ЖАҢАЛЫҚТАР
Песков Путиннің "украин әскерін талқандау" сөзі жайлы пікір айтты

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 31 тамызда Владимир Путин 2015 жылы "Норманд төрттігі" кездесуінде айтты делінген "Украина әскерін талқандап жіберем" дейтін сөзге орай пікір білдірді. Ол "келіссөздердің түгеліне жуық қатыстым, бірақ ондай сөз естімедім" деді.
Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Петр Порошенкоға "армияңды талқандаймын" деп айтты деген сөзді Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд биліктен кеткен соң шыққан мемуарында жазған. Оның "Билік сабақтары" аталатын кітабы биыл сәуірде жарияланды. Бірақ кітапта жазылған Украина шығысындағы қақтығыс туралы сөйлемдерге орыс тілді БАҚ енді ғана назар аударған. Олланд Путин, Порошенко және Меркельмен бірге 2014-2015 жылдары "Норманд төрттігі" келіссөзіне қатысқан.
Олландың естелігінде "Порошенко мен Путин үнемі бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегендері", "Ресей президентінің бір сәтте жүйкесі сыр беріп, украин сарбаздарын түбегейлі талқандап тастаймын дегені" айтылған. Олландтың сөзінше, бұл Путиннің "Украина шығысында әскеріміз жоқ" дейтін пікірінің жалған екенін аңғартқан.
Олланд мемуарында Путин "қазіргі Киевті барынша әлсіретіп, билікке Кремльге ыңғайлы адамдардың келгенін, Еуропа Одағынан мейлінше алыстай түскенін, Украинаның НАТО құрамына кірмегенін қалайды" деп жазған. Францияның экс-президенті "Путин бұрынғы Совет Одағы империясының аумағында ықпалын қайта қалпына келтіруді көздейді" деп санайды. Оның пікірінше, "Украина, Грузия, Молдова және Әзербайжан шекараларында осындай сұр аймақ қалыптасып үлгерген" және "бұл мемлекеттер тәуелсіз, бірақ әлсіз".
Франсуа Олланд 2012-2017 жылдар аралығында Франция президенті болған.
"Норманд төрттігі" - Украина шығысындағы қақтығысты реттеу үшін құрылған мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің төрт жақты жұмыс тобы. "Төрттіктің" кездесулері 2014 жылдың маусым айынан бері өтіп келеді. Бұған дейін келесі кездесу Парижде өтетіні хабарланған. Бірақ әзірге нақты уақыты белгіленбеді.
Басқа да жаңалықтар
ШЫҰ елдері декларациясында "бір-бірінің ішкі ісіне араласпау" жайлы айтылған

Тяньцзиньда (Қытай) өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммитінің қорытынды декларациясы қабылданды. Құжатта ішкі іске араласпай принциптері, біржақты күш қолданбау және біржақты санкция салмау жайлы айтылған.
Елдер қауіпсіздік саласында, жасанды интеллектің дамуына байланысты төнетін қауіптерді жоюда бірге жұмыс істеуге келісті. Бұған қоса, әскери байланысты кеңейтуге уағдаласқан. ШЫҰ мүшелері АҚШ пен Израильдің Иранға соққысын сынға алып, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қолдау білдіретінін құжатта бекітті.
Декларацияда ядролық қаруды таратпауға келісті. Бұған қоса, әр ел өз аумағындағы интернетті өзі реттейтіні айтылған. Құжатта Украинадағы соғыс жайлы ештеңе айтылмаған. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің сөзінше, Мәскеудің Украинадағы соғыс бойынша позициясы – "бір елдің қауіпсіздігі екінші елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі тиіс".
"Қытай, Үндістан және басқа да стратегиялық серіктестеріміздің Украинадағы дағдарысты реттеуге атсалысып жатқанын жоғары бағалаймыз. Аляскадағы Ресей мен АҚШ арасындағы кездесуде қол жеткізген түсіністік әріқарай жалғасып, Украинадағы бейбітшілікке жол ашады деп үміттенемін" деді Путин саммитте.
Ресей президенті саммит кезінде Украинаның НАТО-ға мүше болуына жол бермеу туралы тағы айтты.
Бүгін, 1 қыркүйекте Путин Украина соғысын Үндістан премьері Нарендра Модимен және Түркия президенті Режеп Ердоғанмен талқылады. Ердоған Қытайға сапары алдында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен еді. Моди да Зеленскийге хабарласқан.
Украина президенті Зеленский Үндістан премьері Модиге Ресей басшыларымен кездесуге дайын екенін жеткізген. Ал Моди бұл "сигналды" Мәскеу жаққа жеткізуге уәде еткен.
Үндістан премьері Моди Путинмен кездесу "керемет болғанын" айтып, "Украинадағы соғысты тез аяқтап, тұрақты бейбітшілік орнатуды" атап өтті.
Ал Түркия Ердоған мен Путин арасындағы келіссөзден соң Мәскеуді "сенімді серіктес" деп атап, Түркияның Украинадағы соғысты тоқтатуға көп үлес қосып жатқанын атап өтті.
Украина жоғарғы радасының экс-спикері Андрей Парубийдің өліміне күдікті ұсталды

Украинаның Хмельницк облысында 1 қыркүйекке ауған түні Украина жоғарғы радасының бұрынғы спикері Андрей Парубийді өлтірді деген күдікпен бір адам ұсталды. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский хабарлады.
Күдіктінің аты-жөні айтылмады. Зеленскийдің сөзінше, ұсталған адамның айтқандары әзірше жарияланбайды. Украина бас прокуратурасы күдікті Львов қаласының 52 жастағы тұрғыны дейді.
Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко қылмыс тыңғылықты дайындалғанын, киллер Парубийдің жүретін жолын зерттеп, шабуылды және қашып кету әдістерін жоспарлағанын айтады.
Андрей Парубийді 30 тамызда Львов қаласында атып кеткен еді. Ол 2016 жылдың 14 сәуірінен бастап, 2019 жылдың 28 тамызы аралығында Жоғарғы раданың спикері болған.
Парубий 1971 жылы 31 қаңтарда Львов облысының Червоноград қаласында туған. Львов университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 2002 жылдан бері Львов облыстық кеңес төрағасының орынбасары, депутат болған, "Қызғылт революциясына" белсене қатысқан.
2006 жылдың сәуір айы мен 2007 жылдың желтоқсанында "Наша Украина" партиясы атынан Львов облыстық кеңесінің депутаты болып сайланған, 2007 жылы Жоғарғы раданың депутаты болды.
Еуромайдан кезінде ол палаталық лагерь коменданты болып, Майданның өзіндік қорғаныс бөліміне жетекшілік еткен. 2014 жылдың 27 ақпанынан бастап Украина ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс кеңесінің хатшысы қызметін атқарып келген. Украинаның Еуропа одағына қосылу бойынша да жұмыстар атқарған.
Тоқаев ШЫҰ аясында су мәселесін зерттеу орталығын ашуды ұсынды

Қытайдың Тяньцзин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында Су мәселесін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз" деді Тоқаев.
Бұған қоса, Қазақстан президенті ШЫҰ-ның терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыспен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдады.
"ШЫҰ мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді" деді ол.
- ШЫҰ-ға қазір Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Үндістан, Иран, Пәкістан мүше. Қытайдағы биылғы саммит АҚШ пен Батыс елдерінің Украинадағы соғысты тоқтатуға талпынып жатқан тұста әрі АҚШ президенті Дональд Трамп сауда тарифын жаппай өсірген шақта өтті.
- Бұған қоса, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан су мәселесі шешуге тырысып жатыр. Бірнеше өзен мен су көздерін ортақ пайдаланатын аймақта жаз кезінде қуаңшылық болып, елдер су бөлісе алмай жатады. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жиынында да осы мәселе талқыланған. Тяньцзиндегі ШЫҰ саммитінде де Қазақстан басшысы Тоқаев аймақтағы су мәселесін көтеріп отыр.
