шығару, 351 мың мақаланы интернет ресурстарға жариялау және 240 мың телевизиялық сюжет дайындау жоспарланыпты. Бұл әдетте үкіметтің жағымды образын қалыптастыруға, прогрессті дәріптеуге негізделеді.
Пропаганданы зерттеуші Ноам Хомский Эдвард Херман есімді экономиспен бірігіп, 1988 жылы "Manufacturing Consent", яғни "Сананы қолдан жасау" атты кітабын жариялаған. Ғалымдар бұл еңбегінде үкімет не саяси күш қоғамдық сананы өзгерту үшін бес түрлі сүзгі пайдаланатынын контент анализ арқылы түсіндірген. Олар – медиаға иелік ету, үгіт-насихат элементтерін кіргізу, сарапшылар легін бақылау, сыртқы қауіппен қорқыту және балама пікір айтқызбау. Біздің зерттеуімізге себеп болған медиа жоспарда осы элементтер бар.
Вице-министр Азаттықты билік бастамаларын дәріптеуге шақырды
Азаттық шілде айында өткен үкімет брифингінен кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтан пропаганда элементтеріне қатысты қосымша сұрақ қойды. Ол мемлекеттік арналар тәуелсіз қызмет етеді, оларға биліктен ешқандай бақылау жүргізілмейді деп сендіруге тырысты. Сондай-ақ, оның сөзінше, мемлекеттік арналарда елдегі проблемалар көтерілетінін, тәуелсіз сарапшылар шақырылатынын айтты. Ысқақов президент Тоқаевтың мәлімдемелері ел үшін маңызды болғандықтан үнемі арналардағы бағдарламалардың басында беріледі деп түсіндірді.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов
– Бұл жерде ешқандай пропаганда көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, бізде журналистердің шығармашылық еркіндігі бар. Егер олар "заң мен тәртіп" маңызды деп санаса, арнайы бағдарлама шығарса, онда тұрған не бар?! Керісінше, біз халыққа "заң мен тәртіп" ұғымын енгізуіміз керек. Ол барлық дамыған мемлекетте өте маңызды нарратив, маңызды ұғым ғой. Сондықтан біз бәріміз оны қолдайық. Азаттық радиосынан да қолдауды сұраймын. "Таза Қазақстан" бар, "жұмысшы мамандар" бар, неге бізге қолдамасқа осы бастамаларды?! Өте маңызды ғой, сондықтан мен Азаттық радиосын шақырамын осы бастамаларды қолдауға, – деді ол Азаттық журналисіне.
Азаттықтың қолына түскен медиа жоспарда Тоқаевтың месседжін дәріптеушілердің аты-жөні де жазылған. Мысалы, қаңтардың екінші аптасында "мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін" түсіндіру тақырыбы сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовқа бекітілген. Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан "жұмысшы мамандықтар жылын" насихаттауға жауапты болған.
Айта кетейік, Ақмәди Сарбасовты шілденің басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ұстады. Экс-шенеуніктің қандай іс бойынша күдікке ілінгені әзірше айтылған жоқ.
Жоспар құрылымына сәйкес, бірінші бағанда негізгі тақырып жазылған. Ал келесі блокта сол бастаманы дәріптеу кезінде айтылуға тиіс тезистер берілген. Мысалы, "жайлы мектеп" ұлттық жобасын насихаттау кезінде спикер биыл қанша жайлы мектеп іске қосылатыны және қанша орта мектепке кешенді жөндеу жүргізілетінін айтуы керек. Одан бөлек үш ауысымды мектептер мәселесін шешу туралы да сөз қозғауға тиіс.
Тапсырмаға сәйкес, контент сұхбат, сюжет, reels және мақала түрінде дайындалады. Құжатта негізгі спикердің есімі де жазылған. "Жайлы мектеп" жобасы бас дәріптеушісі – оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Бірақ ол бұл жобаны насихаттауды қол астындағы шенеуніктерге тапсырған көрінеді.
