Accessibility links

"Құқықтық термин емес". Саяси тұтқын деген кім, оның қандай түрлері бар? Түсіндіреміз


"Тірек" альянсының саяси тұтқындар тізімінде ондаған адам бар. Ал Қазақстан билігі елде саяси қудалауға негіз болатын құқықтық норма жоқ дейді. Бірақ сарапшылар "саяси тұтқын" құқықтық термин емес екенін айтады. Азаттық "саяси тұтқын" анықтамасын түсіндіріп көрмек.

Саяси тұтқын деген кім? Қазақстанда ол бар ма? Түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:53 0:00

Cаяси ұғым

Қазақстандық құқық қорғаушылар қазір түрмеде отырғандардың ішінен "саяси тұтқындарды" ерекшелеп, олардың тізімін жариялап отырады. Бұл ақпарат "Тірек" альянсының сайтында жарық көреді. Қазір онда 20-дан астам адам көрсетілген.

Бірақ өкімет ел аумағында саяси тұтқын бар дегенге келіспей, заңда саяси қудалауға негіз болатын норма жоқ деп санайды.

"Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ", – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қаңтарда үкімет қаржыландыратын "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген сұхбатында.

Қазақстан билігіне құлақ ассаң, қандай да бір азаматты саяси тұтқын деп тану үшін заңда "саяси қылмыс" немесе "саяси тұтқын" деген бап болуы керек сияқты. Бірақ іс-жүзінде мұндай бапты ешбір елдің заңынан таба алмассыз. Өйткені саяси тұтқын – құқықтық термин емес, ол – аты айтып тұрғандай, саяси ұғым.

Қазақстанда құқық қорғаушылар кеңесі елдегі "саяси тұтқындар" тізімін 2010 жылдардың басынан бері тұрақты түрде жариялап келеді. Тізім жаза мерзімінің аяқталуына және жаңа сот шешімдеріне қарай жаңарып тұрады. Мәселен, 26 тамыз күні АЭС қарсаңында қамауға алынған белсенділер төрт жыл шартты жаза алып бостандыққа шыққан соң, "Тірек" тізімінен шығарылды. 2 қыркүйек күні құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Тимур Дәнебаев та түрмеден босады.

Кеңес құрамында құқық қорғаушылар, тәуелсіз журналистер мен саясаттанушылар – барлығы сегіз адам бар. Соның бірі – Қазақстандағы адам құқығы бюросының сарапшысы Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Саяси тұтқын дегеніміз – құқықтық емес, саяси термин. Бірақ оның құқықтық құрамы бар. Саяси қуғын-сүргін терминімен салыстыра кетейін. 1990-жылдарға дейін мұндай термин болған жоқ. Совет заңы оны мойындамады, бірақ кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң пайда болып, термин құқықтық сипатқа ие болды. "Саяси тұтқын" ұғымында әзірге құқықтық статус жоқ, бірақ саяси-қуғын сүргін аясында бостандықтан айыратын мекемеде жаза өтеп, сол үшін өтемақы алғандарды саяси тұтқын деп анық айтуға болады, – деді ол Азаттыққа.

Кембридж сөздігі бойынша, саяси тұтқын – өз үкіметін сынағаны үшін немесе билік мақұлдамаған ұйымға, әлеуметтік топқа не нәсілге жатқаны үшін түрмеге тоғытылған адам. Бірақ саяси тұтқын мәртебесін берерде бір анықтаманың өзі жеткіліксіз. Әдетте бұл мәселемен айналысатын халықаралық ұйымдар анықтамамен бірге саяси тұтқын деп танудың өлшемдерін ұсынады.

Жовтистің айтуынша, қазақстандық құқық қорғаушылардың өлшемдері Еуропа Кеңесінің, "Халықаралық Амнистия" (Amnesty International), Ресей, Беларусь және Армения құқық қорғаушыларының өлшемдеріне ұқсайды.

– Біз бұл мәртебені берерде қандай да бір адамды саяси тұтқынға жатқызамыз деп қана қоймай, ол адам туралы анықтама ақпаратын береміз. Оны не үшін саяси тұтқын деп танығанымызды түсіндіреміз. Думан Мұхамедкәрім сияқты журналист белсенді бола ма, Марат Жыланбаев сияқты саяси белсенді бола ма, бэкграундын айтамыз, – дейді құқық қорғаушы.

Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.
Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.

