ЖАҢАЛЫҚТАР
Шымкент соты билікті сынаған белсенді Ерұлан Әміровті 7 жылға бас бостандығынан айырды

Бүгін, 16 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қылмыстық кодекстің "әлеуметтік алауыздық қоздыру" (174-бап), "Терроризмді насихаттау" (256-бап), "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" (405-бап) баптары бойынша белсенді Ерұлан Әміровті кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Әміровтің анасы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Сот үкімінде Ерұлан Әміров жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуге тиісті деп көрсетілген.
Сот үкімінен кейін Ерұлан Әміров "Не үшін қамауда отырғанымды білмеймін" деді. Сот залынан әкетіп бара жатқанда Ерұлан Әміровтің шүйдесінің көгеріп тұрғаны байқалды. Азаттық тілшісінің бұл жөніндегі сұрағына "айтуға қорқамын" деп жауап берді.
Сот Ерұлан Әміровтің ісін 25 қаңтардан бастап қарай бастаған. Бұған дейін оның денсаулығына байланысты анасы Шәрипа Ниязбекованың талап-арызымен үш рет сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Бұл талап-арызды прокуратура мен түзеу мекемесі қолдаған. Алматы облысындағы психиатриялық емхана Әміровтің аурудан айыққаны жөнінде анықтама берген.
Ерұлан Әміров 2021 жылдың сәуір айында ұсталған. Желтоқсан айында Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова оны ҰҚК-нің Шымкенттегі тергеу изоляторынан тапқан. 22 желтоқсанда ұлының тергеу изоляторында өз-өзіне қол салмақ болғанын хабарлаған. Ол туралы сол күні "Ар. Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Facebook парақшасында жазған. Кейіннен ҰҚК Әміровті "Сәуле" ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне ауыстырған.
Шәрипа Ниязбекова Азаттыққа ұлының психикалық ауруы бар екенін, ресми тіркелмесе де "шизофрения" диагнозы қойылғанын айтады.
2021 жылы желтоқсанда Шымкент белсенділері Ерұлан Әміровті босатуды талап етіп, әлеуметтік желіге үндеу жариялаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған. Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеоларында Қазақстан билігін сынап, Қазақстанда тыйым салынған "Көше" партиясының наразылық шараларына қатысқан.
Басқа да жаңалықтар
Трамп: АҚШ ХАМАС-пен кепілге алынғандарды босату жөнінде "терең келіссөз" жүргізіп жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ХАМАС тобымен кепілге алынған адамдарды босату туралы "өте терең келіссөз" жүргізіп жатқанын мәлімдеді. ХАМАС тобы Израильде, АҚШ-та және Еуроодақта террористік ұйым деп танылған.
Трамптың сөзінше, АҚШ палестиналық топтан 2023 жылғы 7 қазанда тұтқындап алып кеткен барлық адамдарды дереу босатуды талап етіп отыр. АҚШ президенті кепілге алынғандар арасында тірі деп есептелген кейбір адамдар жақында қаза тапқан болуы мүмкін деді. Әйткенмен, ол нақты дерек келтірмеді.
АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф Қатардың ресми тұлғаларымен Парижде кездесіп, ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату және тұтқын алмасу мүмкіндігін талқылаған деп жазды БАҚ. Трамптың сөзінше, келіссөздерге оның күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысып жатыр. Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде Кушнер Ақ үйдің аға кеңесшісі қызметін атқарған еді.
Кепілге алынған адамдардың туыстарының форумы АҚШ президентіне табандылығы мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Олар билікке қоғамдық қысым жасау күшейіп жатқанын, мыңдаған адам соғысты тоқтатуды және тұтқындарды үйіне қайтаруды талап етіп, көшеге наразылық акциясына шығып жүргенін айтты.
Ал бұл кезде Израиль қоғамында үкіметтің ХАМАС-қа қатысты тактикасына байланысты дау-дамай өрши түсті. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху қатаң шарт қоюды жалғастырып отыр: Израиль билігі ХАМАС-тан кепілдегі адамдардың бәрін босатуды, Газа мен ХАМАС тобын толық қарусыздандыруды және қауіпсіздік жағдайын Израиль бақылауында ұстауды талап етеді.
Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) болса Газа қаласын басып алуға дайындықты жалғастырып жатыр. Израиль басылымдарының дерегінше, ЦАХАЛ ХАМАС кепілге алынғандарды басқа жерге көшіруі немесе оларды "тірі қалқан" ретінде пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. Әскери басшылық операция бірнеше айға созылып, кепілдегі адамдардың өмірін одан сайын қатерге тігуі ықтимал екенін ескертті.
ХАМАС тобы "жан-жақты келісімге" дайын екенін мәлімдеді. ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың бәрін Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарға айырбастауды және Газада "технократтар әкімшілігін" құруды ұсынды. Израиль үкіметі бұл ұсынысты "саяси айла" деп, оған келіспей отыр.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Газа секторында жихадшылар қолында 48 адам қалып отыр, олардың 26-сы қаза тапқан деп жарияланған. Израиль билігі Трамптың тірілер қатарындағы кейіреулер қаза тапқан болуы мүмкін деген сөзіне әзірге түсініктеме берген жоқ.
Украина бас қолбасшысы: Ресей Покровск түбіне көп әскерін шоғырландырды

