Зеленский "рашизм" ұғымына анықтама берілген заңға қол қойды

Украина президенті Владимир Зеленский «Украина халқының ұлттық жадыға қатысты мемлекеттік саясатының негіздері туралы» заңға қол қойды. Онда «рашизм» ұғымы ресми түрде бекітілді деп хабарлады Украинаның Жоғарғы радасы.

Заңда рашизм ұғымына “басқыншы мемлекетте (Ресейде) қалыптасқан, режимнің түп тамырында жатқан және ресейлік шовинизм мен империализм дәстүрлеріне, КСРО коммунистік режимінің тәжірибесіне және нацизмге негізделген тоталитарлық идеология мен тәжірибенің жаңа түрі” деген анықтама берілген.

Заңда украин тілі мен мәдени мұрасының жадысын Украинаның ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі ретінде қорғау қажеттігі жазылған.

"2014 жылдың ақпанында басталған Украинаға қарсы қарулы басқыншылықта агрессор-мемлекет тарихи оқиғаларды бұрмалады. Украин халқын тарихи жадысынан айыру ұмтылысы - Ресейдің қарулы басқыншылығының бір бөлігі” деп жазылған құжатта.

Заңда сонымен бірге «Украинаның тәуелсіздігі үшін соғыс», «ұлттық жады», «Украина тарихына қарсы пропаганда», «украин халқына қарсы қылмыс» сияқты ұғымдарға анықтама берілген. Құжат Украина тарихы бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізу және ел тарихын кеңінен насихаттауға жан-жақты мемлекеттік қолдауды бекітеді.

«Рашизм» термині 2008 жылдың тамызында Ресей әскері Грузияға басып кіргеннен кейін қолданыла бастады. Кейінірек Украинада «Ресей билігінің идеологиясы мен тәжірибесі» ретінде анықталып, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін қолданыла бастады. 2022 жылдың ақпанында соғыс басталғаннан кейін кеңінен таралды.