Нұртілеудің жұртқа көрінуі
8 қыркүйек, дүйсенбі күні Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі жолдауын жариялады.
Жолдауды тыңдауға жиналған жоғары лауазымды шенеуніктер арасында журналистер бірден қаумалап, сұрақтың астына алған адам – елдің сыртқы істер министрі әрі премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу болды.
Ол өткен аптаның ортасында "Мұрат Нұртілеу ұсталған" деген ақпарат тарағалы бері алғаш рет көпшілік алдына шығып отыр.
Министр өзін залға жібермей, жолын бөгеген БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере келе, өзі жайлы тараған ақпаратты "қаңқу сөз" деп сипаттады.
Жаппай цифрландыру ұраны
Тоқаев алдағы уақытта Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрлатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқармақ.
Оның айтуынша, күллі әлем жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басып отырған кезде Ақорданың негізгі мақсаты – түрлі қатерге толы кезеңде елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Тоқаев.
Оның сөзінше, үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. "Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек", – деді президент.
Тоқаев Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласын тікелей үкіметке бағынатындай етіп ерекше мәртебе беруді тапсырды. Президенттің сөзінше, жаңа қала осы аймақтағы smart-city технологиясы қолданылатын алғашқы цифрландырылған қалаға айналмақ. Alatau City жобасымен қытай компаниясы айналысатын болады деді Тоқаев. Бұл туралы екі тарап өткен аптада Тоқаев Қытайда болған кезде келіскен.
"Екінші мен үшінші АЭС құрылысын тездету керек"
Президент Тоқаев өткен аптада өзге мемлекет басшыларымен бірге Пекинде Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті мен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына арналған әскери парадқа қатысып қайтқан. Сол себепті жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын биыл парламенттің күзгі сессиясы ашылған күні емес, сәл кешірек жасады.
Тоқаев жолдауында елде екінші және үшінші атом электр станциялары құрылысына кірісу қажеттігін айтқан кезде, өткен аптада Қытай басшысымен кездесуде атом саласында стратегиялық әріптестік жөнінде уағдаласқанын сөзге қосты.
"Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба "Росатоммен" бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын", – деді Тоқаев.
Қазақстанда алғашқы АЭС салу жоспары 2019 жылы белгілі болған еді. Былтыр күзде өткізілген референдумның ресми қорытындысына сәйкес, дауыс беруге қатысқандардың 70 пайыздан көбі елде АЭС салуды қолдады. Кейбір тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру барысында бұрмалауға жол берілді деп сын айтқан еді. АЭС құрылысын салуға қарсы шыққан белсенділердің кейбірін билік жауапқа тартып, соттады.
Биыл маусым айында Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке технология жеткізуші ретінде ресейлік "Росатом" компаниясы таңдалғаны белгілі болған. Жергілікті басылымдар елдегі екінші және үшінші АЭС құрылысын Қытайдың CNNC компаниясы салмақ деген ақпарат жариялаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл станциялар "Росатом" салып жатқан нысанға қарағанда жылдамырақ пайдалануға берілуі мүмкін.
Тоқаев сөккен "масылдар"
Тоқаев жолдауында "тұрмысы төмен азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керегін" айтты. Оның сөзінше, "мемлекеттің бәріне көне беретін әлеуметтік саясатынан жүзден астам жеңілдік пайда болған", бұл көмекті әперетін "жылпостар да көбейген".
"Әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту - елді дамытуға, мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын салуға қажет қаржыны желге шашу", – деп мәлімдеді Тоқаев.
Президент мемлекет "жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отыр" деп санайды.
"Кезінде біздегі "әлеуметтік саланың жанашырлары" толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде "көш бастаған" елдер қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес", – деді президент.
Ол "үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді" деп мәлімдеді.
Қазақстан 2000 жылдары көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соғыс ардагерлеріне әлеуметтік көмек беріп келеді. Көпбалалы отбасыларға көмекті үкімет бұрындары "демографияны жақсартуға қосқан үлес" деген.