Еуропа Кеңесінің өлшемдері

Еуропа Кеңесі "саяси тұтқын" ұғымын анықтамасын 2001 жылы әзірлеген. Бірақ 2012 жылы Әзербайжан мен Арменияны Еуропа кеңесіне қабылдау кезінде бұл ұғым қайта қаралып, Парламент ассамблеясында дауысқа салынып, бекітілді.

Еуропа Кеңесі бекіткен өлшем бойынша, саяси тұтқын деп тану үшін: а) адам сөз еркіндігі, ар-ұждан еркіндігі деген секілді негізгі құқықтары бұзыла отырып қамалуы керек; б) ешқандай құқықбұзушылық жасалмай, тек саяси себеппен қамалған болуы керек; с) жасалған құқықбұзушылыққа саяси себеппен пара-пар емес жаза тағайындалуы керек; д) саяси себеппен өзгелерге қарағанда алалау сипатында қамалуы қажет; е) әділетсіз процедура салдарынан қамалып, оның артында биліктің саяси пиғылы болуы қажет.

БҰҰ Жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобының анықтамасы

Цюрих университетінің постдокторанты, cаяси тұтқынның анықтамасы жайлы ғылыми мақала жазған Кристоф Штайнерт Біріккен Ұлттар Ұйымының Жосықсыз ұстау жөнінде жұмыс тобы әзірлеген тұжырымдамаға сүйенеді.

Цюрих университетінің постдокторанты, cаяси тұтқынның анықтамасы жайлы ғылыми мақала жазған Кристоф Штайнерт
Цюрих университетінің постдокторанты, cаяси тұтқынның анықтамасы жайлы ғылыми мақала жазған Кристоф Штайнерт

– Бұл анықтаманың артықшылығы көп. Өйткені саяси тұтқындауды анықтау үшін біз жергілікті заңға сүйене алмаймыз. Өйткені кейде жергілікті заңдар адам құқығы жөніндегі халықаралық заңдарға қайшы қолданылып жатады. Мәселен, Ресей үкіметке қарсы шерулерді заңсыз етті. Ал шеруге шығу сөз еркіндігі құқығына жатады. Демек, біз жергілікті заңмен шектелмей, халықаралық құқықтық стандартқа сүйенуіміз керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы жосықсыз ұстаудың 5 категориясын ерекшелейді, – деді ол Азаттыққа.

1-категория: Ұстауды ақтайтын ешбір құқықтық негіздің болмауы (мысалы, жаза өтелгеннен кейін де ұстау немесе амнистия туралы заң күшіне енгеніне қарамастан ұстау).

2-категория: Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясындағы 7, 13, 14, 18, 19, 20 және 21-баптарында және Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге мүше елдер үшін осы пактінің 12, 18, 19, 21, 22, 25, 26 және 27-баптарында кепілдік берілген құқықтар мен еркіндіктерді пайдаланғаны үшін бас бостандығынан айыру.

3-категория: Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген әділ сот талқылауына деген құқығы ішінара немесе толықтай бұзылып, соның салдарынан бас бостандығынан айырылу.

4-категория: Саяси баспана іздеушілерді, иммигранттар мен босқындарды ұзақ уақыт әкімшілік қамауда ұстап, олардың ісін әкімшілік немесе сот тәртібімен қайта қарау мүмкіндігінен және құқықтық көмектен айыру.

5-категория: Туу тегіне, азаматтығына, ұлтына немесе әлеуметтік шығу тегіне, тіліне, дініне, экономикалық жағдайына, жынысына, жыныстық бағдарға, мүгедектігіне немесе өзге де мәртебесіне байланысты кемсітушілікке негізделген және адам құқықтарының теңдігін елемеуге әкеп соқтыратын бас бостандығынан айыру.

"Халықаралық Амнистия" ұстанымы

Халықаралық Амнистия ұйымы "саяси тұтқын" сөзін қолданғанымен, оған кең ауқымды түсініктеме береді де, саяси науқанында "ар-ұждан тұтқыны" ұғымын пайдаланады. Ұйымның ережесі бойынша, егер сотталған адам бұған дейін зорлық-зомбылыққа үгіттесе немесе зорлық-зомбылықты өзі жасаса, я болмаса ксенофобиялық сөздер айтса, ол адамға әдетте "ар-ұждан тұтқыны" мәртебесі берілмейді. "Халықаралық амнистия" ұйымы өзінің "саяси тұтқын" анықтамасында мұны пысықтамағанымен, "ар-ұждан тұтқыны" ұғымында бұл жайлы кесіп айтады.

