АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ХАМАС тобымен кепілге алынған адамдарды босату туралы "өте терең келіссөз" жүргізіп жатқанын мәлімдеді. ХАМАС тобы Израильде, АҚШ-та және Еуроодақта террористік ұйым деп танылған.
Трамптың сөзінше, АҚШ палестиналық топтан 2023 жылғы 7 қазанда тұтқындап алып кеткен барлық адамдарды дереу босатуды талап етіп отыр. АҚШ президенті кепілге алынғандар арасында тірі деп есептелген кейбір адамдар жақында қаза тапқан болуы мүмкін деді. Әйткенмен, ол нақты дерек келтірмеді.
АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф Қатардың ресми тұлғаларымен Парижде кездесіп, ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату және тұтқын алмасу мүмкіндігін талқылаған деп жазды БАҚ. Трамптың сөзінше, келіссөздерге оның күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысып жатыр. Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде Кушнер Ақ үйдің аға кеңесшісі қызметін атқарған еді.
Кепілге алынған адамдардың туыстарының форумы АҚШ президентіне табандылығы мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Олар билікке қоғамдық қысым жасау күшейіп жатқанын, мыңдаған адам соғысты тоқтатуды және тұтқындарды үйіне қайтаруды талап етіп, көшеге наразылық акциясына шығып жүргенін айтты.
Ал бұл кезде Израиль қоғамында үкіметтің ХАМАС-қа қатысты тактикасына байланысты дау-дамай өрши түсті. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху қатаң шарт қоюды жалғастырып отыр: Израиль билігі ХАМАС-тан кепілдегі адамдардың бәрін босатуды, Газа мен ХАМАС тобын толық қарусыздандыруды және қауіпсіздік жағдайын Израиль бақылауында ұстауды талап етеді.
Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) болса Газа қаласын басып алуға дайындықты жалғастырып жатыр. Израиль басылымдарының дерегінше, ЦАХАЛ ХАМАС кепілге алынғандарды басқа жерге көшіруі немесе оларды "тірі қалқан" ретінде пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. Әскери басшылық операция бірнеше айға созылып, кепілдегі адамдардың өмірін одан сайын қатерге тігуі ықтимал екенін ескертті.
ХАМАС тобы "жан-жақты келісімге" дайын екенін мәлімдеді. ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың бәрін Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарға айырбастауды және Газада "технократтар әкімшілігін" құруды ұсынды. Израиль үкіметі бұл ұсынысты "саяси айла" деп, оған келіспей отыр.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Газа секторында жихадшылар қолында 48 адам қалып отыр, олардың 26-сы қаза тапқан деп жарияланған. Израиль билігі Трамптың тірілер қатарындағы кейіреулер қаза тапқан болуы мүмкін деген сөзіне әзірге түсініктеме берген жоқ.