Бір палаталы парламент: халыққа жақындай ма, әлде Ақордаға тәуелді бола ма?

Қазақстан парламенті депутаттары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдап отыр. Астана, 8 қыркүйек, 2025 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенатты қысқартып, бір палаталы парламентті партиялық тізіммен сайлау жайлы бастама көтерді. Ел тарихында бір палаталы парламент, тек партиялық тізім бойынша сайлау бұрын да болған. Кезінде олардан бас тартқан Ақорда енді нені өзгерткісі келеді? Сарапшылар пікірін білдік.

Тоқаевтың кезекті бастамасы

8 қыркүйекте халыққа жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан партиялық тізіммен сайланатын жалғыз палаталы парламент құру туралы ұсыныс айтты.

2019 жылдың наурызынан бері президент қызметінде отырған Тоқаев кезінде он жыл сенат жетекшісі болғанын, сол себепті парламенттік реформа туралы айту оңайға түспейтінін, соған қарамастан елде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтергісі келетінін мәлімдеді.

"Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын", – деді ол.

Президенттің ойынша, 2027 жылы елде парламент реформасы жөнінде жалпыұлттық референдум өткізіп, содан кейін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізуге болады.

"Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын", - деді Тоқаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жасанды интеллект, жаппай цифрландыру, "даукес әйелдер", бір палаталы парламент. Тоқаев жолдауында не айтты?

Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин президент жолдауының негізгі өзегі – "кең ауқымды цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу" екенін айтты.

Қазақстанда қос палаталы парламент елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылып, алғашқы құрамы 1996 жылы сайланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде құрамы сегіз рет жаңарған сенат 50 депутаттан тұрады: 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.

Сенат: құрамы және құзіреті

Қазақстан парламенті сенатына облыстар мен республикалық маңызды қалалардан екі депутаттан сайланады. Оларды халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары таңдайды. Кейінгі 10 жылда Қазақстанда тұрған, жасы 30-дан асқан, жоғары білімді, сотталмаған және кемі 5 жыл еңбек өтілі бар адам сенат депутаттығына кандидат бола алады. Сенат президенттің ұсынуымен Жоғары сот төрағасы мен оның судьяларын, Адам құқығы жөніндегі уәкілді қызметке тағайындайды және босатады; президент Конституциялық сот төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын сенаттың келісімімен тағайындайды. Сенат Бас прокурорды, Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларын, Адам құқықтары жөніндегі уəкілді оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыра алады. Бұдан бөлек, мәжілістің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сенат заң шығару қызметін жалғыз атқарады.

"Шынайы саяси бәсеке жоқ жерде – бәрі жасанды"

Бұрынғы сенат депутаты, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" президенті Зәуреш Баталова бір палаталы парламент болғанын құптайды. Бірақ, оның сөзінше, әуелі шынайы оппозициялық партиялар тіркеліп, саяси күштер арасында шынайы бәсеке орнауы керек. "Олай болмайынша, парламент президент ығынан шыға алмайтын енжар құрылым күйінде қала береді" дейді бұрынғы депутат.

Бұрынғы сенат депутаты, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" президенті Зәуреш Баталова бір палаталы парламент болғанын құптайды. Бірақ ең әуелі шынайы оппозициялық партиялар тіркеліп, саяси күштер арасында шынайы бәсеке орнауы керек дейді ол. Өйтпеген жағдайда, парламент президент ығынан шыға алмайтын енжар құрылым күйінде қала бермек деп есептейді Батталова.

Зәуреш Батталова

– Парламенттің мәртебесін көтеру және оның жұмысы сапалы болу үшін бір палаталы қылу қажет екенін бұрыннан айтып келеміз. Сондықтан, әрине, мұны (бір палаталы парламентке ауысуды – ред.) дұрыс деп санаймын. Бірақ, өзгеріс болады деп жариялап алып, іс жүзіне келгенде нақты өзгеріс болмай қалатынын бәріміз білеміз. Сондай болмас үшін, әуелі нақты бағыттарды айқындап алуымыз керек, олар: парламент нағыз заң шығару орталығы болатындай етіп оның өкілетін кеңейту; депутат әкімшіліктің емес, өзін сайлаған халықтың мүддесін қорғауға мүдделі болатындай етіп оның жеке жауапкершілігін арттыру; заң жобасын дайындау жұмыстарына азаматтық қоғам өкілдерін араластыруды кеңейту. Кейінгі жылдары ондай жұмыстар жасала бастады, бірақ әлі де кеңейтіп, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беру керек. Ең бастысы, парламентке халық сенетіндей болу керек. Себебі, егер мемлекетте халықтың билікке сенімі болмаса, ол мемлекеттің қауіпсіздігі, шыны керек, көп сұрақ тудырады, – деді "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі.

