Your browser doesn’t support HTML5
Aitu: қауіпсіз қосымша ма, бақылау құралы ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерін қолдануға шақырып жатқан Aitu деген қандай қосымша? Хат-хабар алмасуға, төлем жасауға, мемлекеттік органдарға өтініш беруге, кино көріп, музыка тыңдауға және жаңалық оқуға арналған әмбебап қосымшаның тіркелу жолы қарапайым. СМС-код алып, әп-сәтте кіресіз.
Кодты енгізгенде, нөміріңіз egov.kz порталында тіркелген болса, аты-жөніңізді өзі-ақ шығарады. Яғни, Aitu Қазақстан азаматтарының жеке деректеріне белгілі бір деңгейде оңай қол жеткізеді.
Қолданбаның сынға ұшырап жатқаны да осы жері. Қос факторлы аутентификация жоқ. Цифрлық құқық мамандары тек СМС-кодпен кіруге рұқсат ететін платформаларды хакерлер оңай бұза алады дейді. Платформаны жасаушылар 2024 жылы желтоқсанда ай сайын 300 мыңдай адам Aitu-ды белсенді қолданады деген.
Елде ондаған мың мемлекеттік қызметкер, миллиондаған квазимемлекеттік ұйым қызметкері барын ескерсек, тіркелушілер саны анағұрлым ұлғаюы мүмкін.
20 тамызда журналист Николай Энелане әлдебір мекеменің баспасөз хатшысынан өзіне қажет мәлімет сұрады. Бірақ Энеланенің сөзінше, баспасөз хатшысы ондай ақпаратты тек Aitu мессенджерімен жібере алатынын айтып жауап берген. Қазақстандықтар әдетте түрлі қосымшалармен хат алмасады. Мекеме өкілінің тек осы платформаны ұсынуы журналиске күдікті көрінген.
"Көпшілік отандық [Aitu] мессенджеріне сене қоймайды. [Баспасөз хатшысының әрекеті] қаншалық заңды, әлде бұл бәріміз отандық сервиске көшіп, бізді өзіміздің арнайы орган қызметкерлері ғана оқуы керек деген сөз бе?" – дейді Николай Энелане.
Журналистің жазбасы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерді аталмыш қосымшаға көшіру керегі туралы айтып жатқан кезде жарияланды. Тоқаев 11 тамызда жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жиында қазақстандық мессенджер жайына тоқталған. Осыдан кейін министрліктер Aitu-ды біраздан бері қолданып жүргенін айта бастады.
– Aitu-ды негізгі мессенджер ретінде қолдана бастадық. Министрліктің бүгінгі хабарламалары мен ортақ чаты осының ішінде, – дедікөлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Журналистер мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің бастамасын шетелдік платформаларды тежеп, әлемнен оқшауланып жатқаны айтылатын Ресейдің әрекетіне ұқсатты.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов
– Авторитарлық-тоталитарлық жолға түсе бастаса, әрине, олар өз құрылымдарын құруды таңдауы мүмкін, бұл туралы бұрыннан айтылып жүр. Бұл интернетті жабуға себеп болады, ондай жағдайда Ресей секілді "қапаста" қаламыз: Ресей барлық қосымшалардан, мессенджерлерден бас тартып, баламасын жасап, өзін бүкіл әлемнен оқшаулап отыр, – қазақстандық "Либерти" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов.
Заңгер Ержан Есімханов билік Aitu-ға алдымен мемлекеттік қызметкерлерді кіргізіп, кейін олармен қарым-қатынас жасайтын басқа да азаматтарды соны пайдалануға еріксіз мәжбүр етеді дейді. Оның пікірінше, мемлекет азаматтардың жеке деректеріне бәрібір ие бола алмайды.
"Мемлекеттік органдардың жұмысына жасанды интеллектіні жаппай қолдануды тапсырып жатқан мемлекет басшысы оны әлдеқашан жаппай қолданып кеткенін біле ме екен? Бұған бәс тіге аламын. Жылына ондаған, жүздеген мың данамен жасалатын ішкі құжаттар, анықтамалар, қызметтік жазбалардың кемінде жартысы чат-боттардың көмегімен жазылады. Солардың көмегімен баспасөз релиздері, сот шешімдері, хаттар мен келісімшарттар дайындалады. Мұндай құралдар қалтаңда дайын тұрған анықтамалық құралмен пара пар. Мен "блогерлер ісі" бойынша сөйлескен салық қызметкерлері де блогерлердің табысын "ChatGPT " арқылы есептегенін мойындаған, – деп жазды Ержан Есімханов Facebook-постында.