2019 жылы ақпан айында Астанада жер үйде болған өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапты. Бұл оқиға елде көп балалы әйелдердің жаппай наразылығына түрткі салды. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әлеуметтік жәрдемақыны көбейтуді тапсырған. Үкімет атаулы әлеуметтік көмек енгізіп, көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден ақша төлеген. Сол жылы наурыз айында Қазақстан президенті болып жаңа қызметке кіріскен Тоқаевтың үкіметі елдегі әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарап, әр балаға 21 мың теңгеден беру жүйесін алып тастағаннан кейін көп балалы отбасылардың наразылығына ұшырады. Сол кезде де билік өкілдері "масылдық" жайлы айтқан еді.
Президентті қынжылтқан "даукес әйелдер"
Жолдауда заң және тәртіп жайлы айтқан сөзінде Тоқаев қазіргі таңда жол қауіпсіздігі – халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін түйткіл мәселе болып отырғанын айтты.
"Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес", – деді президент.
Ол көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажеттігін айтты.
"Электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр", – деді ол.
Бұған қоса, қазіргі кезде "адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет барын" айтты. "Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады" деді Тоқаев.
"Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің бұл сөзін әйел құқығын қорғайтын феминист белсенділер сынға алды. Мәселен, Batyrjamal медиаресурсы президент жолдауында "мемлекет әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қалай қорғауды жоспарлап отырғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ, есесіне бұл жолы президент өзін қынжылтатын "даукес әйелдер" жайлы айтты" деп жазды.
Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын өзгерту
Биылғы жолдауында президент Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Бас прокуратура жанынан құрылған Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын өзгертуді ұсынды.
"Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек", – деді Тоқаев.
Бақылаушылар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасы мен оның мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайындағылардың билікке таласы деп сипаттайтын Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін, Қазақстанда Назарбаевтың туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ықпалды лауазымынан айырылып, кейбірі қылмыстық қудалауға тап болды. Сол кезде Астана Бас прокуратураның жанынан Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрған еді. Содан бері өткен кезеңде билік өкілдері экс-президенттің отбасы мүшелері шетелге заңсыз шығарған активтер мемлекетке қайтарылып жатқанын анда-санда мәлімдеп келді, алайда нақты деректер ашық түрде жарияланған жоқ. Сыншылар бұл науқан ашықтықтан ада деп санайды.
Тоқаев сенатты қысқартуды ұсынды
Қазақстан парламентінен сенат қысқартылып, заң шығару органы бір палаталы болмақ. Мұндай бастаманы дүйсенбі, 8 қыркүйек күні Астанада парламентте халыққа жолдауын жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Ол парламенттік реформа жайлы ұсынысын бір жарым сағаттан артық уақытқа созылған жолдауының аяғында жария етті.
"Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын", – деді президент.
Тоқаев кезінде өзі он жыл сенат жетекшісі болғанын, сол себепті парламенттік реформа туралы айту оңайға түспейтінін, соған қарамастан елде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтергісі келетінін мәлімдеді.
"Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын", – деді ол.
Бұдан соң 2027 жылы елде жалпыұлттық референдум өткізіп, содан кейін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізуге болады деген ойын айтты Тоқаев.
"Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын", - деді президент.
Сөз соңында Тоқаев мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңды рәсімдер аяқталғанша, ал сенат жалпыұлттық референдум қорытындысы шығып, жаңа парламент сайлауы өткенге дейін жұмыс істей береді деп хабарлады.
Қазақстанда қос палаталы парламент елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылып, алғашқы құрамы 1996 жылы сайланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде құрамы сегіз рет жаңарған сенат 50 депутаттан тұрады: 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.
Тәуелсіз ел тарихындағы ең ірі қантөгіске әкелген 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда сайлау реформасы қажет деген талаптар жиі айтылған еді. Ақырында заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылы наурызда өткен мәжіліс сайлауына партиялық тізімге қоса бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатысқан. Сол кезде Ақорда мәжілістегі 98 депутаттың 29-ы бір мандатты округтерден сайланғанын заман талабына сай жасалған реформаның жемісі деп дәріптеген.
Қазақстан қоғамында сенатқа байланысты пікірталас бұрыннан бар. Бір тарап сенатты басы артық органға жатқызса, екінші тарап ол өңірлер өкілдігінің кепілі ретінде қажет дейді. Кейбір сыншылар құрылған кезден бастап сенаттың басты мақсаты – билік теңгерімі үшін емес, президент билігін нығайту болды, сондықтан ол "нағыз саяси пікірталас алаңы емес, билікке ыңғайлы тежегіш құрал рөлін атқарды" деп есептейді.
ПІКІРЛЕР