Жергілікті имамдардың, имам-хатибтердің және мүтәуәлилердің (діни қайырымдылық мүліктері мен қорларын басқаруға тағайындалған адам. – ред.) әйелдерін жинау міндеті Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының Наманған облыстық бөлімшесінің басшысы Мусахон Аббосидиновқа жүктелген. Мұны "Озодлик" радиосына (Азаттықтың Өзбек қызметі) сол кездесуге қатысқан, аты-жөнін атамауды өтінген әйелдердің бірі айтып берді.
"Озодликке" әлгі жиналыстың аудиожазбасы да түсті. Тамыз айының басында өткен жиналыс екі сағаттан аса уақытқа созылған. Аудиожазбада облыс әкімшілігінің қоғамдық және діни ұйымдармен байланыс бөлімі бастығының көмекшісі Сайёра Исакова елде адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынған деп түсіндіреді. Мұндай талап Өзбекстанда 2023 жылы заңға енгізілген, оны бұзғандарға айыппұл салынады.
Егер қайсыбір имамның әйелін ұстаса, оның күйеуін ешкім аямайды
"Енді заң бар. Бір имамның әйелі сотқа тартылды. Бұрын ол пәренжі киетін. Қазір әйелдер ондайға тыйым салынғанын түсініп, басына жай ғана орамал тартуға үйренді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 184-бабының 4-бөлімі бар. Бетіңізде маска болса немесе басыңыздағы орамал бет-жүзіңізді көрсетпесе, ішкі істер қызметкерлері ұстап алса, сізге көмектесе алмаймын. Егер қайсыбір имамның әйелін ұстаса, оның күйеуін ешкім аямайды", – деген Исакова.
Заңда хиджабқа – бет-әлпетті ашық қалдыратын киім киюге – тыйым салынбаған. Бірақ Наманғанда, неге екені белгісіз, хиджабқа қарсы шара басталды: Исакова тамыздағы жиында әйелдерге: "Құран хиджаб тағуды міндеттемейді" деді.
Мұндай қысымнан соң кейбір имамдардың әйелдері кездесуден шыға сала басындағы орамалын артқа түйіп байлап алған, өйтпесе күйеуімді жұмыстан шығарады деп қорыққан, дейді куәгерлер.
Наманғандық бір имамның орынбасары (аты-жөнін атамауды өтінді) Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының Наманған облыстық бөлімшесінің басшысы Аббосидинов облыс әкімшілігі мен өз басшылығының барлық нұсқауларын бұлжытпай орындайтынын айтты.
"Кейінгі екі жылда Мусахон өзіне ұнамаған 40-тан астам имамды жұмыстан шығарып, олардың орнына өз бұйрығын мүлтіксіз орындайтын имамдарды қойды. Мәселен, ол имам Махмудханды әйелі хиджаб киіп жүргеніне бола, имам Шокиржонды – жоғары басшылыққа ұнамай қалғандықтан, ал имам Ділмуродханды – діни комитеттің бір қызметкерімен келіспей қалғаны үшін жұмыстан алды", – деді ол.
"Озодлик" Аббосидиновке хабарласып, имам әйелдерімен өткізілген кездесу жайлы пікірін сұрады.
"Наманғанда киімге қатысты ерекше менталитет бар. Бұған байланысты ешқандай қысым болған жоқ. Біздің әйелдер ежелден дінімізге және дәстүрімізге сай киініп келген", – деген Аббосидинов ешкімді хиджабты шешуге немесе орамалды артқа түйіп байлауға мәжбүрлемегенін айтты.
"Үлгі қылып пайдаланғысы келеді"
Өзбекстан Конституциясында дін мен мемлекеттің бөліну принципі бекітілген. Негізгі заң азаматтардың ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Алайда іс жүзінде мемлекет әртүрлі шектеу қояды.
Кейінгі жылдары елде мектептерде және мемлекеттік мекемелерде орамал мен сақалға тыйым салу, сондай-ақ қоғамдық орындарда діни киім киген адамдарды қудалау күшейе түскені байқалады.
Өзбек имамдары мен олардың отбасы мүшелерін мемлекет үнемі бақылауда ұстайды, өйткені дін қызметкерлері ресми діни жүйенің бір бөлігі саналады. Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы апта сайын елдегі барлық мешітке бірдей жұма уағызының мәтінін жіберіп, оған ешқандай өзгеріс енгізбеуді талап етеді. Мұсылмандар діни басқармасын үкімет жанындағы Дін істері комитеті мен президенттің дін істері жөніндегі кеңесшісі бақылайды.
Ферғана өңірінде тұратын журналист әйел (аты-жөнін атамауды өтінді) "Азаттық Азияға" берген сұхбатында биліктің хиджабқа қарсы науқанды имамдар мен олардың орынбасарларының әйелдерінен бастағаны кездейсоқ нәрсе емес деді.
