Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Донбасты "максимум төрт айда" толық басып алатынын айтқан. ABC News арнасына берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленский осылай деп айтты.
"Бұл жауынгерлік дайындығы мықты әскермен нығайтылған бөлік. Ол қамал сияқты...Егер әскерімізді әкетсек, ол тұтас Донбасты алады. Одан әрі қарай - Харьковке қарай 90 шақырым жылжымайды дегенге кім кепілдік береді? Ол әрдайым Харьковты алғысы келген" деді Зеленский.
Бұған дейін Путин 15 тамызда Аляскадағы екіжақты кездесу кезінде Трампқа Украина бойынша "бейбітшілік жоспарын" таныстырғаны жөнінде ақпарат шыққан. Ол жоспарға сәйкес, Украина Ресейге Донбастың басып алынған аумағын беруі керек, Кремль есесіне оған қарсы соғыс бастамайтыны жөнінде жазбаша хат береді.
"Ол президент Трамппен қатты кездескісі келді және Путиннің соған қол жеткізуі – қайғылы" деді ол. "Путин менімен кездескісі келмейді, бірақ АҚШ президентімен кездескісі келеді, ол әлемге өзінің кездесуінен сурет пен видеоларды көрсеткісі келеді" деді ол.
Ақ үйде 18 тамызда Зеленский және Еуропа басшыларымен келіссөзден кейін Дональд Трамп Украина мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуін ұйымдастыратынын айтқан. 3 қыркүйекте Путин Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін білдірген.
"Менің елімді ракетамен атқылап жатқанда Мәскеуге бара алмаймын. Бұл айдан анық болып тұрған нәрсе және ол мұны жақсы біліп отыр" деді Зеленский. Оның сөзінше, Путин мұны "уақытты созу үшін" айтып отыр.