Зәуреш Батталова биліктің парламенттік реформа туралы бастамасы елде тағы да кезектен тыс парламент сайлауы өтетінін білдіреді деп санайды.

– Бір я бір жарым жыл ерте өткізетініне көзіміз жетіп отыр. Бірақ, дәл қазіргідей жағдайда тек партиялық тізім бойынша сайлау өткізу қате деп есептеймін. Өйткені, бізде оппозициялық партия жоқ екені шындық, оны бәрі біледі. Парламентте биліктің айтқанынан шыға алмайтын жасанды "оппозиция" отырғанын бәріміз көріп отырмыз. Бізде бір мандаттық округтер бойынша сайлау тәртібі енгізілгеніне көп болған жоқ. Меніңше, солай қалдырып, партиялар арасында шынайы бәсеке болу үшін партияларды тіркеуге жағдай туғызуды ойластыру керек. Онсыз парламентте тағы да билікке жалтақтап, соның айтқанымен жүретін, өзгеше ой-көзқарас айта алмайтын жасанды партия отыратын болады, – деді Батталова Азаттыққа сұхбатында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоғарғы кеңестен "елбасына" дейін. Қазақстан авторитаризм жолына қалай түсті?

Биліктің үрейі немесе ойдан шығарылған қауіптер

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис президент Тоқаевтың парламент мінберінен айтқан бір палаталы парламент жайлы ұсынысын саяси реформа деу қиын дейді.

– Меніңше, бұл авторитар модернизацияға жақынырақ, бұл қазіргі бар институттың болмысын өзгертпей жетілдіруге немесе тиімділігін арттыруға талпыныс қана. Шынтуайтына келгенде, қазіргі институттар постсоветтік жүйенің сарқыншағы, яғни азаматтар мен олардың еркіндігі, құқығы ескерілмейтін авторитар сипаттағы мемлекет үстемдігі басым жүйе. Бұл жүйеде адам, қоғам, халық – саяси субъектілер деп қаралмайды, жүйе оларға объект деп қана қарайды. Сол баяғы постсоветтік саяси менталитет: "тұрақтылық" дегенді желеу ете отырып, мемлекет елдегі барлық процесті бақылауда ұстайды, – деді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис

Жовтис әдетте унитарлық мемлекетте артық көрінетін сенат Қазақстанда элита ішіндегі балансты сақтаумен қатар президент оларды бақылауда ұстайтын орган рөлін атқарғанын айтты.

– Меніңше, сенат федеративті мемлекеттің белгісі ретінде қолданылды, яғни федеративтік құрылымның бейнесі. Бұл – аймақтар мүддесін ескеру талпынысы болды. Бір жағынан, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Бірақ 1995 жылдан бастап қос палаталы парламент жүйесі енген соң, билік аймақтағы элиталар мүддесін күйттеуге көшті. Әр облыстан екі сенатор сайлау арқылы билік элита ішіндегі мүдделер балансын немесе аймақтағы элитаның орталыққа қатысты мүддесін сақтауға талпынды деуге болады. Мен "тұндырғыш" деген сөзді ұната бермеймін, бірақ сенат сондай жерге айналды. Яғни ол жерге бұрынғы лауазымды адамдар, ықпалды тұлғалар мен әлдебір кландардың өкілдері барады, сөйтіп екі түрлі жолды таңдайды: бірі сенатта зейнетке шыққанға дейін отырады, екіншілері саяси құрылымдарда бір өзгеріс болса, жаңа қызметке өткенше сонда күте тұрады. Бірақ жүйе авторитарлық сипатта болғандықтан, бәрібір оны бақылауда ұстауды көздейді, – деді Жовтис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бәз баяғы спикер, бұрынғыдан айырмашылығы аз парламент"

Құқық қорғаушы билік көп жағдайда ойдан шығарылған нәрселерден үрейленуге әдеттенгендіктен шынайы саяси бәсекеге тұсау салып отыр деп есептейді. Оның пікірінше, ондай жағдай сайлау сияқты саяси науқандарда оппозицияның шеттетілуінен де байқалады.

– Авторитар саяси жүйеде мәселе бір мандатты округтен кім сайланатынында емес, мінберге кімнің шығуына мүмкіндік берілетіндігінде. Өйткені сайлау науқаны басталғанда адамдар сөйлеу құқығына ие болады. Оппозиция да солай, үгіт-насихат жүргізуге мүмкіндік алады, елге түрлі балама ұсынады. Сөйтіп билік совет кезіндегідей, қоғам санасына артық ой салудың, билік идеологиясына күмән келтірудің қажеті жоқ деген ұстанымын байқатады. Сондықтан бұл өзгерістің бірнеше мотиві бар. Әуелгі мақсаты – билік бәрін бақылауда ұстағысы келеді. Бізде кейінгі 20 жылдан бері саяси пікірталас жоғын көріп жүрген шығарсыз. Билік абсолютті түрде барлық қауіп-қатерді, тіпті ойдан шығарылған қатердің де көзін жоюды көздейді. Меніңше, олар көбіне ойдан шығарылған нәрселерден қауіптенеді. Бірақ билік сондай үрейде отыруға әдеттенген, – деді Евгений Жовтис.

Билікте ұзағырақ қалу амалы емес пе?

Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсар президенттің жалғыз палаталы парламент құру туралы ұсынысының төркіні саяси проблемада жатыр деп есептейді.

Уалихан Қайсар

– Азаматтық қоғамның, жалпы халықтың екі палаталы парламенттің қажеті жоқ, сенатты таратып, бір палаталы парламент болсын деп айтып жүргеніне талай жыл болды. Бұл қазіргідей әлемде және Қазақстанда үлкен экономикалық дағдарыстар қарсаңында, халық наразылығының алдын алу үшін жасап жатқаны шаралары. Парламент мейлі неше палаталы болса да, экономикаға оның сапасы ғана әсер етеді. Сапасы жоқ болса, бір палаталы парламенттің де ешқандай пайдасы жоқ.

– Шынайы оппозициясы жоқ әрі ондай партиялардың тіркелуіне мүмкіндік бермей отырған Қазақстанда партиялық тізім бойынша сайлау өткізу азаматтық қоғамға қаншалықты тиімді болмақ?

– Ол адал емес, әділетсіз шара болады. Өйткені қазіргі партиялардың бәрі бұрын Назарбаевтың, кейін Тоқаевтың тұсында елеуіштен өткен партиялар, билік депутат қылып өткізген адамдар, оларды саяси күш деп айтуға да келмейді. Тоқаев айтқандай бір палаталы парламент болса да, толық соның бақылауындағы парламент болып қалады. Оған екінші палатаның қажеті болмайды. Бір жағынан халыққа "сенат қысқартылды" деп айтып, екінші жағынан партиялық тізіммен өзіне керекті парламент құрып, бақылау толық өз қолында қалатын болады, сөйтіп бір оқпен екі қоян атып алмақ.

Егер шын мәнінде саяси бәсекелестік болғанын қаласа, онда әлбетте саяси алаңда он, жиырма, тіпті одан да көп саяси партия болуы керек. Ал ол үшін саяси партиялардың тіркелуіне жол ашу керек. Мысалы, біз төрт жылдан бері "Алашорда" партиясын тіркете алмай жүрміз, 12 сот отырысы өтті, бірақ баяғы жартас – сол жартас. Егер Тоқаев парламенттік додаға басқа саяси партияларды қатыстырмайтын болса, онда бұл саяси реформа емес, бос сөз, көзбояушылық болып шығады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тізімде өлі адамдар бар, кім екенін айтпаймыз". Қазақстанда партия тіркеудің машақаты

– Адал емес, әділетсіз шара деп отырсыз. Алдағы уақытта сіз айтқан кем-кетіктер ескеріліп, парламент сайлауына шынымен балама ой-көзқарастағы адамдар партиялық тізім бойынша қатыстырылуы мүмкін ғой? Оны да жоққа шығарасыз ба?

– Мысалы, прездиент сайлауын алайық. Оған тек мемлекеттік қызмет атқарған адам түсе алады деген шектеу қойылған. Елде ондайлардың саны 80-85 мың адам делік, қалған 20 млн адам президенттік сайлауға кандидат ретінде қатыса алмайды. Ондай шектеу демократияға сай нәрсе емес, адамдардың саяси құқықтарын шектейтін тетік. Тура солай енді парламентке де жеке адамдардың сайлануына жол жабылатын болады.

Мысалы, қазір жақсы я жаман болсын, отыз шақты бір мандатты округтен парламентке жеке адамның сайлануына мүмкіндік бар. Ал президент айтқандай, 2028 жылы партиялық тізіммен ғана сайлау болса, онда президенттікке де, парламент депутаттығына да жеке адам сайлана алмайды, қанша жерден қоғамға танымал, беделді тұлға болса да. Сайлауға түсу үшін міндетті түрде бір саяси партияға кіруіне тура келеді. Егер басқа партиялардың тіркелуіне жол ашылатын болса, мейлі, тіпті бұған да келісер едім, бірақ іс жүзінде олай болмай отыр ғой. Сондықтан мұны әділетсіз реформалар деп айтуға болады.

– Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылға жуық тәжірибесінен білетініміз, әдетте парламентті өзгерту сынды оқиғалардың артында іс басындағы президенттің құзыретін күшейту, мерзімін созу сияқты мақсат-мүдде жатады. Бұл реформаның да соңы сондайға апармай ма? Өйткені Конституция бойынша, президент жеті жыл мерзімге бір-ақ рет сайланады, яғни Тоқаев енді сайлана алмайды. Алайда мерзім біткен соң бір палаталы парламент жасақтап, билікті премьер-министрдің қолына ұстатып, өзі AMANAT немесе басқадай бір партияның атынан сол өкіметтің басына баруды көздеп отырған жоқ па?

– Толық келісемін, мен де солай деп ойладым: 2027 жылы референдум өтіп, мерзімінен тыс сайлауда Тоқаев парламент төрағасы болып, бүкіл өкіметтің де, саяси партиялардың да тізгінін қолына алып, өзін қудалаудан толық қорғайтын кепілдік иеленіп, ал президенттікке өзіне жағымды, өзі таңдаған, өзі тағайындаған бір адамды өткізуі мүкін. Егер оған дейін денсаулығы сыр бермесе, Тоқаев AMANAT партиясын басқарып, парламент төрағасы өзі болады. Тіпті ондай жағдайда, Конституцияға Қазақстан президенттік емес, парламенттік республика болсын деген өзгерту енгізуі де ықтимал деп ойлаймын.

"Билік транзитінің жаңа кезеңіне дайындық"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев президент Тоқаевтың бір палаталы парламент құру туралы ұсынысы елде билік транзитінің жаңа кезеңіне дайындықты білдіреді, өйткені мұндай мемлекеттік модельде бір палаталы парламент спикерінің конституциялық мәртебесі күшейеді дейді.

Досым Сәтпаев

"Бұл елде тағы бір маңызды лауазым пайда болады деген сөз. Оған, гипотеза тұрғысынан, экс-президенттердің де таласуға мүмкіндігі бар", – деп жазды саясаттанушы әлеуметтік желіде.

Сәтпаев Тоқаевтың парламент депутаттарын "тек партиялық тізім бойынша сайлау" жайлы ұсынысы президентке тәуелді парламент қалыптастыруға бағытталғанын айтады. Ондай парламентке тек үкіметшіл партиялар өтіп, Ақорда олардың үстінен қарап, басқарады дейді сарапшы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев егер Қазақстан бір палаталы парламентке көшсе, депутаттардың өкілеттігі едәуір кеңейетінін айтады. Себебі бір палаталы заң шығарушы орган премьер-министрді, үкімет құрамын, күштік құрылымдар басшыларын, Жоғарғы сот судьяларын және Конституциялық сот мүшелерін бекітеді. Оған қоса, парламентте көпшілік дауысқа ие партияның төрағасының рөлі де күрт артады дейді Әбішев.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт президент сенаттың төрағасын, орынбасарларын тағайындайды және комитеттің барлық төрағалары президент әкімшілігінің мақұлдауынсыз қызметке келмейді деп есептейді.

Шалқар Нұрсейіт

"Қазіргі таңда сенат спикері болып Тоқаевтың президент әкімшілігінде жұмыс істеген, одан кейін 2019 жылы президент сайлау науқаны кезінде Тоқаевтың штабын басқарған, сенімді өкілі болған Мәулен Әшімбаев отыр. Әрбір аймақтан екіден сайланатын депутаттардың барлығын дерлік жергілікті әкімдік пен президент әкімшілігі пысықтап, әбден сұрыптаудан өткізген кандидаттар. Олардың барлығы дерлік осы саяси конъюнктураның мүшелері. Сенатта кездейсоқ адам болмайды, осы саяси жүйенің ойын ережесін қабылдаған, президент әкімшілігі нұсқауымен жүретін адамдар енеді", – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Саясаттанушының пікірінше, алдағы уақытта Қазақстан қоғамында түбегейлі саяси реформалар болады деуге келмейді.

"2019 жылдан бері Тоқаев әкімшілігінің саяси реформалар пакетінің мазмұны мен елде қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалға қарағанда, парламент тек құрылымдық өзгертуге ұшырап, президент әкімшілігіне бағынышты "Жаңа Адамдар" және "Әділдік және Өркендеу" деген бір-екі қуыршақ партия пайда болатын сыңайлы. Бір палаталы парламент "Ұлттық құрылтай" аталуы да мүмкін немесе қазіргідей Мәжіліс атауы қалады. Біздегі жағдайда президент билігінен еркін, тәуелсіз парламент тек іс басындағы президент билікте ұзағырақ қалу үшін өз орнын парламент спикерінің орнына ауыстыруды ұйғарған кезде пайда болады", – деп жазды Нұрсейіт telegram-парағындағы постында.

Ал саясаттанушы Димаш Әлжанов "Азаттық Азияға" берген пікірінде парламентті реформалау жайлы Тоқаевтың ұсынысы аясында Конституцияға бір палаталы заң шығару органын құру туралы өзгерістермен қатар, қоғамға әзірше ашық айтылмай жатқан басқа да түзетулер енгізілуі мүмкін екеніне назар аудару қажет деп есептейді.

Димаш Әлжанов

"Біз әзірге [жоспарланған] өзгерістердің толық тізімін білмейміз. Алайда бір палаталы парламент құру үшін Конституцияға түзетулер енгізу керек деген сылтаумен әлдеқайда маңызды нәрселерді – мысалы, президент өкілеті мерзімін қайтадан басынан санау немесе вице-президент лауазымы жайлы өзгертулерді ың-шыңсыз енгізіп жіберуі әбден мүмкін", – дейді саясаттанушы.

Ол бір палаталы парламенттің пайда болуы саяси партиялар мен олардың жетекшілерінің, сондай-ақ парламент спикерінің рөлін және өкілеттігін күшейтеді деген пікірге күмәнмен қарайды.

"Партиялар режим өзгеріп, демократияландыру басталғанда ғана тәуелсіз бола алады. Парламент спикері белгілі бір өкілеттікке ие болуы мүмкін, бірақ олар формалды сипатта болып, президент билігіне еш қауіп төндірмейді", – деп есептейді Әлжанов.

"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева билік ұсынып отырған партиялық тізім бойынша сайлау парламент пен мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну құқығын жоятындығына назар аударды.

"Қазақстанда партия тіркеу іс жүзінде мүмкін емес екенін, ал оған талпынғандар түрмеге түсіп жатқанын ескерсек, либералды өзгеріс болатындығына деген соңғы үмітті де үзеді. Саяси алаң президентке, оның айналасына және соған жақын партиялар иеленіп алған күйінде қалып отыр", – деп түйіндеді Жәпішева.