Оралда 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және қымбатшылықты тоқтатуды талап етпек болған белсенділер митинг өткізуге рұқсат ала алмады
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған әкімдіктің жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған.
Хатта сонымен бірге “ережені бұзып, алаңға өз бетінше барып, бейбіт жиын ұйымдастырғандар” 488-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы ескерту бар. Хатқа Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі міндетін атқарушы Е.Нагимов қол қойған.
Орал белсенділері Маруа Ескендірова, Раиса Кариева, Бекболат Өтебаев және өзге де белсенділер тамыз айында да қымбатшылыққа қарсы және зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруды, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, митинг өткізгісі келген. Алайда жергілікті атқару билігі рұқсат бермеген.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобының жазуынша, митинг тақырыптарының арасында ЕҚЫҰ және ЕАЭО-дан шығу туралы талап та жазылған.
Құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 7 қыркүйек аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт жиын өткізу туралы 704 өтініш қанағаттандырылмаған. 18-і биыл тіркелген.
2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.