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Покровское майдандағы ең күрделі аумақтардың бірі ретінде қалып отыр деп мәлімдеді. Кейінгі апталарда Ресей әскері ол жаққа шамамен 350 рет шабуылдаған. Сырскийдің сөзінше, Ресей Покровское түбіне негізгі күштерін шоғырландырып, Украинаның қорғаныс шебін бұзу үшін шабуылдайтын ірі топ құрған.
Украина әскері қайта шабуылдап жатыр. Тамыз айында бес шаршы шақырымнан айырылған украин күштері 26 шаршы шақырымға бақылау орнатқан. Мұндай қарқын Добропольское бағытында да байқалады деді Сырский.
Украина әскері және америкалық соғысты зертттеу институтының мәліметінше, Ресей Донецк облысындағы Покровск, Краматорск және Славянск сияқты маңызды қалаларды басып алу үшін ірі күш жинап, тәжірибелі теңіз әскері мен күшейтілген әуе десант күштерін сонда орналастырған.
Ресей әскері сонымен бірге Покровскінің оңтүстік-батысына қарай да жылжып, Украина әскерінің 7-ші корпусының логистикасын бітеу үшін бронды техника мен мотоатқыштардың көмегімен шабуылды үдеткен.
Ресейшіл телеграм-арналар 2022 жылдан бергі ең ірі әскери дислокация болғанын растады.
Украина бас штабы Ресей әскері бронды көліктер мен артиллерияны жаппай қолданып, Донбасқа шығуға талпынуы мүмкін деп қауіптенеді.
Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін пайдалана бастады

Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін қайта пайдалана бастады деп мәлімдеді Армения премьер-министрі Никол Пашинянның баспасөз хатшысы Назели Багдасарян 6 қыркүйекте.
Оның айтуынша, 31 тамызға қараған түні Пашинян шетелдік сапарға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да Әзербайжан арқылы ұшып өткен.
Екі ел басшылары Вашингтонда бейбітшілік декларациясына қол қойғаннан кейін Армения жағы Әзербайжанның әуе кеңістігін пайдалануды сұраған.
«Біз бұл фактіні аймақтағы коммуникацияны қалпына келтіруге, бейбітшілікті нығайтуға және өзара сенім атмосферасын құруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастырамыз», - деді Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Әзербайжан ұшақтары да Арменияның үстінен еш кедергісіз ұшады.
Екі ел Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты отыз жылға жуық уақыт бойы бір-бірінің әуе кеңістігін кесіп өтпеген.
Бейбітшілік туралы декларацияға Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев 8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін қол қойған.
- Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армяндар басым болған. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады. Аймақтың тәуелсіздігін Арменияның өзі де мойындаған жоқ.
- 2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
- 2023 жылы күзде Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және қымбатшылықты тоқтатуды талап етпек болған белсенділер митингіге рұқсат ала алмады