Семейде ядролық полигон құрбандарына арналған фильмді көрсетуге тыйым салғаны хабарланды

Семейде 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылған күніне орай жоспарланған "Жара" ("Рана") деректі фильмінің көрсетілімі Арбатта өтпей қалды. Бұл жөнінде бірінші болып фильм авторларына сүйенген Ulysmedia жазды.
Фильм авторы Әйгерім Сейтенованың айтуынша, көрсетілімді ұйымдастырушылар Alikhan Bokeikhan University-мен келіскен. Университетке қарама-қарсы орналасқан Арбаттағы LED-экранды қолдану жоспарланған. Алайда кейін қала әкімдігі іс-шараға рұқсат бермей қойған.
– LED-экран Семей әкімдігіне тиесілі. Бәрі келісілгендей болып еді, ректор да қолдау көрсетті. Сондықтан әкімдікпен бөлек келісу керек деп ойламадық. Жарнаманы бастап жібердік, бірақ өткен аптада, қателеспесем, сенбі күні көрсетілім өтпеуі мүмкін екенін айта бастады. Ал көрсетілімге бір сағат қалғанда ұйымдастырушы Майра Әбеноваға хабарласып, болмайды деді. Себебін түсіндірмеді. “Бәрі тоқтатылады” деп қана айтқан, – деді Сейтенова Ulysmedia басылымына.
"Дом" қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенованың сөзінше, ішкі саясат басқармасының қызметкері оған "фильмді көрсетуге болмайды" деп айтқан.
- Ал мен бірден "неге болмайды? себебі қандай?" деп сұрадым. "Полиция рұқсат бермейді" деді. "Полицияның қандай қатысы бар?" дедім. Үндемей тұтқаны қоя салды. Сосын ешкім жауап берген жоқ. Жазбаша да жауап берген жоқ, - деді Майра Әбенова 31 желтоқсанда Азаттыққа.
Азаттық әзірге Семей қаласы әкімдігінен жауап ала алмады.
Фильм авторы шетелде көрсетілім ұйымдастыру өз туған қаласына қарағанда оңай болғанына қынжылысын білдірген.
Фильм ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен алты әйелдің тағдырын баяндайды. Ондағы кейіпкерлердің бірі балаларынан айырылса, енді бірі онкологиялық дерттің кесірінен ана атана алмаған. Бұл туынды бұған дейін Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде, сондай-ақ Женевада, Лондонда, Парижде, Шотландия парламентінде және Германияның бірнеше қаласында көрсетілген.
Майра Әбенова сөз арасында миллиондаған адамды радиациямен улаған Семей ядролық сынақ полигоны жайлы қазақстандықтардың өздері, оның ішінде семейліктер де бар, жөнді білмейтінін, тарихқа немқұрайлы қарауға болмайтынын айтты.
"Мен өзім 29 тамыз қандай күн екендігі жөнінде зерттеу, сауалнама жүргізгенмін. Семейліктер ешкім білмейді. Әйгерім мен Ердәулет Астанада өткізген. Жұрт білмейді. Ешкім білмейді. Мәселе кинода да емес. Полигонның зардабын өзіміз шегіп отырмыз. Өзіміз тарихты білмейміз. Тарихты ұмытсақ не болады?" дейді Майра Әбенова.
Миллиондаған адамды радиациямен улаған Семей ядролық сынақ полигоны 34 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда ресми түрде жабылды. Бірақ қырық жыл бойы жасалған сынақтардың зардабын полигон аймағында тұратын халық әлі күнге тартып келеді. Оларды қорғайтын заң бірнеше рет өзгеріп, көмек те қысқарған.
Мерц: Германия Ресеймен соғыс жағдайында тұр

Германия Ресеймен соғыс жағдайында тұр деп мәлімдеді LCI телеарнасына берген сұхбатында Германия канцлері Фридрих Мерц. Оның сөзінше, Мәскеу Германияның басым бөлігін тұрақсыздандыруға бағытталған операция жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы елдің ісіне араласып отыр.
Бұған дейін Мерц Ресей президенті Владимир Путиннен Украинаға қарсы соғысты аяқтау ниеті білінбейді деген. Канцлер сонымен бірге Ресейге қысымды үдететінін айтқан.
Өз кезегінде Франция басшысы Эммануэль Макрон Путин осы дүйсенбіге дейін Украина басшысымен кездесуді келіспесе, кезекті рет АҚШ президенті Дональд Трампты алдайын деп тұр деп мәлімдеген.
"Айлар бойғы уәделерден кейін келесі аптада тағы да бұл болмаса, онда біз Ресейге қарсы тіке және жанама санкция салуға ашық түрде шақырамыз" деді Макрон.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Трамптың келісімге қол жеткізу үшін Ресейге берген мерзімі 1 қыркүйекте аяқталады.
Мәскеу Германияның ісіне араласып отырғаны туралы Мерцтің сөзіне түсініктеме берген Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "бұл [сұрақты] енді психиатрларға [қойыңыз]" деген.
Солтүстік Корея басшысы Ресейде қаза болғандардың отбасымен кездесті

Солтүстік Корея басшысы Украинаға қарсы соғыста қаза болған солтүстіккореялықтардың отбасын қабылдап, оларға "керемет өмірді" уәде етті. Бұл жөнінде Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген Reuters жазды.
Жұма күні қаза болғандардың отбасымен кездескен Ким "елдің намысын қорғау үшін өз өмірлерін құрбан еткен" сарбаздардың "бағалы өмірін құтқару мүмкін болмағандығына өкініш білдірген".
"Сарбаздар мен офицерлерге қаһармандық олардың "әлемдегі ең қайсар, патриот және әділ" отбасынан дарыған" - деді Ким ата-аналарға, әйелдерге және балаларға.
"Олар тіпті маған қысқа хат та жазған жоқ, бірақ менің ойымша, олар маған өз жақындарын сеніп тапсырған сияқты" деді Ким. Оның сөзінен мемлекеттік ақпарат құралы үзінді келтіреді.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік арнасы Кимнің шара кезінде қаза болғандардың отбасына төмен иіліп тұрғанын көрсетті.
Бұған дейін Ким Ресейдің Курск облысында украин әскерімен шайқастарға қатысып, еліне оралған солтүстіккореялық әскери қызметкерлерді қабылдап марапаттағаны белгілі болған.
Reuters-дің жазуынша, Солтүстік Кореяның мемлекеттік арнасы 29 тамызда "Курскіні азат ету" операциясына қатысқан солдаттар туралы кадрлар бар 25 минуттық деректі фильм көрсеткен.
- Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Курск облысында Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін Солтүстік Корея Курск облысын қалпына келтіруге 6 мың әскери қызметкерін жіберетіні де айтылған еді.
- Биыл сәуірде әуелі Ресей, одан кейін Солтүстік Корея Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялықтардың қатысқанын растаған. "Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді. Пхеньян есесіне Ресейден спутник ұшыру, ракета және өзге де мәселелер бойынша техникалық кеңес алады.
Ресей бас штабының жетекшісі Украинаға шабуыл жалғасатынын мәлімдеді

Ресей Украинадағы арнайы әскери операцияcын (Кремль Украинаға қарсы соғысын солай деп атайды – ред) жалғастырады. 30 тамызда Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов осылай деп мәлімдеді. Оның мәлімдемесін қорғаныс министрлігі жариялады.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Герасимов "2025 жылдың көктем мен жаздағы қимылдарды қорытындылап, әскерге алдағы мақсаттарды айқындап нақтылаған". Оның сөзінше, "күзгі маусымның" тапсырмалары анықталған.
Герасимовтің айтуынша, стратегиялық бастама "қазір толықтай Ресей әскерінде". Жазғы шабуыл кезінде едәуір жерді басып ала алмауының себебін ол украин әскерінің сол аумақтарды ұстап тұру үшін көп шығынға батқандығымен түсіндірді. Ресей әскері қанша адамынан айырылғанын айтпады.
Герасимовтің сөзінше, Ресей әскері қазір Луганск аумағының – 99,7%, Донецк облысының – 79%, Запорожье облысының – 74%, Херсон облысының 76% бақылауда ұстап отыр. Бұл дерек тәуелсіз бағалауларда айтылған көрсеткішке жақын. Донецк облысына қатысты ғана Герасимовтің көрсеткіші жоғарылау. Ресей бас штабы орыс әскері Сумы мен Днепропетровск облыстарындағы бірқатар елді мекендерді де бақылауда ұстап отыр.
Ресей әскері майданның бірқатар бөлігінде шабуылға шығып, жаңа жерлерді жаулап алып жатыр, бірақ қарқыны жоғары емес. Мәселе айына тек ондаған немесе жүздеген шаршы шақырым жерде болып отыр.
Ресей қарулы күштерінің жетекшісі 28 тамызда түнде Киевке жасалған соққыға қатысты да түсініктеме берді. Оның сөзінше, қорғаныс өнеркәсібі мен әскери аэродромдарға шабуыл жасалған. Киевке жасалған соққы кезінде бес қабатты тұрғын үй жартылай қираған еді, Киевке шабуылдан 25 адам қаза болған.
Трамп: АҚШ, Ресей және Украинаның үшжақты кездесуі өтеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей және Украина, АҚШ басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу өтетініне сенімді. Бұл жөнінде Daily Caller басылымына берген сұхбатында Трамп айтты.
"Екіжақтыны білмеймін, үшжақтысы өтеді" деді Трамп. Бірақ кездесу мерзімі мен орны жөнінде айтпады.
АҚШ президенті Путинмен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан соғысты жылдам тоқтата аламын деп ойлағанын, алайда тараптар бейбітшілікке дайын емес сияқты деді. Ол Ресей мен Украинаны жан-жағы "доғарыңдар" деп ескертсе де, төбелесуді қоймаған "балалармен" салыстырып, ерте ме, кеш пе, олар өздері қояды деді. Соғысты жалғастыруды "ақымақтық" деп атады.
Трамп сонымен бірге Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесіне де тоқталған. Оның айтуынша, Америка сарбаздарын Украинаға жібермейді және қажет болған жағдайда АҚШ қол ұшын беруге дайын. Президент сонымен бірге АҚШ Украинаға қару-жарақтарын тіке жібермейді – НАТО елдеріне сатады деді. Олар өз кезегінде Украинаға жеткізеді.
Трамп Зеленскийдің Ресей мен Украина басшыларының кездесуі керектігі туралы ұсынысты қолдап, одан кейін үшжақты кездесу өтуі мүмкін екенін айтқан. Кремльдегілер Путин мен Зеленский оған алғышарт пайда болған жағдайда мүмкін екенін айтқан. Трамптың үшжақты кездесуі туралы мәлімдемесіне Кремль түсініктеме берген жоқ.
Львовта Жоғарғы раданың бұрынғы спикерін атып кетті

Украина Жоғарғы радасының бұрынғы спикері Андрей Парубийді Львовта атып кетті деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттық радиосының Украин қызметі.
Полиция қаза болған адамның аты-жөнін айтпады, бірақ жергілікті уақыт бойынша түске таман қаланың Сихов ауданында атыс болғанын растады. Шабуылдаушы жасырынып қалған, оны қазір іздеп жатыр. "РБК-Украина" дерегінше, қылмыскер өзін тауар жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған, қылмыс орнында жеті гильза табылған.
Парубийдің қаза болғанын Украина президенті Владимир Зеленский мен Львов облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Максим Козицкий растаған. Олар қылмыскер іздестіріліп жатқанын айтты.
Андрей Парубий 2016 жылдың 14 сәуірінен бастап, 2019 жылдың 28 тамызы аралығында Жоғарғы раданың спикері болған.
Парубий 1971 жылы 31 қаңтарда Львов облысының Червоноград қаласында туған. Львов университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 2002 жылдан бері Львов облыстық кеңес төрағасының орынбасары, депутат болған, "Қызғылт революциясына" белсене қатысқан.
2006 жылдың сәуір айы мен 2007 жылдың желтоқсанында "Наша Украина" партиясы атынан Львов облыстық кеңесінің депутаты болып сайланған, 2007 жылы Жоғарғы раданың депутаты болды.
Еуромайдан кезінде ол палаталық лагерь коменданты болып, Майданның өзіндік қорғаныс бөліміне жетекшілік еткен. 2014 жылдың 27 ақпанынан бастап Украина ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс кеңесінің хатшысы қызметін атқарып келген.
“Саяси тұтқын” Бекіжан Меңдіғазиев бостандыққа шықты

Азаматтық белсенді Барлық Меңдіғазиевтің бауыры, құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған Бекіжан Меңдіғазиев бостандыққа шықты. Бұл жөнінде Барлық Меңдіғазиев пен “БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы хабарлады.
“Жылдар бойы теперіш, азаптау, бопсалау, қоқан-лоқы және қысымды бастан кешірсе де шыдады, режимге берілген жоқ...Бауырым түрмеде басынан бастап, соңына дейін отырып шықты, ең әуелі Адам ретінде ар-абыройын сақтап қалды, себебі ата-анамыз бізді солай тәрбиелеген еді” деп жазды қазір шетелде тұратын белсенді Барлық Меңдіғазиев.
2022 жылы сот "салықты жасырды" және "қылмыстық топтың мүшесі ретінде ақша жымқырды" деп айыпталған Бекіжан Меңдіғазиевті бес жыл бір айға бас бостандығынан айырған. Меңдіғазиев тағылған айыппен келіспеген.
Бекіжан Меңдіғазиевтің ісін сараптаған қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Құқық қорғаушылар Бекіжан Меңдіғазиевтің қамалуы мен оның шетелде жүрген бауыры Барлық Меңдіғазиевтің құқық қорғау және меценаттық белсенділігі арасында байланыс бар дейді. Бұған дейін Еуропарламент, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы оны босатуға үндеген.
Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын және "түрмеде саяси тұтқындар отыр" деген тұжырымды мойындамайды.
Барлық Меңдіғазиев – Батыс Қазақстан облысынан шыққан азаматтық белсенді. Қазір шетелде тұрып жатыр. 2021 жылы ол бауыры ұсталған кезде осылайша билік оған қысым жасағысы келеді деп айтқан. Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, бұрын өзіне тиесілі болған, кейін қызметкерлеріне берілген KSS фирмасы да қазір оған қысым жасау құралына айналған.
Алматылық “Қайрат” пен мадридтік "Реал" 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды. Матч кестесі турнирдің ресми сайтында жарияланды.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде “Қайрат”:
18 қыркүйек (21:00) — сыртта лиссабондық “Спортингке” қарсы;
30 қыркүйек (18:45) – үйде мадридтік “Реалға” қарсы;
21 қазан (18:45) — үйде кипрлік «Пафосқа» қарсы;
5 қараша (21:00) — сыртта миландық «Интерге» қарсы;
26 қараша (18:45) —сыртта даниялық «Копенгагенге» қарсы;
9 желтоқсан (16:30) — үйде грекиялық «Олимпиакосқа» қарсы;
20 қаңтар (16:30) — үйде бельгиялық «Брюггеге» қарсы;
28 қаңтар (21:00) — сыртта лондондық «Арсеналға» қарсы ойнайды.
Бірнеше күн бұрын іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде алматылық "Қайрат" Шотландияның "Селтик" командасын пенальти сериясы арқылы жеңіп, чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өткен еді. 29 тамызда "Қайраттың" қарсыластары анықталған. Чемпиондар лигасы 16 қыркүйек пен 28 қаңтар аралығында өтеді.
"Қайрат" Қазақстанның футбол тарихында чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші клуб атанды. 2015 жылы "Астана" клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді.
Тоқаев Қытайға барды. Орталық Азия жетекшілері ШЫҰ саммитінен кейін әскери парадқа қатысады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) саммитіне қатысу үшін Қытайдың Тяньцзинь қаласына барды.
Саммитке дейін ол Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездеседі. Ақорданың хабарлауынша, келіссөз кезінде тараптар "жан-жақты және мәңгі стратегиялық әріптестікті нығайтудың болашағын" талқыламақ.
Пекинге сапары алдында қытайлық ағылшын тілді China Daily басылымында Тоқаевтың мақаласы жарық көрді. Онда автор Си Цзиньпин мен оның саясатын жоғары бағалайды. Тоқаев Си Цзиньпиннің "көреген басышылығының арқасында қазіргі Қытайдың тамсанарлық табыстары оның жақын көршілері, соның ішінде Қазақстан үшін де бірегей мүмкіндіктер ашатынын" жазған.
Қазақстан президенті Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға өтетін жеке транзиттік бағыттарды дамыту мәселесіне де жеке тоқталып, дамыған сауда жолдары "Пекиннің экономикалық қуатының жоғары деңгейін" көрсетеді деп атап өткен.
Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитіне Орталық Азия елдерінің бес басшысы қатысатыны хабарланған. Арасында ШЫҰ-ға мүше емес Түркіменстан да бар.
ШЫҰ саммиті Пекинге өзін жаһандық оңтүстіктің көшбасшысы және аймақтағы ең ірі ұйымдардың біріндегі жетекші күш ретінде көрсетуге мүмкіндік береді. Батыс елдерімен қарым-қатынас ушыққан жағдайда Қытай аймақ қауіпсіздігі мен сауда мәселелерін Тяньцзинде талқылайын деп отыр. Оған әлемнің 20-дан астам елінің басшылары шақырылған, арасында Ресей президенті Владимир Путин де бар. Ол Қытайға 31 тамызда Қиыр Шығыстан - экономикалық форумнан кейін ұшып барады.
Пекин де, Мәскеу де құрамына Беларусь, Қытай, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан кіретін ШЫҰ-ны Батыс институттарына қарсы тұратын құрал ретінде қарастырады. Бұған қоса, Еуразия мен одан тыс аумақтағы ортақ мақсаттарға алаң ретінде және өздері тілге тиек ететін "әлемдік тәртіпті қайта пішіндеу" мақсаты үшін пайдаланып келеді.
Саммиттен кейін мемлекет басшылары Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай Пекинде өтетін әскери парадқа қатысады. Парад Қытайдың әскери қуатын көрсетуге арналған. Еуропа көшбасшылар шараға қатыспайды. Жапония өзге елдерді әскери парадқа қатыспауға шақырған.
Сот Трамптың импорт салығын заңсыз деп таныды

Жұма күні федералдық апелляциялық сот АҚШ-тың сауда әріптестеріне импорттық баж салығын заңсыз деп таныған төменгі инстанция шешімін құптады.
Соттың тұжырымдауынша, президент Дональд Трамп сүйенген заң шын мәнінде оған ондай өкілет бермейді. Төтенше халықаралық экономикалық өкілет туралы заңға сәйкес, президенттің "әдеттен тыс сыртқы қатерді" жою үшін түрлі қаржы және экономикалық шараларға жүгінуге құқығы бар. Президент Трамп едәуір сауда тапшылығын "ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерге" балап, импорттық баж салығын енгізген. Президент АҚШ-тың сауда әріптестеріне баж салығын енгізу бойынша шексіз құқыққа ие емес. Мұндай өкілетке Конгресс ие.
Сот шешімі АҚШ-тың сауда әріптестеріне осыған дейін енгізілген баж салықтарына қатысты түрлі сұрақ туындатады. Сотта Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері баж салығын жоюдың салдарынан экономикалық бейберекетсіздік туындауы мүмкін деп ескертті.
Апелляциялық соттың шешімі қазан айының ортасында күшіне енеді. Оған дейін Ақ үй шешімді апелляция деңгейінде дауламақ.
Зеленский "рашизм" ұғымына анықтама берілген заңға қол қойды

Украина президенті Владимир Зеленский «Украина халқының ұлттық жадыға қатысты мемлекеттік саясатының негіздері туралы» заңға қол қойды. Онда «рашизм» ұғымы ресми түрде бекітілді деп хабарлады Украинаның Жоғарғы радасы.
Заңда рашизм ұғымына “басқыншы мемлекетте (Ресейде) қалыптасқан, режимнің түп тамырында жатқан және ресейлік шовинизм мен империализм дәстүрлеріне, КСРО коммунистік режимінің тәжірибесіне және нацизмге негізделген тоталитарлық идеология мен тәжірибенің жаңа түрі” деген анықтама берілген.
Заңда украин тілі мен мәдени мұрасының жадысын Украинаның ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі ретінде қорғау қажеттігі жазылған.
"2014 жылдың ақпанында басталған Украинаға қарсы қарулы басқыншылықта агрессор-мемлекет тарихи оқиғаларды бұрмалады. Украин халқын тарихи жадысынан айыру ұмтылысы - Ресейдің қарулы басқыншылығының бір бөлігі” деп жазылған құжатта.
Заңда сонымен бірге «Украинаның тәуелсіздігі үшін соғыс», «ұлттық жады», «Украина тарихына қарсы пропаганда», «украин халқына қарсы қылмыс» сияқты ұғымдарға анықтама берілген. Құжат Украина тарихы бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізу және ел тарихын кеңінен насихаттауға жан-жақты мемлекеттік қолдауды бекітеді.
«Рашизм» термині 2008 жылдың тамызында Ресей әскері Грузияға басып кіргеннен кейін қолданыла бастады. Кейінірек Украинада «Ресей билігінің идеологиясы мен тәжірибесі» ретінде анықталып, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін қолданыла бастады. 2022 жылдың ақпанында соғыс басталғаннан кейін кеңінен таралды.
FT: Трамп Украинада қытайлық бітімгер әскерді орналастыруды ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамп соғыс аяқталғаннан кейін Украинада қытайлық бітімгер әскерді орналастыруды ұсынды. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Financial Times жазды.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, өткен аптада Ақ үйде өткен Украина президенті Владимир Зеленский және Еуропа басшыларымен кездесу кезінде Трамп 1300 шақырымдық майдан сызығы бойындағы бейтарап аумаққа Қытайдың бітімгер әскерін шақыруды ұсынған.
Ақ үй өкілдері ресми түрде мұндай мәселе кездесуде талқыланғанын жоққа шығарды.
FT-тың жазуынша, тараптар алғаш рет қытайлық бітімгерлер жөнінде сұрақты қойып отыр. Axios басылымының жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин Трамппен кездесу кезінде Қытайды ықтимал нұсқа ретінде ұсынған
Бұл идеяға Еуропа елдері қарсы, бұған дейін Зеленский де Ресей басқыншылығын қолдағаны үшін Қытайдың бітімгер әскері туралы ұсынысты кері қайтарған.
Осы аптада Қытай сыртқы істер министрлігі Пекин Украинадағы бітімгер әскерді орналастыру туралы жобаға қатысуды ұсынғанын жоққа шығарды.
Бұған дейін Politico басылымы Еуропа жетекшілерінің қауіпсіздікке кепілдіктің бірі ретінде Украина мен Ресей әскері арасында 40 шақырымдық буферлік аймақ құру мүмкіндігін де қарастырып жатқанын жазған. Басылым Киевтің бұл мәселедегі ұстанымы айқын емес екенін, өйткені мұндай аймақты құру Ресейге жер беруді білдіретінін жазған. Мақала авторларының айтуынша, буферлік аймақ құру Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германияның бөлінуіне ұқсайды.
ПІКІРЛЕР