Мысалы, медиа жоспарда ұлттық жобаны насихаттау 3 ақпанда басталады деп көрсетілген. Сол күні 24KZ телеарнасына оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева сұхбат берді. Сембаева сұхбаттан шығып, сол арнаның "Дневная смена" бағдарламасына да қатысып үлгерген. Ешбірінде "жайлы мектептер" құрылысындағы мәселелер, оларды іске қосу неге кешігіп жатқаны айтылмайды. Мысалы, Exclusive.kz басылымының жазуынша, 2024 жылдың 5 желтоқсанына дейін ел бойынша небәрі 35 жайлы мектеп іске қосылған және бұл сол кездегі жоспардағыдан алты есе аз болған.
3 ақпандағы телебағдарламаларда көбіне әлі жүзеге аспаған жобаның артықшылықтары мен қоғамға тигізуі мүмкін пайдасы сөз болды. Ал тележүргізушілер сарапшыларға күрделі сұрақтар қоймай, тіпті бірі хабарға келген спикерге "жобаның артықшылықтарын тартынбай айта беріңіз" дейді. Журналистика қоғамдық қызмет екенін ескерсек, эфирде жайлы мектептер құрылысының кешіккені, оған білікті мамандар дайындау мәселесі, жобаның білім беру саласындағы теңсіздікті тудыру ықтималдығы ашық талқылануы керек еді.
Стратегиялық коммуникация маманы Дана Саудегерова
– Тұжырымдарға қатысты айтар болсам, меніңше, мемлекеттік ақпараттық блоктың проблемаларды мойындаудан қауіптенбеу керек. Яғни, тек жақсы жағын көрсетіп, проблеманы бүркемелей, алдымен мәселені мойындап, кейін оны қалай шешу жолын көрсетсе болар еді. Әрине, проблемалық сюжеттер бар шығар, өйткені өз басым мемлекеттік телеарналарды көптен бері көрмеймін. Бірақ олар жалпы контенттің өте аз пайызын ғана құрайды деп ойлаймын. Негізінен, студияға шенеунік келіп, бәрі жақсы екенін айтып есеп береді, – дейді PR және стратегиялық коммуникация маманы Дана Саудегерова.
Контент анализ жүргізіп отырып, үкімет жанындағы "Талап" коммерциялық емес ұйымның жетекшісі Санжар Тәтібековті жиі кездестірдік. Міне ол жыл басында 24KZ арнасында жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға шақырып отыр. Тәтібеков мырза 24KZ арнасының тұрақты спикері екен (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) және бір қызығы, тек "жұмысшы мамандықтар жылын" дәріптейді.
"Сан рет қайталаудың салдары орасан екен"
Азаттық дайындаған контент анализге көз жүгірткен медиатренер Халима Тәжіқұл бір тақырыпты түрлі мамандар бірге талқылағанда қоғам мүддесі тұрғысынан ұтымдырақ болар еді дейді.
– Қазір жас зерттеушілер, жас спикерлер көп. Немесе ең болмағанда осы жұмысшы мамандардың өзін сөйлетуге болады. Бізде әр салада озат, білікті, колледж бітірсе де жұмысшы маман болғысы келетін, сол саланың жұмысын жақсы білетін, проблемасын түсінетін және оны шешудің тетіктерін ұсына алатын кадрлар бар. Соларды сөйлетуге болады, – дейді ол.
Мемлекеттік телеарналарда қоғамның эмоциясына әсер ететін сюжеттер жиі көрсетіледі. Әсіресе, биліктің зейнетақы мен шәкіртақыны көтеріп, Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлетінін, көмекке зәру отбасыларға әлеуметтік төлемдерді ұлғайтқанын дәріптегенде, "қамқор билік" нарративі алға шығады. Нақты жоспарға сәйкес, "Ұлттық қор – балаларға", "Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері", "Шағын және орта бизнесті қолдау – экономикалық өсім кепілі", "Қазақстан халқына" қоры және өзге де тақырыптар эмоцияға әсер ету арқылы дәріптелген.