"Бұл науқанның бір ғана себебі бар. Имамдарымыз жоғары діни білім алған, Құранды жатқа біледі. Қазір билік олардың әйелдеріне хиджаб тағуға тыйым салғысы келеді, ал кейін бұл тыйымды қарапайым халыққа да біртіндеп енгізбек. Билік жылдар бойы әйелдерді хиджабтан бас тартуға мәжбүр ете алмай-ақ қойды. Сондықтан олар енді әуелі діни басшылықтың әйелдерінен бастап, кейін оларды басқа әйелдерге үлгі ретінде көрсетпек. Егер қайсыбір әйел қарсылық білдірсе, оларға: "Қараңшы, пәленше имамның әйелі хиджабсыз жүр. Оның күйеуі Құранды жатқа біледі, дінді сенен артық түсінеді. Егер олар хиджаб тақпай жүрсе, яғни дін соған рұқсат етеді деген сөз. Демек, сен де хиджаб тартпауың керек", – деп айтады. Сондықтан имамдардың әйелдерін үлгі қылып пайдаланғысы келеді", – деді журналист.
БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Өзбекстан қол қойған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт әркімге дін немесе сенім бостандығына кепілдік береді, оның ішіне діни киімді таңдау және кию еркіндігі де кіреді.
Адамдарды діни киімін шешуге мәжбүрлеу, әсіресе ондай шараны мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасына қысым жасау құралы ретінде қолдану халықаралық деңгейде қатаң сынға ұшыраған.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың тұсында өзбек мұсылмандарына қарсы жүргізілген қатал репрессиялар көптеген халықаралық ұйымдардың сынына қалған еді.
Шавкат Мирзияев билікке келген соң бұл саладағы жағдай біршама жақсарды. Діни айыппен сотталған жүздеген адам бостандыққа шықты, ал діни қауымдастықтың мемлекетке сенімі арта түсті. 2021 жылы "Ар-ождан еркіндігі және діни ұйымдар туралы" жаңа заң қабылданып, қоғамдық орындарда хиджаб пен діни киім киюге салынған ресми тыйым алынып тасталды, діни ұйымдарды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.
Алайда кейінгі үш жылда Өзбекстанда діндарлар құқықтарын бұзу қайтадан өзекті мәселеге айналып отыр. 2023 жылы Human Rights Watch ұйымы Өзбекстандағы хиджаб пен сақалға салынған тыйымды "діни бостандықты кеңейтуге уәде етілген реформаларға қайшы" деп бағалаған.
АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы жергілікті деңгейдегі қысымды, әсіресе имамдар мен діни белсенділерге қарсы шараларды "қорқытып-үркіту мен жұмыстан қуу жолымен жасалады" деп сипаттады.
Сарапшылардың пікірінше, Наманғандағы кейінгі оқиғалар мемлекет діни ұйымдар мен діни белсенділерге қарсы репрессивті саясатын жалғастырып отырғанын көрсетеді.
Аймақтағы "жат киімдерге" қарсы күрес
Хиджабқа қарсы науқандар Орталық Азия аймағындағы басқа елдерде де жүргізіліп келеді.
Мысалы, Тәжікстан билігі осыдан бірнеше жыл бұрын, президент Эмомали Рахмонның мәлімдемесінен кейін, тәжіктердің ұлттық мәдениеті мен дініне қайшы келетін "жат" және "ұятсыз" киімдерге қарсы күрес бастаған. Рахмон қоғам радикалданып, жастар "жат" құбылысқа елітіп кетеді деп алаңдаушылық білдірген.
Рахмонның айтуынша, әйелдердің қара түсті киім киюі тәжіктердің салт-дәстүріне сай емес. Президент жұртты "Аллаға жүрекпен құлшылық етуге" және діндарлықты сыртқы киім-пошыммен көрсетуге әуес болмауға үндеді.
Өзбекстандағы сияқты, Тәжікстанда да ниқаб киюге заң жүзінде тыйым салынғанына бірнеше жыл болды.
Өзбекстанда бұл тыйымды бұзғандарға 400-ден 800 долларға дейінгі шамада айыппұл салынады, ал Тәжікстанда айыппұл мөлшері 700 доллардан асады.
Биыл жыл басында Қырғызстан президенті де осы тақылеттес заңға қол қойды. 1 ақпаннан бастап қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға мүмкіндік бермейтін киім киіп жүруге тыйым салынды. Бақылаушылардың айтуынша, бұл ең алдымен адамның бет-жүзін тұтас жауып тұратын, екі көз ғана көрінетін ниқабқа қарсы салынған тыйым. Жаңа заңда ниқаб киіп жүргендерге 20 мың сом (230 доллар) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
Мұндағы жалғыз ерекшелік – жұмыс түріне, қызмет міндетіне немесе медициналық себептерге байланысты бет-жүзді жауып тұратын киімдерге рұқсат етілген.
Қазақстанда пәренжі мен ниқаб жөнінде пікірталас көп жылдан бері жалғасып келді.
2025 жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді", – деді.
Осы мәлімдемеден соң үш ай өткенде Тоқаев парламент мақұлдаған заңға қол қойды. Бұл – Орталық Азиядағы әлгіндей киімге салынған соңғы тыйым болды.
ПІКІРЛЕР