Accessibility links

Қытайдағы әскери парад: Сидің месседжі, Путиннің есебі және Трамптың әжуасы


Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада), Ресей басшысы Владимир Путин және Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын шетелдік делегаттарды бастап Тяньаньмэнь алаңына бара жатыр. Пекин, 3 қыркүйек 2025 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада), Ресей басшысы Владимир Путин және Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын шетелдік делегаттарды бастап Тяньаньмэнь алаңына бара жатыр. Пекин, 3 қыркүйек 2025 жыл.

Қытайда аста-төк әскери парад өтті. Пекин осы арқылы қуаты күшейген әскерін паш етіп, Батысқа бағынбайтын әлемдік тәртіп қалыптастырып жатқанын көрсетті.

3 қыркүйек күні өткен парадта 10 мыңнан астам сарбаз және жүздеген әскери техника бой көрсетті. Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында өткен 70 минуттық шеруді мінберден Қытай президенті Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қатар тұрып бақылады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара алдында Си қос лидермен қол алысып, қызыл кілем үстінде алаңға әңгімелесіп барды. Артында 20-дан астам шетелдік делегат келе жатты.

Парад алдында сөз сөйлеген Си Қытайдың қуатын атап өтіп, "ұлт үшін құрбан болу" туралы айтты. Оның сөзінше, мұндай құрбандық құрбандық емес, бұл – ұлт табандылығының, батылдығының көрінісі.

"Бүгін адамзат бейбітшілік пен соғыс, диалог пен текетірес, ұтыс пен ұтылыс арасындағы таңдауға тап болды", — деді Си. "Қытай халқы тарихтың дұрыс жағында тұр".

Си сондай-ақ айбат көрсетіп, "Қытай ұлтының бірігуін ешкім тоқтата алмайды", "Қағынғырлардың ешбірі Қытайды қорқыта алмайды" деді АҚШ-ты меңзегендей болып.

Әскери парадта Қытай әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелерін көрсетті. Пекин, 3 қыркүйек 2025 жыл.
Әскери парадта Қытай әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелерін көрсетті. Пекин, 3 қыркүйек 2025 жыл.

Трамптың парад алдындағы мәлімдемесі

Парад басталардың алдында АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде Сиді әжуалап құттықтады.

"Қытай президенті Си Қытайды дұшпан басқыншыдан азат ету үшін АҚШ қаншама көмек пен қан төккенін айтып өте ме, жоқ па? Басты сұрақ осы" деп жазды ол Жапонияның Қытайға қарсы басқыншылық соғысы мен АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Токиоға ірі соққы жасағанын меңзеп. Қытай осы себепті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Жапония 1945 жылы капитуляция жасаған күнде атап өтеді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Пекиндегі кездесуден шығып барады. 3 қыркүйек 2025 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Пекиндегі кездесуден шығып барады. 3 қыркүйек 2025 жыл.

АҚШ президенті Путин мен Кимді де түйреп өтті.

"АҚШ-қа қарсы бірігіп жатыр екенсіңдер, Путин мен Кимге сәлем айтыңдар" деді Трамп.

Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге қолдау білдіріп, Мәскеу жағында соғысу үшін майданға әскер жіберген. Былтыр жаздан бері Пхеньян Ресейдің Курск облысына шамамен 12 мың сарбаз жібергені айтылады.

Пекин бұл соғыста Мәскеуде дипломатиялық жолмен қолдап отыр. Қытай сондай-ақ Ресей мұнайын сатып алуды күшейтіп, оған қос мақсатта қолданылатын қытай тауарларын жеткізіп отыр.

Тамызда Трамп Путинді Аляскада қабылдап, келіссөз жүргізген. Бірақ соғысты аяқтауды көздеген бұл келіссөз нәтижесіз аяқталды. Путин Зеленскиймен кездесуге көнбей қойды.

Қытай парад өткізу арқылы жаһандық лидер ретінде көрінгісі келсе, Путин бұл сапарды оқшауланбағанын, Мәскеу мен Пекин қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсету үшін пайдаланды. Ресей Украинаға басып кіргелі көп ел санкция астында қалған Кремль басшысымен кездесуден қашқақтайтын болған еді.

Осы ұйғарымды нығайта түскісі келгендей 2 қыркүйек күні Газпром басшысы Алексей Миллер журналистерге Ресей газын Қытайға жеткізетін "Сібір қуаты 2" құбырын салу жөнінде Пекинмен келісімге келгенін айтты.

Бұл әлемдегі ең қымбат газ тасымалы жобасы болуы мүмкін. Бірақ Миллер Ресей бұл жоба асында Қытайға газды қандай бағамен сататынын, құбыр жобасын кім және қалай қаржыландыратынын нақтыламады.

Қытай сарбаздары әскери парадта шерулетіп барады.
Қытай сарбаздары әскери парадта шерулетіп барады.

Путин парадқа қатысып жатқан тұста Ресей Украинаға 502 дронмен және 24 қанатты зымыранмен соққы жасады. Бұл туралы Украина билігі мәлімдеді.

Трамптың пікірі туралы сұрақ қойылғанда Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков үш басшының бас қосуында "ешқандай астыртын келісім болған жоқ" деп мәлімдеді.

"Қазіргі халықаралық қарым-қатынастарда АҚШ-тың, қазіргі президент Трамп әкімшілігінің рөлін барлығы түсінеді деп айталамын" деді ол.

"Стратегиялық коммуникацияның мұқият ұйымдастырылған актісі"

Мерейтой Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапа шеккенін, коммунистік партияның жеңіске қосқан үлесін көрсетуге бағытталған. Си Батыс ықпалын тежеуге бет алған тұста Қытай шенеуніктері мұндай парад келешек ұрпақты ынталандыруға тиіс деп санайды.

Қытай сондай-ақ өзге елдермен тату-тәтті екенін де білдіргісі келді. Мұны Си, Путин және Ким алғаш рет бір жерде бас қосқанынан-ақ байқауға болады.

Пекин парад алдында парад алдында ірі дипломатиялық басқосу ұйымдастырды. Бұл шара АҚШ пен оның Батыстағы одақтастары үстемдік құратын әлемдік тәртіпті қайта қарағысы келетін Қытайдың ұстанымына көрсетуге арналған. Аптаның басында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитінде Қытай өзін жаһандық көшбасшы ретінде көрсеткісі келді. Оған Оңтүстік және Орталық Азия басшылары қатысты.

Парадта бой көрсеткен басшылардың қатарында осы саммит қонақтары көп болды. Олардың арасында Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бар. ШЫҰ-ға мүше болуға өтініш берген Армения мен Әзербайжан басшылары да парадты тамашалады.

"Сол себепті биылғы парад жай ғана әскер мен қару-жарақты паш ету ғана емес" деп жазды шара алдында қытай журналисі Дэн Юйвэнь Foreign Policy басылымына. " Бұл — әскери күш-қуат, дипломатиялық ұстаным және тарихи көзқарас туралы месседждерді біріктірген, әрі ішкі, әрі сыртқы аудиторияға бағытталған стратегиялық коммуникацияның мұқият ұйымдастырылған актісі".

Қытайдағы сапарын ұзартқан басшылар ресми шаралар аясында жеке-жеке кездесіп, түрлі келісімдерге қол қойып жатты. Қазақстан Қытаймен 70-тан астам келісімге қол қойғанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG