ЖАҢАЛЫҚТАР
Апелляция соты Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Опушиевтің үкімін өзгеріссіз қалдырды

24 қаңтар күні Жамбыл облыстық сотының апелляция алқасы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 17 жастағы Андрей Опушиевтің үкімін өзгеріссіз қалдырды.
"Бұл іс бірінші сатыда дұрыс тұжырымдалған, сондықтан үкім өзгерген жоқ" деп хабарлады Азаттыққа Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан жасөспірімнің шешесі Олеся Опушиева апелляция алқасының қаулысына разы емес. Бірақ Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымдану-шағымданбау жайын әлі шешпеген. Жабырқап отырғанын айтқан Олеся Опушиева "заңгерлермен кеңесемін" деді. Азаттық Опушиевтің адвокаты Жанар Қисықоваға хабарласа алмады.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылғы 1 желтоқсанда жасөспірім Опушиевті кінәлі деп тауып, қайтыс болғаны себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатқан еді. Олеся Опушиева сот үкіміне келіспей, апелляция алқасына шағымданған.
Тергеу 17 жастағы Андрей Опушиевке 2022 жылғы 6 қаңтарға қараған түні "Тараздағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айып таққан. Қайтыс болған жасөспірімнің үстінен Қазақстан қылмыстық кодексіндегі "жаппай тәртіпсіздік" бабымен (272-баптың 2-бөлімі) іс қозғалған.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, Опушиев сол күні "Тараз қаласында соңы қирату, бұзу және қала әкімдігі ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Сонымен бірге "әскери қызметкерлердің өміріне қол сұғу мақсатында олардан ғимараттан кетуді талап еткен, ғимаратпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқан". Сот өкілдері "сотталушының кінәсі куәгерлер сөзімен, түрлі сараптамамен дәлелденді" деді.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Оның бесеуінің ісін Тараз қаласының №2 соты қарап жатыр. Алаңда мерт болған тағы бір тұрғын – 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Тараздың тағы тоғыз тұрғынына қатысты іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, сот өндірісіне Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған алты адамның ғана ісі түскен. Олар: Райс Рысбеков, Тоқтар Ошақбай, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Исатай Донбаев және жасөспірім Андрей Опушиев.
Басқа да жаңалықтар
Шымкент мұнай өңдеу зауытында екі жұмысшы қаза болды

Шымкент мұнай өңдеу зауытында екі жұмысшы қаза болды. Ақпаратты "ПетроҚазахстан Ойл Продактс" компаниясы растады.
Компанияның хабарлауынша, оқиға 26 тамызда сағат 14:30 шамасында болған – оқшаулау жұмысы кезінде мұнара құлаған.
"Қаза болған азаматтар мердігер «КРС Астана» компаниясының жұмысшылары болып шықты. Оқиғаның себебін арнайы жұмыс тобы анықтап жатыр. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр" деп жазылған компания хабарламасында.
Компания өкілдері қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
"ПетроҚазахстан Ойл Продактс" – акционерлері "Қытай ұлттық мұнай корпорациясы" мен "ҚазМұнайгаз" саналатын "ПетроҚазақстан" мұнай тобына тиесілі. Аталған мұнай тобы геологиялық барлау, кен орындарын өңдеу, мұнай мен газды өндіру, маркетинг және тасымалдау, сондай-ақ кен орындарын сатып алу, мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және оларды сатумен айналысады. Мұнай өңдеумен айналысатын "ПетроҚазахстан Ойл Продактс" Шымкент пен Түркістан облысында шоғырланған.
Сот адвокат Досқараевқа қарсы “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатты

Астананың әкімшілік соты адвокат Мейіржан Досқараевқа қарсы “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатты
Судья іс “әкімшілік құқықбұзушылық құрамы” болмағандықтан тоқтатылғанын айтты. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді. Досқараевтың өзі бейсенбі күні Азаттыққа ақпаратты растады.
Бұған дейін полиция өкілдері адвокат Мейіржан Досқараев әлеуметтік желіде видео жариялап, “жалған ақпарат таратты” деп айыптаған. Түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың құқығын қорғаушы адвокат өзіне ашылған істің саяси астары барын айтып, айыппен келіспеген.
Сотта қорғау жағы әкімшілік құқықбұзушылық болмағандықтан істі тоқтатуды сұрады. Олардың сөзінше, іске түрткі болған жайт – белсенді Назгүл Жүсіпованың түрмедегі нашар жағдайы туралы видеода “жалған ақпарат” жоқ.
Сотта Жүсіпованың өзі өзін әкімшілікпен баппен қамай отырып, уақытша қамау изоляторына жібергенін, ондағы нашар жағдай мен қарсылық ретінде өзін жаралағанын растады.
Көкшетаулық белсенді Назгүл Жүсіпова маусымда «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша 10 күнге қамалған. Ол көптің назарын Жыланбаевтың жағдайына назар аудартуға тырысқан деп айтылады.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы бірнеше талпыныстан кейін Жыланбаев туралы жиынды өткізе алды

27 тамызда кешке тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілдері 28 тамызға жоспарланған түрмедегі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевқа қатысты баспасөз жиынын өткізе алмай отырғанын хабарлады.
Олардың сөзінше, алдын ала келіскен орын “су басты” деп оларға жиынды өткізе алмайтынын хабарлаған.
“Қазірге дейін екі орын жиынды өткізуден бас тартты. Қазір өткізетін орын іздеп жатырмыз” деді тіркелмеген партия жетекшілерінің бірі Амангелді Жахин 28 тамызда түске дейін Азаттыққа.
Азаттық жиынды өткізуден бас тартқан орындардың бірі The Еmpire қонақүйіне хабарласып көрді. Телефон тұтқасын алған қызметкер "қонақүйге су кіргенін, конференция залдың ішіне де су кіргенін" айтты. Ал екінші орын Амангелді Жахинге "техникалық себептен" өткізе алмайтынын айтқан.
Дегенмен 28 тамыз күнгі бірнеше талпыныстан кейін белсенділер ақыры Жыланбаевтың жағдайына қатысты баспасөз жиын жеделдетілген режимде өткізе алды.
Жиында спикерлер түрмедегі Жыланбаевтың денсаулығына қатысты шағымдары барын, түрмедегі антисанитария және өзге де жайттарды баяндады.
"Жыланбаев осыған дейін билік өкілдерінің айтқанын жоққа шығарды. Бізге Жыланбаевтың мерзімсіз аштығы "ағзаны жаттықтыру" сияқты қылып көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Мараттың өзі айтып отыр: бұл жасанды ұйымдастырылған қылмыстық іске, үкімге, түрмедегі жағдай, спортпен айналысуға мүмкіндік бермеуге қарсы амалсыздан жасалып отырған акт, наразылық. Әр барған сайын адвокаттан, нақты менен кассациялық шағымды, конфиденциалды құжаттарды, жазбаларды тартып алады. "Бір парақ қағаз бен қалам ал да кір, барлық құжатты тастап кет, келіспесең жолың ашық" дейді. Мұндай адам құқығын, адвокаттың құқығын бұзуды қайдан көрдіңіз?... Бұл Конституцияға қайшы – 13, 18-баптарында адвокатпен құпия жазбаға, сотпен қорғалу құқығының сақталуына кепілдік береді. Қылмыстық-атқару кодексінің 13-бабы сотталушылармен олардың намысын қорлайтын қарым-қатынас жасауға тыйым салады. Бірақ Мараттың камерасында антисанитария, оны медбөлімге ауыстырмайды, тәртіптік камерада егеуқұйрықтар. Спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ, тіпті сурет салуға да рұқсат жоқ. Қазақстан ратификациялаған халықаралық азаматтық және саяси құқық пактінің 10-бабы бойынша бас бостандығынан айырылған сотталушыларға адамгершілікпен қарау керек" деді адвокат Мейіржан Досқараев жиын кезінде.
Кейінгі айлары түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен.
Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Жыланбаевқа кіріп шыққан Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер оның суреттерін жариялап, "оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деген. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
Кейін Жыланбаевқа кіріп шыққан адвокаттары оның Адам құқығы уәкілімен кездесу кезінде айтқан түрмедегі антисанитария, егеуқұйрықтар мен тышқандар, аштық ұстау себебі мен өзге де заңсыздықтар туралы айтқаны, бірақ Шердің жазбасында ол жөнінде айтылмағаны белгілі болғанын жеткізген.
Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Апелляциялық сот шешімді өзгертпеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.
- 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Ресей әскері Киевті дрон және ракеталармен тағы атқылады

28 тамызға қараған түні Ресей әскері Киевті дрон және ракеталармен тағы атқылады. Қазір кемінде сегіз адам қаза болғаны белгілі, кемі екеуі – бала. Тағы 38 адам зардап шеккен, 30-ы ауруханаға жатқызылған.
20-дан астам орында ғимараттар бүлінген не қираған. Арасында Дарницкий, Днепр, Соломенск, Шевченко аудандары бар.
Дарницкий ауданында бес қабатты тұрғын үйдің подъезі опырылып түскен, үйінді астында адамдар болуы мүмкін. Іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Ресейлік альпинист қалып қалды деген Жеңіс шыңына дрон жіберілді

Ресейлік альпинист Наталья Наговицына қалып қалды деген Жеңіс шыңына тепловизоры бар дрон жіберілген. Қатты жел мен ауа райының нашарлығына қарамастан видео алынды. Бұл жөнінде Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік қызметі (ҰҚМК) хабарлады.
ҰҚМК дерегінше, видеоларды қарап, талдағаннан кейін альпинист Наталья Наговицына қалған орында тіршілік белгісі анықталмаған.
12 тамызда Наговицина шыңда аяғы сынып, қалып қалған. Оның жанындағы адам алғашқы көмек беріп, көмек сұрау үшін төменге түсуге мәжбүр болған.
Наговицинаға Италия және Германияның альпинистері көмектесуге тырысқан, олар оған тамақ, су, жылы киім апарып берген. Ізінше екеуі де қаза болған. 2021 жылы сол шыңда альпинистің күйеуі қаза болған.
Жеңіс шыңы әлемдегі ең күрделі шыңдардың бірі. Оның биіктігі - шамамен 7400 метр. Жеңіс шыңы – әлемдегі ең күрделі шыңдардың бірі. Оны бағындыруға тырысқандар арасында адам өлімі жиі кездеседі. Кейінгі 70 жылда бұл шыңда құтқару операцияларының ешқайсысы сәтті болмаған.
Голландиядағы қазақстандықтар саяси тұтқындарды босатуды талап етті

25 тамызда Қазақстанның Голландиядағы елшілігі алдында бірнеше қазақстандық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, наразылық өткізді. Өздері жіберген видеодан Қымбат Әбеу, Ершат Төлеубай, Серік Әжібай, Тасқын Құдайберген есімді азаматтар жүргені көрінеді.
Өздерінің сөзінше, олар бірнеше жыл бойы осындай жүзден астам наразылық өткізген.
Осы апта басында түсірілген видеода олардың алдына елшілік өкілі шыққаны көрінеді. Ол наразылық жасап тұрған азаматтардан "Қазақстан азаматысыздар ма?" деп сұрайды. "Иә" деген жауап алғаннан кейін Қазақстан заңына сәйкес, өтінішпен қатар жеке куәлік, мекенжайлары көрсетілген құжат керек керегін айтады.
Ізінше наразылар эмоцияға беріліп, Қазақстан билігін сынағаннан кейін елшілік өкілі оларға "экстремистік ұран" таратпауды айтады. Ал бұған наразылар "азаматтық ұстанымымызды айтсақ, экстремист боламыз ба?" деп ашуланады.
"Көшеге шыққандардың барлығын террорист деп атайды. Біз айтсақ шындықты айттық. Халықтың үнін айтып отырмыз. Біз біреуге қол көтердік пе, қалаймақан жасадық па? Бәрін заң жүзінде жасап жатырмыз" дейді наразылар.
Бұдан кейін наразы белсенділер елшілік алдында "Марат Жыланбаевқа бостандық!", "Марат Жыланбаевқа бостандық! Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан және солар бастаған барлық саяси тұтқынға бостандық! Елім, жерім деген батыр ұл-қыздарға бостандық!" деп айқайлайды.
Наразылық кезінде Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпей, оқ атуға бұйрық бергені, Қазақстанда заң үстемдігі жоқ деген пікірлер айтылады.
Бұл азаматтар осыған дейін Қазақстандағы түрлі қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірлерін айтып, Қазақстанның Голландиядағы елшілігі алдында талай наразылық акциясын өткізген.
Қазақстандағы саяси қудалау туралы жазатын Тірек.инфо сайтының мәліметінше, қазір Қазақстанда 26 саяси тұтқын бар. Олардың арасында "экстремизм" бойынша айыпталған оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев, журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрім, белсенді Әйгерім Тілеужан, Тоқаевты "20 мың террорист" деген сөзі үшін сотқа бермек болған Тимур Дәнебаев және өзге де тұлғалар бар. Олардың басым бөлігі Қанды Қаңтардан кейін сотталған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды экстремизм бабын оппоненттеріне қарсы қолданбауға, азаматтардың пікір айту және жиналу құқығын шектемеуге, саяси тұтқындарды босатуда жиі шақырады.
Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
FT: Батыс елдері соғыстан кейін күшіне енетін Украинаның үш қорғаныс сызығын қарастырып жатыр

Батыс елдері бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін жүзеге асырылатын Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру жүйесін талқылап жатыр. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Financial Times жазды.
Басылым өкілдерінің жазуынша, бірінші қорғаныс сызығына шекарадағы демилитаризацияланған аймақ кіруі керек және ол Киев пен Мәскеу келісімінен кейін үшінші елдерден жасақталған бітімгер әскердің бақылауында болуы мүмкін.
Екінші қорғаныс сызығында НАТО қару-жарағымен қаруланған және дайындықтан өткен украин әскері болады. Негізгі қорғанысты солар қамтамасыз етпек.
Үшінші қорғаныс сызығында елдің ішіне орналасқан және АҚШ-тың қолдауына ие Еуропа күштері болмақ.
Вашингтон Украинаға әскер жібермейтінін айтқан, бірақ барлау деректері, бақылау құралдарымен бөлісіп, Украинаның әуе қорғаныс жүйесін дамытуға үлес қосуға дайын екенін айтқан. Десе де АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің бір бөлігі Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесіне скептицизммен қарайды.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі соғыстан кейін Украина аумағына шамамен он шақты ел әскер жіберуге дайын деп жазған.
Ресей президенті Владимир Путин Аляскада Дональд Трамппен кездесу кезінде Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету идеясын қолдайтынын атап өткен. Ресей сыртқы істер министрлігі ұжымдық қауіпсіздікке кепілдік мәселесін қарастырған кезде көршілердің мүдделері де ескерілуі керек екенін айтқан.
Қырғызстандағы Жеңіс шыңында қалып қалған ресейлік альпинист із-түзсіз жоғалды деп танылды

Қырғызстанда Жеңіс шыңында (7439 метр) қалып қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицына ресми түрде із-түзсіз жоғалды деп танылды. Бұл жөнінде Қырғызстан төтенше жағдай министрлігінің ақпарат құралдарымен жұмыс басқармасының бастығы Әділ Шарғыновқа сүйенген ресейлік БАҚ жазды.
"Ол із-түзсіз жоғалды деп танылды. Заң бойынша, оның қазір өлі-тірісін білу анық емес болса, автоматты түрде із-түзсіз жоғалған болып саналады" деді Әділ Шарғынов.
Қырғызстан ішкі істер министрлігінің өкілі ТАСС агенттігіне шыңға баруды ұйымдастырған "Ақсай Тревэл" туристік компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Ал фирма өкілдері альпинистің жақындарына көңіл айтып, шамамен 7200 биіктікте қалған Наговицынаның жағдайы туралы ақпарат түспегенін айтқан. Турфирма өкілдері сонымен бірге құтқару операциясы екі аптаға созылғанын және эвакуация ауа райы тұрақталып, дайындығы бар команда мен тікұшақ болған жағдайда жалғасуы мүмкін еді деген.
Кейін "Ақсай Тревэл" Наговицынаны іздеу операциясы тоқтағанын айтқан.
Наговицина шыңда аяғы сынғандықтан қалып қалған. Оның жанындағы адам алғашқы көмек беріп, көмек сұрау үшін төменге түсуге мәжбүр болған. 2021 жылы сол шыңда альпинистің күйеуі қаза болған.
Наговицинаға Италия және Германияның альпинистері көмектесуге тырысқан, олар оған тамақ, су, жылы киім апарып берген. Ізінше екеуі де қаза болған.
Жеңіс шыңы – әлемдегі ең күрделі шыңдардың бірі. Оны бағындыруға тырысқандар арасында адам өлімі жиі кездеседі. Кейінгі 70 жылда бұл шыңнан ешкім құтқарылмаған.
Орал әкімдігі белсенділерге қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қалаының әкімдігі белсенділерге қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған әкімдіктің жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған. Әкімдік белсенділердің өтінішін әкімдіктің кезектен тыс отырысында қараған.
Хатта сонымен бірге “ережені бұзып, алаңға өз бетінше барып, бейбіт жиын ұйымдастырғандар” 488-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы ескерту бар. Хатқа Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі А.Ғиниятов қол қойған.
Бұған дейін белсенділер Бекболат Өтебаев, Раиса Кариева, Маруа Ескендірова қымбатшылыққа қарсы және зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруды, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, 30 тамызда күндіз Оралдағы “Қазақ халқының даңқты қыздары” гүлзарында бейбіт жиын өткізетінін айтқан еді.
"15 қыркүйектен бастап тағы қымбаттайды. Ал жалақы сол күйінде қалып отыр" дейді белсенді Маруа Ескендірова видеода. Видеоны блогер Асқар Шайғұмаров жариялады.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 27 тамызы аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт жиын өткізу туралы 703 өтініш қанағаттандырылмаған. 17-сі биыл тіркелген.
2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.
Алматының "Қайрат" командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты

Футболдан Алматының "Қайрат" командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде "Қайрат" Шотландияның "Селтик" командасын пенальти сериясы арқылы жеңді.
Екі матчта да қос команда 0:0 есебімен тең түсті. Ал пенальти сериясында "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков қақпасын голдан үш рет сақтап қалды. Осылайша Алматының "Қайраты" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
"Қайрат" Қазақстанның футбол тарихында чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші клуб атанды. 2015 жылы "Астана" клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді.
kazfootball.kz сайтының дерегінше, "Қайрат" футбол клубына Дубайда тіркелген Globex Energy FZE арқылы кәсіпкер Қайрат Боранбаев (70%) және Алматы тұрғыны Айжан Калдарбекова иелік етеді. 2015 жылдан бері "Қайрат футбол клубы" ЖШС 8,419 млрд теңге салық төлеген.
Бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танылып, 8 жылға соттаған еді. Түрмеде отырған кезде "Қайрат" клубы Боранбаевтың иелігінде қала беретіні хабарланған. Сол жылдың соңында Боранбаев қамаудан босап шыққан. Ол былтыр Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта сайланған.
Трамп Украинада бейбітшілік болмаса, санкция салатынын айтып, тағы сес көрсетті