2021 жылғы қаңтарда ресейлік оппозиция саясаткері Мәскеу әуежайына қонған бойда қамауға алынғанда "Халықаралық амнистия" ұйымы оны ар-ұждан тұтқыны деп тауып, дереу босатуды талап етті. Бірақ бір айдан соң ұйым Навальныйда ар-ұждан тұтқыны тізімінен алып тастады. Ұйым Навальныйдың 2000 жылдардың аяғында айтқан ксенофобиялық сөздері жайлы көп шағым түскенін, оны елеусіз қалдыра алмайтынын мәлімдеді. Тағы бірер айдан соң, "Халықаралық амнистия" оппозициялық саясаткерді қайтадан тізіміне қосып, "ар-ұждан тұтқыны" жөніндегі ережесін өзгертетінін хабарлады.

"Навальныйды ар-ұждан тұтқыны деп танығанымыз оның саяси бағдарламасын қолдайтынымызды білдірмейді. Бірақ біз оның құқығы мойындалуы қажет екенін атап өткіміз келеді. Навальный түрмеге қандай да бір қылмысы үшін емес, қоғамдық өмірге ел қатары араласу құқығын, жемқорлықтан таза үкіметті талап еткені үшін тоғытылды. Бұл - ар-ұждан әрекеті және ол солай деп мойындалуы қажет" деді ұйым өз шешімінің түсіндірмесінде.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2024 жылы ақпанда Ресей түрмесінде қайтыс болды.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2024 жылы ақпанда Ресей түрмесінде қайтыс болды.

"Халықаралық амнистия" ұйымы Қазақстан азаматтарын да "ар-ұждан тұтқыны" деп таныған. Мәселен, 2018 жылы ұйым жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған белсенді Ардақ Әшімді, Қырғызстанда ұсталып Қазақстанға экстрадицияланған белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты, 2019 жылы Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген белсенді Серікжан Біләшті, 2020 жылы билікті сынайтын белсенді Әлнұр Ильяшев пен психиатрия орталығына еркінен тыс жатқызылған белсенді Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Қазақстан билігін оларды дереу босатуға шақырған. "Халықаралық амнистия" бұдан бөлек оппозициялық белсенді Жанболат Мамай мен журналист Темірлан Еңсебекті де саяси астары бар айыппен сотталғанын айтып, оларды да шартсыз босатуға үндеген.

Бірақ "Халықаралық амнистия" "ар-ұждан тұтқыны" деп танымаған саяси тұтқындар жөнінде мұндай талап қоймайды.

Ал "Тірек" альянсы саяси тұтқындар тізімін жариялағанда ешкімді бөліп жармайды, бірақ құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл тізімнен "ар-ұждан тұтқынын" анықтауға болады дейді.

Ар-ұждан тұтқыны деген кім? Бұл көзқарасы, ұстанымы үшін қудаланатындар. Онда басқа ешқандай құрам жоқ. Бізде атышулы 174-бап бар. Ұлттық, әлеуметтік, діни және өзге де алауыздық қоздыру деп аталады. Бұл бапты саяси астары бар қудалауда, соның ішінде саяси оппозицияны, өзгеше ойлайтындарды, дәстүрлі емес дін өкілдерін қудалауда қолдануы мүмкін. Оған экстремистік ұйымдардың қызметі жайлы 405-бапты қосуға болады. Бұл адамдар мемлекет экстремистік деп тапқан пікірі үшін ғана бостандығынан айырылған болуы мүмкін, ондай жағдайды оларды саяси тұтқынға анық жатқызуға болады, – дейді ол.

Кей жағдайда билік үшін қолайсыз адам расымен де құқықбұзушылыққа қатысы болуы мүмкін. Кейде адамдар заң ережесін бұзбай-ақ қайғылы жағдайларға тап болып жатады. Мұндайда билік істі ілік ретінде пайдаланып, әдеттегіден тыс ауырлау жаза тағайындауы мүмкін.

Құқық қорғаушылар осындай жағдайға Евгений Жовтистің өзі де душар болғанын айтады. 2009 жылы ол Алматы-Қараой күре жолында көлік апатына ұшырап, салдарынан бір адам қаза тапқан еді. Жовтис оқиға қараңғыда болғанын, марқұм жолға кенет шыққанын, көлікті тоқтатып үлгеруге еш мүмкіндігі болмағанын айтқан. Оның үстіне марқұмның туыстары оған кешірім берген. Ал ол кезде Қазақстан заңы тараптардың татуласуын ескеретін. Бірақ сот соған қарамастан оны төрт жылға бас бостандығынан айырды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, сол кезде Жовтистің өзі де саяси тұтқын болған.

