Трамп: АҚШ, Ресей және Украинаның үшжақты кездесуі өтеді

Дональд Трамп және оның кабинет мүшелері

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей және Украина, АҚШ басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу өтетініне сенімді. Бұл жөнінде Daily Caller басылымына берген сұхбатында Трамп айтты.

"Екіжақтыны білмеймін, үшжақтысы өтеді" деді Трамп. Бірақ кездесу мерзімі мен орны жөнінде айтпады.

АҚШ президенті Путинмен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан соғысты жылдам тоқтата аламын деп ойлағанын, алайда тараптар бейбітшілікке дайын емес сияқты деді. Ол Ресей мен Украинаны жан-жағы "доғарыңдар" деп ескертсе де, төбелесуді қоймаған "балалармен" салыстырып, ерте ме, кеш пе, олар өздері қояды деді. Соғысты жалғастыруды "ақымақтық" деп атады.

Трамп сонымен бірге Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесіне де тоқталған. Оның айтуынша, Америка сарбаздарын Украинаға жібермейді және қажет болған жағдайда АҚШ қол ұшын беруге дайын. Президент сонымен бірге АҚШ Украинаға қару-жарақтарын тіке жібермейді – НАТО елдеріне сатады деді. Олар өз кезегінде Украинаға жеткізеді.

Трамп Зеленскийдің Ресей мен Украина басшыларының кездесуі керектігі туралы ұсынысты қолдап, одан кейін үшжақты кездесу өтуі мүмкін екенін айтқан. Кремльдегілер Путин мен Зеленский оған алғышарт пайда болған жағдайда мүмкін екенін айтқан. Трамптың үшжақты кездесуі туралы мәлімдемесіне Кремль түсініктеме берген жоқ.