ЖАҢАЛЫҚТАР
Назарбаев Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Бұл туралы “БЕЛТА” агенттігі Белорусь басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Хабарламада "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы Беларусь мемлекетінің басшысы Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады "делінген.
Бұл ақпаратта Ресей президентi Дмитрий Медведевтің сайлау нәтижесіне оң көзқарас танытқанды да айтылған.
Басқа да жаңалықтар
Қазақстан шетелдік студенттерге виза беру шартын қатаңдатпақ

Қазақстан шетелдік студенттерге виза беру тәртібін қатаңдатып, Қазақстанда оқығысы келетін шетелдіктерді толық тексерістен (background check) өткізбек. Бұл туралы ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке сілтеп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Қазақстан осы арқылы студентпін деп елге кіріп, жұмыс істейтін мигранттарды алдын алмақ.
"Біраз елде виза алу жеңіл болғандықтан келеңсіз жағдайлар болған. Бангладештен көп адам оқу үшін емес жұмыс істеуге келген. Немесе Ауғанстаннан келгендер Еуропаға транзитпен кетуді ойластырған. Қазір біз виза жасау ыңғайлы әрі қауіпсіз болу үшін сыртқы істер министрлігімен, ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз" дейді Саясат Нұрбек.
Министр егер Қазақстанда да студенттік визаны алу жеңіл болса, оқимын деп келіп жұмыс істейтін мигранттары көбейеді деп санайды.
Қазір Қазақстанда студенттерге оқу визасы бір жылға беріледі. Шетелдік студенттер жыл сайын визасының уақытын создыруы тиіс. Министрдің пайымдауынша, шетелдік студенттер визасын создыру үшін "көмектесетіндер" іздеп, ақша ұсынуы мүмкін.
Қазақстан енді шетелдік студенттерге визаны оқуы аяқталғанша бермек. Бірақ background check жасамақ. Яғни, студенттің жеке басын, құжаттарының рас-өтірігін толық тексерістен өткізеді.
Бұған қоса министр Саясат Нұрбек Қазақстан талантты студенттердің елде қалуына мүмкіндік жасап "уақытша тұру құжатын" беретінін мәлімдеді.
Қазір Қазақстан университеттерінде Үндістан, Пәкістан, Бангладештен келіп оқитын студенттер көп. Олардың көбі Алматы университеттерінде.
Қытай Түркіменстандағы "Галкыныш" кенішін игеруге қатысады

Қытай "Галкыныш" газ кенішінің төртінші кезеңін игеру бойынша ірі халықаралық тендерді ұтып алды. Бұл жөнінде 2 қыркүйекте Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесу кезінде президент Сердар Бердімұхамедовтің айтқанына сүйенген түркімен ақпарат құралдары жазды.
Бердімұхамедовтің айтуынша, Түркіменстан мен Қытай арасындағы газ әріптестігінің басты принциптері туралы негізгі келісім жобасы әзірленген және әрі қарай бұл әріптестік бас келісімде айтылған принциптер негізінде дамиды.
15 жылдан бері істеп тұрған "Түркіменстан - Қытай" газ құбыры түркімен және қытай экономикалық әріптестігінің көрнекті үлгісі ретінде аталады.
Ақпаратқа қарағанда, Си Цзиньпин Түркіменстанмен осы саладағы әріптестік Қытай үшін үлкен мәртебе екенін атап өтіп, Қытай жағына жағдай жасағаны үшін алғыс айтқан.
Ресми мәлімет бойынша, "Галкыныш" газ кенішінде "Яшлар және "Қаракел" кеніштерін қатар есептегенде 27 трлн текшеметр газ қоры бар.
Банктер өз қызметкерлерінің қылмыстық топқа қатысы жөнінде прокуратура хабарламасын терістеді

Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі және Alatau City Bank (бұрынғы Jusan bank) Ақмола облысының прокуратурасынан өз қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топқа ықтимал қатысы жөнінде ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді. Ақпаратты 2 қыркүйекте жергілікті ақпарат құралдары таратқан.
Аталған банктер ортақ мәлімдеме таратып, прокуратурадан түсініктеме сұрады. Олар қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлерінің іске қатысын дәлелдейтін фактілер жоғын айтты.
"2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы банк қызметкерлерінің қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ туралы ақпаратты жариялады. Банктер аталған тергеуге бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің қатысы бар жөнінде прокуратурадан ресми хабарлама алған жоқ" деп жазылған мәлімдемеде.
Банктер ресми материалдарға қол жеткізген жағдайда құқық қорғау органдарымен әріптестік орнатуға дайын екендерін білдірді.
Ал Қазақстанның қаржы қауымдастығы мемлекеттік органдарды "қаржы институттарының іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін нәзік тақырыптар бойынша мәлімдемелерді әбден пысықтап барып" таратуға үндеді.
2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы "банкирлердің ұйымдасқан қылмыстық тобы" бес жыл бойы жағдайы төмен азаматтарды ұрлап, атына несие рәсімдегені жөнінде мәлімдеме таратқан.
Ведомствоның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына Қазақстанның түрлі өңірінен 25 адам кірген: арасында қаржы нарығын реттеу агенттігі орталық аппараты мен Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі, Jusan bank (қазіргі Alatau City Bank) қызметкерлері бар.
"Қылмыстан 348 азамат зардап шеккен, 3,7 млрд теңге шығын келген" деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.
Ведомство сонымен бірге құқық қорғау органдары күдіктілерден құны 2,7 млрд теңге болатын мүлік тәркілегенін айтты. Прокуратура мәліметінше, ұйымдасқын қылмыстық топ мүшелері "қылмыспен тапқан ақшаға Алматыдан пәтер мен жер телімдерін, қымбат көліктерді" алған.
Күдіктілердің барлығы уақытша қамау изоляторында отыр.
Трамп: Путин мен Зеленский "әзірге" кездесуге дайын емес

АҚШ президенті Дональд Трамп CBS телеарнасына берген сұхбатында Украинадағы соғысты аяқтауға әлі де күш салатынын мәлімдеді.
"Әзірге олар [тіке келіссөзге] дайын емес. Дегенмен бір нәрсе болуы керек. Мақсатымызға жетеміз" деді Трамп.
Ол кейінгі кезде айналысқан мәселелердің арасындағы ең қиыны әрі күрделісі "Ресей мен Украина соғысын реттеу" болғанын мойындады.
Трамптың айтуынша, дипломатиялық келіссөздердің көбіне ол мынадай тәсіл қолданады: мемлекет басшыларын бір жерге жинап, бетпе-бет кездестіріп, барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, оларды бейбіт келісімге көндіру.
Бұған дейін АҚШ президенті бейсенбі, 4 қыркүйекте Парижде коалиция саммитінен кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізетінін айтқан.
Соғыстан кейін "Украинада әскерін орналастыруға ықылас білдіргендер" коалициясы бүгін Парижде бас қосады. Қазір Парижде жүрген Зеленский Франция басшысы Эммануэль Макронмен кездесу өткізген.
"Немолчи" қоры: Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, азаптаған

Алматы облысында екі әйел 16 жастағы жасөспірім қызды ұрып-соғып, азаптап, суға батырған.
Бұл жөнінде "Немолчи" қоры жазды. Қордың дерегінше, екі әйелдің бірі ауыл әкімдігінде істеген.
Қордың жазуынша, 29 жастағы екі әйел қыз баланы ұрып-соғып, денесін темекімен күйдірген, суға батырған, жыныстық сипатта күш көрсеткен, өздерінің қол-аяғын сүйдіртіп, соның бәрін видеоға түсірген. Ізінше "видеоматериалдарды таратамыз" деп одан үш миллион теңге талап етіп, бопсалаған.
Қордың айтуынша, видео тарап кетіп, барлық ауыл тұрғыны хабардар болған.
Ақпаратқа қарағанда, әйелдердің бірі "қызғаныштан осындай әрекетке барған". Ол "жүріп жүрген жігітінің телефонынан жасөспірім қыздың байланыс нөмірін тауып алған".
Полиция кәмелетке толмаған балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, дене жарақатын салу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Екі әйел ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Полиция жеке деректердің таралып кетуіне қатысты да тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.
Алматыда белсенді Айжан Мамешова ұсталды

Алматыда белсенді Айжан Мамешова 48 сағатқа қамалды. Бұл жөнінде заңгер Ерлан Қалиев Азаттыққа айтты. Бір күн бұрын белсенділер Мамешованы полиция үйінен күштеп ұстап әкеткенін хабарлаған еді.
Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Полиция ізінше “Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл істе Қалиевтің сөзінше, Мамешова қорғауға құқығы бар куәгер ретінде статусы бар.
“Бірақ соған қарамастан оны куәгерден күдікті статусына ауыстыруға дәлел болмай жатып, ешқандай дәлелдер болмай жатып тергеуші оны 48 сағатқа қамау туралы шешім шығарды” деді Қалиев Азаттыққа.
Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.
Лиссабонда фуникулер рельстен шығып, 15 адам қаза болды

Лиссабонда "Глория" фуникулер (аспалы жол) вагоны рельстен шығып, үйге соғылып, соның салдарынан 15 адам қаза болды, шамамен 20 адам жарақаттанды. Бесеуінің жағдайы ауыр. Қаза болғандар арасында шетел азаматтары да бар.
Фуникулер туристер арасында өте танымал, бірақ оны жергілікті тұрғындар да пайдаланады.
"Қаламыз үшін бұл қайғылы күн.... Лиссабон қара жамылды, бұл қайғылы оқиға" деді Лиссабон мэрі Карлуш Муэдаш. Лиссабонда үшкүндік қаралы күн жарияланды. Португалияның өзінде аза тұту бір күн болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, тартқыш арқан үзілген болуы мүмкін.
"Глория" фуникулері 1885 жылы ашылған, 1915 жылы электрмен жабдықталған. Жыл сайын шамамен үш миллион адамды тасиды. Оған ірі жөндеу жұмыстары 2022 жылы жүргізілген.
Кейінгі жылдары Лиссабонға туристер ағылып жатыр: жаз айларында Португалия астанасының орталығы туристерге толады.
Өзбекстан билігі Ресей сыртқы істер министрлігіне "таксисті қорлау ісі" бойынша нота жіберді

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресей сыртқы істер министрлігіне өзбек таксисін қорлаған ер адамның аты-жөнін анықтап, заңға сәйкес шара қолдануды талап етіп, ресми нота жолдады. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов айтты.
Оның сөзінше, Өзбекстан СІМ "әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында тараған ақпараттарды тұрақты түрде бақылап", осыған ұқсас оқиғалар анықталған жағдайда шетелдің құзырлы органдарымен әріптестік орнатады.
"Атап айтқанда, тамыз айында қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр. Осыған орай Ресей СІМ-ге видеода көрінетін ер адамның аты-жөнін анықтап, заң аясында оған шара қолдану мақсатында нота жіберілді" деді Бурханов.
Ол өзбек азаматтары өз елдерінен жырақ қай жерде жүрмесін Өзбекстан мемлекетінің қорғауында болатынын еске салды.
27 тамызда "TRT на русском" телеграм-арнасы Мәскеу түбіндегі Химки қаласында түсірілген видеоны жариялаған. Видеода ер адам таксистің ар-намысын қорлап "сен құлсың, орыстардың құлысың! Өзбекстанда түк таппай, бізге келдің. Өз үйіңде емессің, жұмыс істе!" (Ты раб, раб русских! В Узбекистане ничего не нашёл себе — приехал к нам. Ты не у себя дома, ты приехал работать — работай!) деп айқайлайды.
Таксист өзін сабырлы ұстайды және ер адамнан өзін тілдемеуді сұрайды. Бұдан соң көлікке отырып, кетіп қалады. Куәгерлердің сөзінше, оқиға таксист тар жолдан қалдық таситын көліктің шығуын күтіп, ауланың кіреберісін бөгеуге мәжбүр болған кезде болған.
Кейінгі үш айда Өзбекстан СІМ ресейлік әріптестеріне осымен екінші рет нота жолдап отыр. Маусым айында Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Ресей СІМ-ге нота жолдап, Мәскеудегі жатақханада қатаң рейд жүргізген арнайы жасақтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Ол кезде өзбек дипломаттары Ресей аумағындағы өзбек азаматтарын заңсыз тінту мен дөрекі қарым-қатынас жасау оқиғаларына алаңдаушылық білдірген.
Мерц Путинді "әскери қылмыскер" деп атады. Кремль "жақсы емес" мәлімдемелер туралы айтты

Кремль Германия канцлері Фридрих Мерцтің Ресей және Ресей басшысы Владимир Путин жөнінде айтқандарын “жақсы емес” мәлімдеме деп атады. Бұған дейін Мерц Путинді “әскери қылмыскер” деп атаған.
“[Германия канцлері] Мерц кейінгі сағаттарда өте жақсы емес мәлімдемелер жасады. Сондықтан оның пікірін қазір назарға алуға болады деп деп ойламаймын” деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
“Біздің президентке қатысты” “жақсы емес мәлімдемелер айтылды” деді Песков.
Журналистер Песковтан Мерцтің Украина мен Ресей президенттері "Женевада кездесе алады" деген мәлімдемесіне қатысты пікір сұраған кезде осылай деген.
Бір күн бұрын Германия канцлері Фридрих Мерц неміс арнасына берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путин жөнінде “қазіргі кездегі ең қауіпті қылмыскер шығар” деген.
Мерцтің пікірінше, Путин қазір Украинамен бейбітшілікке баруға бейіл емес.
“Біз соған негізді туындатуымыз керек. Әскери жоспар тұрғысынан алғанда күрделі, бірақ экономикалық тұрғыда мүмкін” деді ол.
Германия канцлерінің ойынша, мәселе Ресейдің әскери машинасын қуаттандырып отырған экономикалық мүмкіндіктерінің "сарқылуы" жөнінде болып отыр. Мұны мысалы Ресеймен сауда жасап отырған елдерге салық енгізу арқылы жасауға болады.
Ол "Путиннің қандай да бір мәлімдемелеріне сенуге де" негіз жоғын айтып, Ресей президентімен келіссөзде жұмсақтық таныту орынсыз деп санайды.
Бұған дейін Мерц Мәскеуді "Германияның басым бөлігін тұрақсыздандыруға бағытталған операция жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы елдің ісіне араласып отыр" деп айыптап, "Германия Ресеймен соғыс жағдайында тұр" деп мәлімдеген еді.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы отставкаға кетті

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қарамағындағылардың заң бұзуына байланысты отставкаға кетті деп мәлімдеді сәрсенбі күні мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
"Оның қарамағындағылар шынымен заң бұзған. Заң бойынша, оның осы құқықты пайдалануға құқығы бар – өтініш жазды. Мұнда комиссияда сұрақтар туындайды, өзге шаралар, қарастырамыз" деді Сәденов.
Оның айтуынша, әскерилерде жарғыға сәйкес, қимылдау алгоритмі жазылған. Сәденовтің сөзінен "Власть"үзінді келтіреді.
Министрдің сөзінше, Жамбыл облыстық полиция департаментінде жаппай ұстау болмаған, тек ереже бұзылған.
Бұған дейін ІІМ департаменті мамандары Жамбыл облыстық полиция бастығының орынбасары "заңға қайшы әрекет жасады" деген күдікке ілінгені хабарланған еді.
Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев рақымшылықпен түрмеден босап шықты

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев рақымшылықпен түрмеден босап шықты.
Ертаевтың босап шыққанын қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Ол пробациялық бақылау есебіне алынған.
"RBK банкіндегі қаржы жымқыру ісі" бойынша айыпталған Жомарт Ертаев 2020 жылы 11 жылға еркіндігінен айырылған. Сот оны 144 млрд теңге қаражатты жымқырды деп танып, мүліктерін кәмпескелеуді бұйырған. Ол түрмеде бес жыл отырған.
Бұл іс бойынша өзге сотталушы кәсіпкер Бақыт Ибрагим 8 жылға сотталған. 2021 жылы Ертаев, Ибрагим мен өзге сотталушылардың үкімі жұмсартылды. Апелляция алқасы Ертаевтың жазасын 11 жылдан 9 жылға қысқартты.
2023 жылы Бақыт Ибрагим түрмеден шықты, бірақ бірнеше айдан кейін пәтерінен өлі күйде табылған. Полиция "өзіне қол салуға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін "қылмыс құрамы болмғандықтан" істі тоқтатқан.
Алматыда блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлы ұсталды

Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлы ұсталды. Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қасымбаев 3 қыркүйекте блогерге араша сұрап, полицияға барған белсенділерге Мирболат Мырзатайұлының ұсталу себебін түсіндірді.
“[Мирболат Мырзатайұлы] Бишуиновқа қатысты ҚР 174-бабымен қылмыстық іс қозғалды” деді ол. Айтуынша, екі күн ішінде тергеу соты оған бұлтартпас жазаны тағайындау мәселесін қарайды,
Журналистің туыстары кешеден бері оның із-түзсіз жоғалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Әпкесінің сөзінше, соңғы рет ол жақындарына 2 қыркүйек сағат 16:30 шамасында Талғардан келе жатқанын айтқан. Оның көлігі Талғар трассасындағы экопостың тұрағынан табылды.
Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.
3 қыркүйекте белсенділер, басым бөлігі - желтоқсаншылар, Мирболат Мырзатайұлының ұсталуын белсенділігімен байланыстырып, биліктен оны босатуды талап етіп, қол жинады.
Барлау қызметі: Солтүстік Кореядан Ресейге тағы 6 мың сарбаз жіберіледі

Солтүстік Кореяның Ресейге тағы 6 мың сарбаз жіберу ойы бар. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау басқармасының парламент алдындағы есебі кезінде айтылған есептерге сүйенген Yonhap агенттігі жазды.
Агенттіктің жазуынша, Украинаға қарсы соғыста Ресейді қолдаған Солтүстік Корея осымен үшінші рет әскерін жіберейін деп отыр. Былтырдан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскери қызметкерін жіберген. Оңтүстік Корея барлау басқармасының мәліметінше, шамамен 2 мыңы Ресейдің Курск облысындағы шайқастарда өлтірілген.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 2 қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзинпин және Ресей президенті Владимир Путинмен бірге ортақ шараға қатысу үшін Пекинге барған. Си, Ким және Путин 3 қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай өтетін Қытай халықтық-азат ету әскерінің әскери парадын қатар тұрып тамашаламақ.
Дональд Трамп өзінің денсаулығына қатысты сыбысты терістеді

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы нашарлағаны жөнінде сыбысты жоққа шығарды.
Сейсенбі күні Ақ үйдегі брифинг кезінде журналистердің бірі желіде Трамптың "өзін нашар сезініп тұрғаны" туралы ақпарат тарағанын айтып, сұрақ қойған. Кейбірі оның бірнеше күн жұрт алдына шықпай кеткенін айтып, жамандыққа жорыған.
"Мен оны көрген жоқпын" деді Трамп.
"Бұл өтірік. Мен "маған бірдеңе болыпты" дейтіндей екі күн ештеңе істеген жоқпын. Байден айлар бойы ештеңе істеген жоқ және бәріміз де оның денсаулығы керемет емес екенін білдік, сонда да ешкім ештеңе демеген еді" деді Трамп.
Маусымда Трамп 79-ға толды.
Ердоған: Путин мен Зеленский кездесуге дайын емес

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлескен соң "екеуі кездесуге дайын емес" деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Ердоған Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Екеуі Украинадағы соғысты талқылаған. Түркия басшысы Ердоған Путинмен кездесу алдында Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен.
1 қыркүйекте Үндістан премьері Нарендра Моди де Путинмен Украинадағы соғысты талқылады. Моди да Зеленскийге хабарласқан. Украина президенті Зеленский Үндістан премьері Модиге Ресей басшыларымен кездесуге дайын екенін жеткізген. Ал Моди бұл "сигналды" Мәскеу жаққа жеткізуге уәде еткен еді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Путин мен Зеленскийді кездестіруге тырысқан. Бірақ Вашингтонның бұл талпынысынан нәтиже шықпады.
ПІКІРЛЕР