Кәрім Мәсімов "саяси тұтқын" ба?

Саяси тұтқын деп танудың тағы бір өлшемі – әділ сотқа деген құқықтың бұзылуы. Бірақ сот кезінде құқығы бұзылғанын айтатындар аз емес. Олардың бәрі саяси тұтқынға жата ма? Мәселен, 2022 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті жосықсыз ұсталған деп атады.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов. 2019 жылғы сәуір.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов. 2019 жылғы сәуір.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына немесе бұрынғы министрге саяси тұтқын мәртебесі беріледі деп айту қиын. Мұндай жағдай өте сирек болады. Өйткені саяси тұтқын мәртебесін берерде процесс не үшін саясиланғанын анықтаймыз. Біз мұндайда адамның бэкграундына қараймыз. Әдетте бұл тұрғыда азаматтық белсенділер, саяси оппозиция мүшелері, журналистер, құқық қорғаушылар қаралады. Яғни әңгіме саяси көзқарасы, өзгеше ойлағаны қудаланған адамдар туралы. Ал бұрын билікте болған, саяси жүйені күшейтуге жұмыс істеген, сол саяси жүйені құрған адамдарға келсек, иә олардың әділ сот процесіне деген құқығы бұзылуы мүмкін, бірақ бұл оны саяси тұтқын етпейді. Біздің пікіріміз бойынша, бұл саяси қудалау немесе әділетсіз сот тартысы мәселесі емес, бұл элитааралық қақтығыс мәселесі, – дейді ол.

Кезінде Алматы қаласы мен облысының әкімі, төтенше жағдайлар жөніндегі министр қызметтерін атқарып, кейін билікке оппозиция болған Заманбек Нұрқаділов пен бұрын ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ресейдегі елші болған Алтынбек Сәрсенбайұлын мысал еткен сарапшы билікте жүріп, кейін оған қарсы шыққан, зорлық-зомбылыққа жүгінбей халықаралық құқық нормалары аясында күрескен, сол үшін сотталған адамды "саяси тұтқын" деп тануға болатынын айтады. "Тірек" альянсының қазіргі тізімінде бұрын вице-министр, мәжіліс депутаты қызметтерін атқарған Нұржан Әлтаев та бар. Ол 2020 жылы ол мәжілістегі қызметінен босатылып, биліктегі "NurOtan" партиясынан (қазіргі AMANAT партиясы) шығарылды да, содан соң "Ел тірегі" партиясын құратынын мәлімдеді. 2023 жылы сот оны вице-министр кезінде "жемқорлықпен айналысқан" деп соттады.

Кристоф Штайнерт Мәсімовті "саяси тұтқын" деп қарастыруға болатынын, бірақ оны ар-ұждан тұтқындарынан бөлек қарастыру қажетін айтады.

– БҰҰ жұмыс тобының стандарттары бойынша, оның әділ сотқа деген құқығы бұзылса, онда ол адам саяси тұтқынға жатады. Бірақ әрине бұл істі адам құқығы еркіндігін пайдаланғаны үшін сотталғандардың ісіне теңеуге болмайды. Сол себепті мен өз мақаламда саяси тұтқындарды бөліп қарастыру керегін айттым. Бұл адам саяси тұтқынға жатады, бірақ оны шартсыз босатуды талап етуге келмес, өйткені құпия қызметтің бұрынғы басшысын ұстауға заңды себеп болуы мүмкін. Мұндай дұрысы – әділ сотқа деген құқығын орындауды талап ету, – дейді ол.

Кристоф Штайнерт саяси тұтқын ұғымын 5 түрге бөліп қарауды ұсынады. Біріншісі: болмыс тұтқыны. Оған ұлты, діні, мәдениеті, азаматтығы немесе жыныстық болмысы үшін сотталғандар кіреді. Бұған Холокост кезіндегі еврейлерді, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде мұсылман болғаны үшін ғана қамалған түркі халықтарын мысал етуге болады.

Екінші түрі: конформист емес саяси тұтқындар. Билік талап еткен әрекетке бармаған, билік күткен мінез-құлық танытпаған адамдар. Үшіншісі: диссидент тұтқындар. Олар халықаралық құқық нормалары аясында билікке қарсылық танытқандар. Төртіншісі: заң бұзған адамдар. Мемлекет әділ сотқа деген құқығын бұзды деген бұл адамдар заңға қайшы әрекет жасап, бірақ зорлық-зомбылық жасамаса, оған үгіттемесе, саяси тұтқын деп танылуы керек дейді Штайнерт.