Оралда 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және қымбатшылықты тоқтатуды талап етпек болған белсенділер митинг өткізуге рұқсат ала алмады
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған әкімдіктің жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған.
Хатта сонымен бірге “ережені бұзып, алаңға өз бетінше барып, бейбіт жиын ұйымдастырғандар” 488-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы ескерту бар. Хатқа Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі міндетін атқарушы Е.Нагимов қол қойған.
Орал белсенділері Маруа Ескендірова, Раиса Кариева, Бекболат Өтебаев және өзге де белсенділер тамыз айында да қымбатшылыққа қарсы және зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруды, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, митинг өткізгісі келген. Алайда жергілікті атқару билігі рұқсат бермеген.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобының жазуынша, митинг тақырыптарының арасында ЕҚЫҰ және ЕАЭО-дан шығу туралы талап та жазылған.
Құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 7 қыркүйек аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт жиын өткізу туралы 704 өтініш қанағаттандырылмаған. 18-і биыл тіркелген.
2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.
Ресей әскері Украинаға соққы жасады. Киевте үкімет ғимаратынан өрт шықты

6 қыркүйектің кешінен бері Ресей Украинаны дрон және ракеталармен жаппай атқылап жатыр. Украина қарулы күштерінің айтуынша, орыс әскері сенбінің кешінен бері 800-ден астам дрон және ондаған ракета жіберген. Ресей әскері алғаш рет осыншама көп дрон жіберіп отыр деп хабарлады Украина әскері.
Жексенбі күні күндіз Украина күштері шабуылға 13 "Искандер" ракетасы қатысып жатқанын айтты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 8-де 751 әуе нысанасы " атып түсірілген немесе істен шығарылған" – 747 дрон мен төрт ракета.
"37 орынға тоғыз ракета және 56 дрон түскен" деп жазылған Украина әскерінің хабарламасында. Шабуыл жалғасып жатыр.
Украинаның Киев, Одесса, Запорожье, Кривой Рог және өзге қалалары соққыға ұшырады. Кременчугта Днепр көпірі бүлінген, Полтава облысында темір жол бұзылған.
Киевте Ресей әскерінің соққысынан әйел адам және оның екі жасар нәрестесі қаза болған. 17 адам зардап шеккен. Шабуыл нысаны көп қабатты үйлер болған деп айтылады. Үкіметтің бас ғимараты да бүлінген. Ақпарат құралдарының жазуынша, оған дрон бөлшектері құлаған болуы мүмкін.
Ресей әскері шабуылға түсініктеме бермеді.
NYT: Ауғанстанда құтқарушылар әйелдерге көмектесуден жиі бас тартқан

1 қыркүйекке қараған түні қуатты жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанда көп құтқарушы әйелдерге емес, ер адамдарға ғана көмектескен. Бұл жөнінде The New York Times жазды.
Басылымның айтуынша, Ауғанстан билігінде отырған радикалды "Талибан" қозғалысы ерлердің бөтен әйелдермен сөйлесуіне қатаң шектеу қойған. Олар бір-бірінің денесіне қол тигізе алмайды. Мұндай шектеу өзара туыс адамдарға қатысы жоқ.
Басылымның жазуынша, соның нәтижесінде құтқарушылардың басым бөлігі ерлер болғандықтан көп әйел медициналық көмек ала алмаған, кейбірі үйіндіден сол күйі шыға алмай, қаза болған. Ал ер адамдарға – көмек көрсетілген.
The New York Times атап айтқанда, Құнар провинциясының 19 жастағы тұрғынының сөзіне сүйенеді. Ол жаққа жер сілкінісінен кейін 36 сағат өткен соң тек ер адамдардан құралған құтқарушылар жасағы барған. Құтқарушылардың ешқайсысы жараланған әйелдерге көмектеспеген, тіпті жақындамаған да. Олар тек ер адамдар мен ұлдарға ғана көмек көрсеткен. Осыған ұқсас ақпаратты еріктілердің бірі де айтты. Оның сөзінше, үйінді астында қалған әйелдерге өзге әйелдер немесе сол әйелдің туысы болатын ер адамдар көмектескен.
Ауғанстанда жер сілкінісінен 2200-ден астам адам қаза болған. Олардың қаншасы әйел екені белгісіз.
Ресей биыл тәліптер билігін – "Ауғанстан ислам эмиратын" заң жүзінде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.
Биыл Халықаралық қылмыстық істер соты тәліптердің бірнеше жетекшісін "әйелдерге қатысты саясаты үшін" тұтқындауға ордер берген.
Reuters Қытай басшысымен "мәңгі өмір сүру" туралы талқылаған Путиннің видеосын өшірді

Reuters ақпарат агенттігі 3 қыркүйекте Пекиндегі парад алдында Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің адам өмірін 150-ге дейін ұзартатын немесе "мәңгі өмір сүруге" жол ашатын технология мүмкіндігі жөнінде талқылап жатқаны көрінетін төртминуттық видеоны өшірді.
Reuters-тің түсіндіруінше, Қытайдың мемлекеттік CCTV арнасы бұл кадрларды пайдалану құқығын қайтарып алған.
Мемлекет басшылары парадқа кетіп бара жатқанда тілдескен. Алайда олардың әңгімесінен бір үзінді тікелей эфир кезінде қосулы тұрған микрофонға жазылып қалған. CCTV өнімдерін пайдалануға құқығы бар Reuters төртминуттық роликті монтаждап, мыңнан астам халықаралық ақпарат құралына таратқан. Видеоны Reuters-тен бөлек ақпарат құралдары да таратты, оған алғашқылардың бірі болып желі қолданушылары назар аударды.
5 қыркүйекте CCTV ақпарат агенттігіне хат жолдап, видеоны өшіруді талап етті. Қытай жағы жазбаны пайдалану құқығы бұзылғанын алға тартып, "материалды өңдеу кезінде" "фактілер мен мәлімдемелер бұрмаланғанын" айтты.
Reuters видеоны сайтынан өшіріп, ресми түрде материалды алып тастады. Агенттік авторлық құқық иесінің талабына сәйкес өшіргенін хабарлады. Бірақ бір мезетте оны тарату кезінде ешқандай ереже бұзбағандарын, бейтарап журналистиканың стандарты сақтағандарын айтты.
Путин мен Си Цзиньпиннің әңгімесі жөнінде көп ақпарат құралдары жазды. Мемлекет басшылары биотехнология мүмкіндіктерін талқылаған. Путиннің айтуынша, трансплантологияның дамуы адамдарға ағзаларды ауыстыру арқылы "жасарып", тіпті "мәңгі өмір сүруге" қол жеткізуге жол ашады. Қытай басшысы тіпті осы ғасырдың өзінде адамдар 150 жасқа дейін өмір сүре алатындай деңгейге жете алады деген.
Кейін Путин мұндай әңгіме болғанын растап, бірақ жай-жапсарына тоқталмады.
Талғарда ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады

Алматы облысы Талғар ауданында белгісіз біреу ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция сенбі кешке қарай кішкентай қыз босатылып, анасына тапсырылғанын хабарлады. Ізінше күдіктінің де ұсталғаны хабарланды.
Талғар ауданындағы "кезекті бассыздық" туралы адвокат Гаухар Сарыева хабарлаған.
Адвокаттың айтуынша, бір қыз осыдан шамамен бір ай бұрын техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы күш көрсеткенін айтып, полицияға шағымданған. Жұма күні қыз баланың туыстары "өздігімен оны ұстап, полицияға жеткізген кезде" оны босатып жіберген. Ал 6 қыркүйекте ол жәбірленушінің бауырына оқ атып, кішкентай баласын ұрлап әкеткен. Адвокаттың желіде жариялаған видеосында полицейлердің оқиға орнын қоршап тастағаны көрінеді.
Адвокат видеода полицейлерге бірнеше рет шағым берілгенін, олардан реакция болмағанын айтады.
Сенбі күні кешке қарай Алматы облыстық полициясы ер адамның қазасы мен кішкентай қыздың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.
"Ер адамның қаза болуы және кішкентай баланың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Тергеу мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Екеуі жанжалдасып, күдікті жәбірленушінің бауырына оқ атқан, ол оқиға орнында қаза болды. Қылмыстан кейін күдікті кішкентай баланы ұрлап, жасырынған” деп жазылған хабарламада.
Артынша "арнайы жасақтың операциясы нәтижесінде кішкентай қыз босатылғаны" хабарланды. Кішкентай қыз анасына тапсырылған. Күдікті де ұсталған.
Былтыр Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасы қоғамда резонанс тудырған. Биыл жазда оның өліміне қатысты айыпталғандарға үкім жарияланды.
Қазақстан СІМ сенбі күні Мұрат Нұртілеу украиналық әріптесімен телефонмен әңгімелескенін хабарлады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 6 қыркүйекте ведомство жетекшісі Мұрат Нұртілеу украиналық әріптесі Андрей Сибигамен телефонмен әңгімелескенін хабарлады.
Астананың хабарлауынша, сұхбат барысында "тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірген".
СІМ-нің хабарлауынша, телефон әңгіме Украина жағының бастамасымен болған.
Украинаның сыртқы істер министрлігі де телефон әңгіме болғанын хабарлады. Сибига қазақстандық әріптесіне "Украинаның жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған күш-жігері туралы" айтқан. Министр сонымен бірге Астана Киевтің Орталық Азия аймағында басымдық беретін серіктестерінің бірі екенін атап өткен.
Сибига X желісінде әңгіме барысында екіжақты қатынасты кешенді жаңғырту, әріптестікті дамыту жолдары талқыланғанын жазды.
Сыртқы істер министрлігі Нұртілеудің телефон әңгімесі жайлы хабарламаны Orda сайты оның ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан шақта жариялап отыр. Онлайн-басылым 4 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрі, ҰҚК-ның тағы бірнеше жоғары лауазымды қызметкері және кәсіпкер Гаджи Гаджиев тергеліп жатқанын хабарлаған. Басылымның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қысқа уақыт ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Нұртілеу Гаджиевтің көмегімен арнайы қызмет ішінде көлеңкелі құрылым құрған. Ол Нұртілеудің мүддесі үшін аңдумен айналысқан, өздеріне жақпайтындарды қудалаған.
Ресми органдар сол күні-ақ жылдам Нұртілеудің ұсталғанын жоққа шығарды.
5 қыркүйекте сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеу Harvest Group компаниясының өкілдерімен кездесу өткізгені жөнінде хабарлама таратып, Нұртілеудің бірнеше суретін жариялаған. Ал Orda сурет бұрын түсірілгенін айтқан. Редакция өз тұжырымдарынан қазір де айнымады.
49 жастағы Мұрат Нұртілеу бұған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болған, оған дейін Қазақстан СІМ-де істеген.
Астанада жануар құқығын қорғаушыларға митинг өткізуге рұқсат бермеді