Қоғамда сын жиілегенде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеме таратып, WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерге тыйым салынбайды деді. Ақпаратта аталмыш қосымша мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға қызметтік хат алмасу, жұмыс чаттарын құру, жедел хабарлама жөнелту және мемлекеттік цифрлық платформалармен жұмыс істеу үшін керек екені жазылған. Басқа азаматтарға оны қолдану міндеттелмейді деген.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:
"Оның басты артықшылығы – барлық серверлер Қазақстан аумағында орналасқан, бұл деректерді қорғау талаптарына сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін сенімдірек етеді".
Үкімет бұл мәлімдемесімен өздері "ұлттық қосымша" деп дәріптеген Aitu қолданбасына азаматтардың сенімін арттыра алды ма, жоқ па, белгісіз. Ал журналистердің мессенджерге кім иелік ететінін білгісі келді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев құрылтайшылардың бірі үкіметке қарасты "Қазақтелеком" компаниясы екенін айтты, бірақ тағы кімдер барын құпия қалдырды.
Сонымен Aitu қосымшасы кімдікі? Бұл – цифрлық өнімдер әзірлейтін BTS Digital компаниясының жобасы. Электронды үкімет порталына жүгінсек, BTS Digital-дың құрылтайшысы Phoenix Fund Limited Partnership деген кәсіпорын. Ал оның артында министр айтқан "Қазақтелеком" мен тағы басқа екі мекеме тұр.
Біріншісі – Digital Opportunities I Limited деген компания. Қожайыны – Олжас Өкенов деген адам.
Екіншісі – әйгілі ERG тау-кен өндіруші компаниясының құрамындағы ERG investments projects компаниясы. ERG-ге Қазақстан үкіметі және миллардер Патох Шодиев, 2021 жылы қайтыс болған олигарх Алиджан Ибрагимовтың ұлы Шухрат және Эдуард Сурлевич деген адам иелік етеді. ERG-ге биыл өмірден өткен бай Александр Машкевич те құрылтайшы болған. "Орда" сайты Эдуард Сурлевич оның жақын адамы, сондықтан орнын басты деп топшылайды.
Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек
Айта кетейік, 2018 жылы BTS Digital-да білім беру жобаларына жетекшілік етіп жүрген Саясат Нұрбекдиректор болған еді. Кейін ол Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Aitu қолданбасы сол тұста, 2018 жылы пайда болған. Президент Тоқаевтың 7 жыл бұрын шыққан қолданбаға көшу туралы биылғы бастамасы көрші Ресей билігінің шетелдік қосымшаларды шектеп, ресейлік MAX деген мессенджеріне ауысып жатқан кезімен сәйкес келді.
Ресей де MAX-ты "отандық мессенджер" деп әспеттейді. Aitu секілді түрлі қызметтер алуға, әсіресе, мемлекеттік қызметтер алуға ыңғайлатылған. Оның да қауіпсіздігіне сын көп. "Дойче велле" басылымы ақпарат шифрланбайды, яғни, бөгде адамдардың оқу ықтималдығы жоғары деп жазды. Басылымның ақпаратынша, Ресейде онлайн платформалардың құзырлы органдарға жеке адамдардың дерегін беру үрдісі бар. MAX-тың иесі билікке жақын адамдар. Нақты айтсақ, VK, яғни "Вконтакте" компаниясына тиесілі. Оның артында "Газпром" энергетика компаниясы тұр. "Вконтакте" басшысы – президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенконың ұлы Владимир Кириенко. Бұдан бөлек Ресей құқық қорғау органдарына алаяқтық пен терроризм істері бойынша ақпарат бермеді деп шетелдік платформаларды айыптап, Telegram мен WhatsApp-қа ішінара шектеу қойғаны белгілі.
Қазақстанның тағы бір көршісі Қытайдың да бірнеше әлеуметтік желісі бар. Соның ең танымалы WeChat деп аталады. Батыс елдері қосымшаны пайдаланушыларды Қытай билігі бақылайды деп қауіптенеді. Канада WeChat-ты үкіметтік құрылғылармен қолдануға тыйым салған.