Құқықтанушы айтқан бесінші категория: зорлық-зомбылық жасаған саяси тұтқындар. Қандай да зорлық жасаған саяси қозғалыс жетекшілерін мысал еткен Штайнерт оларды саяси тұтқынға жатқызады, бірақ құқық қорғаушылар оларды босатуды талап етпеуі керек, олар үшін тек әділ сот сұрауы қажет дейді.

Биліктің ұстанымы

Азаттық осы материалды әзірлеу барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы сұхбатындағы пікірін нақтылай түсейін деп оған хат жазды. Онда әлем тарихынан саяси тұтқын екені дауланбайтын адамдардың мысалын келтіріп, ол адамдардың осы статусына қалай қарайтынын, саяси тұтқын ұғымына қандай анықтама беретінін сұрадық. Сондай-ақ қылмыстық кодекстегі Жовтис айтқан 174 және 405-баптарды қолдану стандарттарын қайта қарау мәселесін де қозғадық.

Тоқаев бұл сұраққа әдеттегідей өзі жауап бермей, президент атынан әділет министрлігі жауап хат жазды. Министрлік саяси тұтқын сөзі анықтамасы жөнінде бірыңғай стандарт жоқ екенін, Қазақстан азаматтары саяси көзқарасы үшін қудаланбайтынын, атышулы 174 және 405-баптар саяси мақсатта емес, заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қолданылатынын айтады.

"Саяси тұтқын" деп танудың маңызы

Азаттық қос сарапшыдан "саяси тұтқындар" тізімін жүргізудің, халықаралық ұйымдар үндеулерінің жергілікті билікке қандай да бір әсері бар ма деп сұрады.

– Бұл, біздің ел өкінішке қарай демократиялық емес авторитарлық мемлекет екенін қуаттап отыр. Өйткені демократиялық елдерде саяси тұтқындар жоқтың қасы. Бұл адамдардың мәселесі Қазақстан мен халықаралық ұйымдар, шетел үкіметтері арасындағы диалогтарда қозғалады. Яғни саяси тұтқындар тізімі рөл атқарады. Қайткенде бұл барлық жерде назар аудартады. Қараңыз, тіпті Лукашенко мырзаны өзі саяси тұтқындарды босатуға мәжбүр болды. Диалог, келіссөз, кейде тіпті саудаласу арқылы Совет Одағы да саяси тұтқындарды босатып тұрды. Сол себепті бұл жұмысты жалғастыру қажет. Бұл – оқиғаны тіркеу, бұл – тарих және бұл – қоғамдық, саяси және өзге қызметі үшін саяси қудалауға ұшыраған адамдарға көмектесу талпынысы, – дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

–Авторитарлық режимдерде қандай да өзгеріске қол жеткізе аламыз ба? Бұл – үлкен мәселе. Ресей немесе Қытай секілді елдерде бұл өте қиын, – дейді Штайнерт. – Дегенмен, кей зерттеулерге қарасақ, орташа есеппен алғанда "Халықаралық амнистия" ұйымының үндеуі сияқты науқандар халықаралық қысым тудырып, саяси тұтқынның босап шығу ықтималдығын арттырады. Бұл мұндай үндеулер барлық жағдайда нәтиже береді дегенді білдірмейді, бірақ босап шығу мүмкіндігін күшейтеді. Сондай-ақ кей зерттеулер саяси тұтқындардың ісіне назар артқан соң, олардың түрмедегі жағдайы жақсарып жататынын көрсетеді. Барлық жағдайда емес әрине. Кейде халықаралық қысымға төтеп бергеннен гөрі тұтқынды босата салу жеңіл деп қарауы мүмкін.

Қорытқанда, саяси тұтқын сөзі жөнінде бірыңғай стандарт жоқ. Бірақ құқық қорғаушылар көбіне Еуропа Кеңесінің, Біріккен Ұлттар Ұйымы жосықсыз ұстау жөніндеу жұмыс тобының, "Халықаралық амнистия" ұйымының анықтамасына сүйенеді. Олар саяси тұтқын деп зорлық-зомбылық жасамаған, саяси көзқарасы немесе болмысы үшін мемлекет тарапынан қудалау көрген адамды айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG