7 қыркүйекте Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кететінін жария етті. Бұл шешімге шілде айында Жапония парламентінің жоғарғы палатасы (кеңесшілер палатасы) сайлауында биліктегі Либерал-демократиялық партияның (ЛДП) кейінгі 70 жылда алғаш рет көпшілік орын ала алмағаны себеп болды.
Сайлаудан кейін іле-шала жасаған мәлімдемесінде Исиба қызметінде қала беретінін айтқан еді. Алайда жексенбі күні Токиода өткен баспасөз мәслихатында ол отставкаға кету жайлы шешімін АҚШ-пен сауда келіссөздерін аяқтау туралы ниетімен байланыстырды. Келісімге қол қойылғаннан кейін 68 жастағы Исиба "жаңа буынға тізгін тапсыратын кез келгенін" айтты.
Жапон басылымдары Исиба партия ішіндегі алауыздыққа жол бермеу үшін отставкаға кетуге мәжбүр болды деп жазып жатыр. Өйткені ЛДП қатарындағы бірқатар қайраткерлер халық арасында беделі төмендеген премьердің биліктен кетуін талап еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жапониядағы сайлау биліктегі коалицияны әлсіреттіИсиба үкіметті бір жылдан аз уақыт басқарды. Енді ЛДП жаңа премьер-министр болуға үміткерді таңдап, ұсынады. Ол адам партияның ішкі сайлауында анықталады. Жаңа көшбасшы сайланғанға дейін Исиба премьер-министр міндетін атқара береді.
Reuters агенттігінің жазуынша, премьер-министр лауазымына ЛДП-дан үміткер болуы ықтимал адамдардың қатарында былтыр партия ішінде болған сайлауда Исибадан жеңілген Санаэ Таикати мен қазіргі министр, бұрынғы премьер Дзюнъитиро Коидзумидің ұлы Синдзиро Коидзуми бар.
• Либерал-демократиялық партия – Жапонияның ең ірі саяси күші. Бұл партия 1955 жылы құрылғаннан бастап жиынтығы төрт жылдық үзіліспен билікте отыр. 2009 жылдан бері ЛДП "Комэйто" партиясымен бірге билік коалициясын құрып, басқарып келеді.
• Былтыр либерал-демократтар төменгі палатадағы көпшілік орыннан айырылғанымен, коалиция бойынша серіктестерінің жәрдемімен билікте қалған. Ал биыл шілдедегі сайлауда ЛДП жоғарғы палатадағы үстемдігінен айырылып қалып, сарапшылар әсіреоңшыл "Сансэйто" партиясының айтарлықтай табысқа жеткенін айтқан.