Астана қаласының ішкі саясат басқармасы белсенділерге "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулерге қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Жануарды қорғау жөніндегі Inucobo қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, басқарма "ескерту беру мерзімі бұзылғандықтан" өтінішті қабылдамаған.
Алайда белсенділердің сөзінше, олар "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңға сәйкес, ескерту-хатты митинг өтетін мерзімнен бес күн бұрын берген.
Парламентте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулер қаралып жатқан шақта қазақстандық жануар құқығын қорғаушылар сондағы түзетулерге қарсы петиция жариялады. Түзетулерге сәйкес, қаңғырған жануарларды ұстағаннан кейін бес күн уақыт беріледі, осы уақытта ешкім оларды алып кетпесе, оларға эвтаназия қолданылады. Қараусыз қалған жануарларға берілетін мерзім – 60 күн.
Петиция авторлары мұндай түзетулерді қабылдамауды, сонымен қатар құқық, ветеринария, экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген балама заң жобасын қарауды сұрап отыр.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданған.
Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді. Заңда қаңғыған иттің иесі бес күнде табылмаса, онда ол зарарсыздандырылып, панажайға немесе табиғатқа жіберілетіні жазылған. Заң қаңғыған иттерді егер олар айналаға қауіп төндірмесе, жоюға тыйым салады.
Заңға түзетулер енгізілетіні былтыр қаңтарда белгілі болған. Қазір депутаттар қаңғыған иттерді бес күннен кейін иесі табылмаса, эвтаназия қолдануды ұсынып отыр, панажай жоқ жерлерде үйсіз-күйсіз жүрген жануарларды өлтіруге рұқсат бермекші. Бұған қоса, түзетулер қаңғыған жануарларға екпе салдыру үшін бөлінетін бюджетті де алып тастамақшы.
Жануарлардың құқығын қорғаушылар бұл қазіргі заңда бар АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салып, еркіне жіберу – ред.) бағдарламасынан іс жүзінде бас тарту болып саналады дейді.
Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді

Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
"Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П. Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды” деп жазылған бас прокуратураның сенбі күнгі хабарламасында.
Әзірге оның ұсталғаны-ұсталмағаны белгісіз. БП хабарламасында ол жөнінде ештеңе айтылмаған.
60 жастағы Қайрат Қожамжаров Назарбаев тұсындағы ықпалды күштік құрылым өкілдерінің бірі болған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткен күні Қожамжаров сенат депутатына айналған. Оған дейін екі жыл бас прокурор қызметін атқарды. Жемқорлыққа қарсы түрлі құрылымдарға жетекшілік етті. Президенттің кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Ақмола облысын басқарған.
2023 жылдан бері мемлекеттік қызметте емес. Кейінгі кезде оның айналасындағы бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қазір жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев екі айға қамалған. Шілдеде арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.
Белсенді Айжан Мамешова үйқамаққа жіберілді

Белсенді Айжан Мамешова үйқамаққа жіберілді. Жұма күні тергеу соты оған бұлтартпас шара қолдану туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Оның сөзінше, белсенді қорғауға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған.
"Кеше (5 қыркүйекте – ред.) түнде шешім шықты. Оған 274-бар 2-бөлік 3-тармақ бойынша айып тағылып отыр. Кеше тергеушінің қамауға алу туралы шешімімен таныстым. Бұл жерде мәселе жалған ақпарат тарату жөнінде болып отырған жоқ. Сараптама бойынша, оның әрекеті "прокуратураға теріс эффект туғызады". Негізі осы сараптама бойынша істі азаматтық тәртіппен қарауы керек еді" деді адвокат сенбі күні таңертең Азаттыққа.
Осы апта ортасында белсенді Айжан Мамешова ұсталып, кейін 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған еді. Оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Бір күн бұрын Алматыда қоғам өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, Мамешованы ұстау кезінде заңсыздық болғанын хабарлап, құқық қорғау органдарынан оны ұстаған полицейлердің әрекетіне баға беруді сұраған еді.
Трамп қорғаныс министрлігінің атауын "соғыс министрлігі" деп өзгертті

АҚШ президенті Дональд Трамп қорғаныс министрлігін соғыс министрлігі деп атау туралы жарлыққа қол қойды.
Рәсім Ақ үйдегі кабинетінде өтті. Құжатқа сәйкес, қорғаныс министрі Пит Хегсет және оның командасы "соғыс министрі", "соғыс министрінің орынбасары" лауазымдарын пайдалана алады. Хегсет ведомствоның атын өзгерту – "жәй сөз емес, әскери этика" деп атады.
Америка президентінің айтуынша, әлемдегі жағдайды ескергенде Пентагонға "соғыс министрлігі" атауы дәлірек келеді.
Өзгерісті Конгресс мақұлдауы керек. Жұма, 5 қыркүйекте республикашылдар Майк Ли, Рик Скотт және Грег Стьюб тиісті заң жобасын енгізді.
Сыншылардың ойынша, мұндай бастаманың құны арзан емес, себебі құжаттар мен АҚШ-тың әлемдегі әскери нысандарындағы баннерлерді өзгертуге тура келеді.
Бес бұрышты болғаны үшін Пентагон деп те аталатын АҚШ қорғаныс министрлігінің ғимараты 1947 жылдан бері кейпін өзгерткен жоқ. Ведомство әскери-теңіз министрлігі, жаяу әскер және әскери-әуе күштері министрліктерін біріктіреді. 1789 жылдан бар жаяу әскер және әскери-әуе күштері бұрын бір ведомство – соғыс министрлігі болған.
1947-49 жылдары біріктірілген департамент ұлттық әскери ведомство деп аталған, ал 1949 жылы қорғаныс министрлігі атауына ие болған.
Журналистер соғыста қаза тапқан 128 мң ресейліктің аты-жөнін анықтады

Ресей Украинаға соғыс ашқалы майданда 128 115 солдаты қаза тапқан. Мұны ашық дереккөздердегі ақпараттар, зираттар мен көңіл айтулар арқылы ВВС-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" жобасы анықтаған.
Журналистер қаза тапқандардың көбі соғыс басталған соң өз еркімен майданға аттанғандар (29%) дейді. Одан кейінгі орында түрмеден соғысқа аттанғандар (14%) мен мобилизацияланғандар (11%).
Басылым мобилизациямен соғысқа аттанып, қаза тапқандардың үлесі көп болуы мүмкін деп санайды. Себебі көңіл айту хабарламаларында қаза тапқандардың соғысқа қалай барғаны айтыла бермейді.
Бұған қоса, журналистер Ресейдің соғыстағы адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Ал әскери сарапшылар ашық дереккөздер арқылы анықталғандар қаза тапқандардың 45-65 пайызын ғана құрайды деп топшылайды.
Ал "Медуза" мен "Медиазона" басылымдары мұрагерлік реестрді зерттеу арқылы соғыста Ресейдің 219 мыңдай солдаты қаза болды дейді. Журналистер Ресейдің адам шығыны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Мәселен 2023 жылы майданда 50 мыңдай солдат қаза тапса, 2024 жылы 93 мың әскери өлген.
Алматы әуежайында ресейлік белсенді ұсталды. Оны Ресейге депортациялауы мүмкін

Алматыдағы әуежайда 31 тамызда ресейлік белсенді Юлия Емельянова ұсталған, оны енді Ресейде экстрадициялауы мүмкін. Бұл туралы ресейлік "Антивоенный комитет России" ұйымы мен "Ковчег" құқық қорғау ұйымы хабарлады.
Ақпарат бойынша, Емельянова бір рейстен екінші рейске ауыспақ болған кезде ұсталған.
Ресейді оған 2021 жылы қыркүйекте "Ұрлық" бабымен қылмыстық іс қозғап, іздеу жариялаған. Тергеу "Емельянова таксистің телефонын ұрлады" дейді. Полиция телефонды белсендінің үйінен тәркілемеген, "ұрланған телефон" полиция бөлімшесінде болған.
2022 жылы шілдеде бұл іс Петербургтегі сотқа түскен. Бірақ Емельянова Ресейден Грузияға кетіп қалғандықтан қатыспаған еді. Құқық қорғаушылар белсендінің ісі қолдан жасалған деп санайды.
Қазір Емельянова Қазақстандағы тергеу изоляторларының бірінде отыр. Оған Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро, "Антивеонный комитет" және "Ковчег" көмектесіп жатыр.
Юлия Емельянова – Навальный штабының, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі. Ол ресейлік саяси тұтқындарға да көмек көрсетіп жүрген.
ПІКІРЛЕР