Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Жамбыл облысында шекарада атыс болды деген ақпаратты терістеді.
"Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды” деп жазылған ҰҚК хабарламасында. Ведомствоның хабарламасын жергілікті ақпарат агенттіктері таратты.
Halyqstan телеграм-арнасының жазуынша, 10 қыркүйекке қараған түні үштер шамасында Жамбыл облысы Мерке ауданы “Мерке” шекара бекетінің қызметкерлері “шекараны заңсыз кесіп өтпек” болған үш ер адамды ұстаған. Олардың арасында “денсаулыққа ауыр зиян келтіру” баптары бойынша күдікке ілінген екі адам бар. Үшіншісі Тәжікстан азаматы болып шыққан. Бұған дейін кейбір дереккөздер атыс болғанын хабарлаған еді.
Informburo-ның жазуынша, тамыз айында шекара қызметі “шекараны бұзған” 39 шетел азаматын ұстағанын хабарлаған.
"Мерке" бекеті – Жамбыл облысы Меркі ауданының таулы өңірінде орналасқан.