– Жалпы, эмоцияға жүгіну – бұл пропаганданың ең кең таралған әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Иә, бұл әдіс, әсіресе, балалар немесе әлеуеті төмен топтарға қатысты болғанда нәтиже береді. Бақытты ата-аналар, әжелер мен аталар туралы оқиғалар көрсетілгенде, бұл, әрине, бәріне болмаса да, аудиторияның бір бөлігін бейжай қалдырмайды. Бұл нейробиологиялық деңгейде жұмыс істейді: көрерменнің миы ақпаратты қабылдайды, күлімсіреу, қуаныш, күлкі арқылы жағымды сезімдерді тіркейді, позитивті дерек ретінде санада сақталады. Мұндай тәсіл көне заманнан бері бүкіл әлемде қолданылады және бұл Қазақстанның ноу-хауы емес, – дейді стратегиялық коммуникация маманы Дана Саудегерова.
Пропаганда міндетті түрде жалған мәлімет болмайды. Бірақ бір көзқарасты күдіксіз дұрыс деп көрсету, соған сәйкес коммуникация формасын құру қоғамның белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. "How Propaganda Works" дейтін кітаптың авторы, АҚШ-тағы Йель университетінің профессоры Джейсон Стенли осылай деп түсіндіреді. Ғалым медиа кеңістікте бір ұстанымның салмағы артса, демократия үдерістері әлсірей бастайды дейді.
Парламент үйіндегі жиынды түсіріп жатқан телеарналар. Астана, 19 қазан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Журналист, медиатренер Халима Тәжіқұл бір ақпаратты үздіксіз қайталап көрсете беру арқылы оны ақиқатқа айналдыруға болады дейді.
– Пропаганданы зерттеуші, манипуляцияны зерттеушілердің айтуынша, бір месседжді жиі айта берудің салдары болады екен. Сол зерттеушілердің еңбектерін оқығанға дейін мен "қоғам өзі сараптап алады және оған мән бермейді, әрнәрсені айта бергеннен кейін одан жалығады да, елең етпейтін болады" деген ойда жүргенмін. Субъективті пікір ретінде, өйткені мен өзім солай қабылдағандықтан, барлығын өзім сияқты санап жүрсем керек. Бірақ өкінішке қарай, осындай бір пропагандалық месседждерді сан рет қайталаудың салдары орасан екен. Бұл пропаганданың ең күшті тәсілі саналады және оны үздіксіз қайталау эффектісі деп атайды екен. Бұл белгілі бір жалған ақпараттың ақиқатқа айналуына ықпал етеді екен, – дейді ол.
Мемлекет қарамағындағы медиа мен үкімет тендеріне тәуелді ресурстардың медиа жоспардағы тақырыптарды дәл сол мерзімде көтеруі сәйкестік болуы мүмкін. Өзара шарт құжаттары ашық жарияланбайтындықтан, журналистік материалдар медиа жоспармен сәйкесіп, онда билік тармақтарының жұмысын жарнамалау элементі болса да, оларға ақы төленді деп айту мүмкін емес.
Мысалы, 15 қаңтарға "әр қазақстандыққа қолжетімді баспана" тақырыбы жоспарланған. Үкімет таратқан пресс-релизде былтыр пайдалануға 172 мың баспана пайдалануға берілгені және бұл рекордтық көрсеткіш болғаны жазылған. Бірақ тұрғын үй бағасы қандай екені, әлеуметтік қолдау арқылы пәтер алуға талпынған азаматтар мен үйсіз отбасылар саны қалай өзгергені туралы мәлімет айтылмайды. Әрине, пресс релизді үкіметтің баспасөз қызметі дайындайды. Оған журналистің бейтараптық принципін міндеттей алмаспыз.
Бірақ дәл осы релиздегі деректерді көшіріп басқан журналистердің "үкімет дәріптеген жетістік" қоғамдағы баспана мәселесін қаншалықты шешкеніне де үңілгені маңызды болмақ дейді бақылаушылар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекеттік тапсырыс журналистика табиғатына қайшы". Донат жинау баспасөзді құтқара ма? ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекет неткен керемет деп жазуға тура келеді". Аймақтағы баспасөздің халі нешік?