Британдық ВВС медиасы үкіметке тәуелді платформалар әзірлеу көбіне әлеуметке бақылау жүргізетін авторитар елдерге тән деп жазды. Қытай, Ресей және Қазақстан билігі, керісінше, азаматтардың деректерін қорғаймыз дейді.
Азаттық мемлекеттік қызметкерлердің Aitu мессенджеріне көшуі жөнінде цифрлық құқықты зерттеуші Дана Мәліковамен сұхбаттасты. Сарапшыны мемлекет азаматтардың қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейге кепілдік беріп отыр ма деген сауал алаңдатады.
– Aitu қосымшасы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, қазақстандықтардың цифрлық қауіпсіздігі жайлы ойлануымыз керек. Қазақстанда цифрландыру процесі жылдам жүріп жатқанын, жаңа цифрлық шешімдер жедел қабылданып жатқанын ескерсек, мұның артынан түрлі қауіп-қатерлер туындауы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Біз қауіп-қатерге қаншалықты дайынбыз және оның салдарымен күресуге қабілеттіміз жеткілікті ме деген сұрақ та туындайды. Мұны әрбір азамат ойлануға тиіс, себебі цифрлық кеңістікте әркім өзі үшін жауапты. Проблема тауып алып, оны шешудің жолын іздегеннен, алдын алу әлдеқайда оңай. Десе де азаматтарға байланысты емес нәрселер де бар. Мысалы, жаңа технологиялық қадамдар жасап жатқан үкіметтің адамдарға заңнамалық жолмен қатар техникалық деңгейде қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндігі жете ме? Үкімет қауіп болдырмауға, қорғауға, бола қалған жағдайда салдарымен күресуге қаншалықты дайын? Қазақстанда деректердің сыртқа таралып кеткені туралы фактілер көп, оның үстіне мемлекеттік мекемелерден де таралып кеткенін білеміз. Оған қоса интернет-алаяқтықтың деңгейі жоғары. Интернет-алаяқтар көптеген адамды алдағанын білеміз, – деді Дана Мәлікова.
Сарапшының сөзінше, бұл қосымша телефон ішіндегі басқа платформаларға қаншалықты еніп, дерек ала алатыны әзірге түсініксіз. Сондықтан мемлекет қызметкерлерге бөлек жұмыс телефонын ұсынғаны абзал дейді ол.
– Мен мемлекеттік қызметкер болсам, қолданбаны жеке құрылғыма орнатар ма едім? Оның үстіне бұл қосымша туралы әлі толық түсінбей жатырмыз. Бұл платформа телефондағы бұрын орнатылған әртүрлі бағдарламалар мен деректерге қаншалықты қол жеткізе алады? Мемлекеттік органдар қызметкерлеріне жұмысқа арнап бөлек телефон бере ме, жоқ па? Бұл мәселе өте маңызды, өйткені, заң жүзінде, жеке құрылғыңызға қандай да бір бағдарламаны орнатқыңыз келмесе, сізді ешкім мәжбүрлей алмайды... Егер үкімет шынымен әрбір мемлекеттік қызметкерде осы қосымша болғанын қаласа, онда арнайы жұмыс телефондарын беруді ойлауы керек, – деді Дана Мәлікова.
Маман Aitu қосымшасындағы кез келген ақпаратты құзырлы органдар, үкімет оңай иелене алады дейді.
– Оператор "Қазақтелеком" компаниясы екенін де ерекше атап өту керек. Ал "Қазақтелеком" қалай болғанда да үкіметке бағынышты. Кез келген қажетті деректі оңай сұрата алады. Бұл жерде үкіметтің саяси мүддесіне қатысты мәселе де туындайды. Мемлекеттік қызметкерлермен қатар тағы бір үлкен топ қатерлі аймақта тұр. Олар – белсенді азаматтар, құқық қорғаушылар, журналистер. Онсыз да қысымға ұшырайтын оларға мұндай жағдайда, әрине, қосымша қауіп төнеді, – деді Дана Мәлікова.
Ресми Астана елде ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
Қазақстанда халық көбіне WhatsApp, Telegram мессенджерлерін қолданады. Facebook-тің мессенджері де осы қатарда. Америкалық Signal қосымшасын пайдаланатындар да бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мемлекеттік қызметкерлерді ұлттық Aitu мессенжерін пайдалануға міндеттемек. Оны ресейлік Max-пен салыстыратындар да бар