АҚШ Украинадағы соғыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп үміттенеді. Вашингтонда Дональд Трамп кабинетінің отырысы кезінде Ресеймен келіссөздерге қатысып жүрген және Владимир Путинмен бірнеше рет кездескен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стивен Уиткофф осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, осы аптада Америка жағы Украина және өзге де аймақтардағы соғыстарды, арасында Газа секторы мен Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс та бар, реттеу бойынша кездесу ұйымдастырады.
"Оларды жыл соңына дейін реттейміз деп үміттенеміз" деді Уиткофф. АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыс "жақын арада" бітетіндігінен үміттенетінін айтты. Нақты мерзімін айтпады.
Трамп егер Ресей президенті Путин бейбітшілікке ұмтылмаса, Ресейге экономикалық санкция салуы мүмкін екенін айтты. "Мен экономикалық санкция жөнінде айтып отырмын, себебі біз үшінші дүниежүзілік соғысты тұтандырғымыз келмейді" деді Трамп.
Президент Ресей мен Украина басшыларын бетпе-бет кездестіруге ұмтылатынын, себебі екеуі де осының бәрі аяқталғанын қалайды деді. Журналистердің бірі "Путин Зеленскийді заңсыз президент санағандықтан онымен кездескісі келмейді" деген сөзіне Трамп "олардың не айтқаны маңызды емес. Бәрі бос сөз. Олар жұрт алдында сүйтеді" деп жауап берді. Трамп бейбітшілік келісіміне қол жеткізбеуде Зеленскийдің де кінәсі барын айтып, санкция мен кедендік баж салығы Ресей ғана емес, Украинаға да салынуы мүмкін екенін жеткізді.
Трамп қызметіне оралғаннан кейін соғысты бітіру қажеттігін айтып келеді. Оның әкімшілігі Украинаны қолдау емес - негізінен соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге қол жеткізуге күш салып отыр.
Кейінгі апталарда Трамп Путинмен де, Зеленскиймен де кездесті. Алайда Ресей түрлі талаптарды алға тартып, іс жүзінде екі басшының жеке кездесуін өткізуден бас тартып келеді. Дегенмен екі жақ бастапқы талаптарына қарағанда кейбір талаптарынан бас тартуға ыңғай білдірген.
Украина өзінің қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп келеді. Financial Times дереккөздерінің айтуынша, АҚШ соғыстан кейін Украинаға әскерін орналастыруы мүмкін Еуропа елдеріне әуе және барлау деректері жағынан қолдауға дайын. Сарапшылардың сөзінше, АҚШ жағынан қолдауға ие болу – Украина мен оның Еуропадағы одақтастары үшін үлкен жетістік. Алайда Ресей Украинада шетел әскерін орналастыруға қарсы.
Украина Вуди Алленді Мәскеудегі шараға онлайн қатысқанын сынға алды. Режиссер жауап берді

Америкалық режиссер Вуди Аллен Украина сыртқы істер министрлігінің сынына жауап қатты. Министрлік оны Мәскеудегі халықаралық кино апталығына қатысқаны үшін айыптаған.
The Guardian басылымына жолдаған мәлімдемесінде режиссер осы жағдай жайлы сөз етті.
"Украинадағы қақтығыс жайлы айтар болсам, Владимир Путин түбегейлі қателесіп отырғанына сенімдімін. Бірақ саясаткерлер не істеп не қойса да, өнердегі диалогты тоқтатпау керек деп санаймын" деді Аллен.
"Оскар" сыйлығының бірнеше дүркін жеңімпазы, 89 жастағы Вуди Аллен 24 тамыз күні Мәскеудегі кино апталығы аясында өткен "Әлемдік кинематографияның аңыздары" сессиясында видеобайланыс арқылы сөз сөйлеген. Сессияны Владимир Путин мен Ресей билігін қолдайтынын мәлімдеген режиссер Федор Бондарчук жүргізген.
Аллен Ресей киносын бұрыннан ұнататынын, Ресейге сапарлап қайтуға қарсы емес екенін айтқан. Бірақ Украинадағы соғыс жайлы, саясат жайлы ешнәрсе демеген.
Кейінірек Украина сыртқы істер министрлігі Алленнің бұл қадамын "Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы кезінде ресейлік әскерилер өлтірген украиналық актерлер мен кинематографияшыларды қорлау" деп атады.
Украина министрлігі америкалық режиссер "зұлымдыққа саналы түрде көз жұма қарап отыр", мәдениетті "қылмысты ақтау ретінде және пропаганда құралы ретінде пайдалануға болмайды" деді.
Дүйсенбі күні Украиналық баспасөз құралдары Мария Заньковецкая атындағы Львов театры өз бағдарламасынан "Бродвей үстіндегі оқ" ("Пули над Бродвеем") мюзиклін алып тастады деп хабарлады. Бұл мюзикл Алленнің фильміне сүйеніп әзірленген. Театр бұл шешімін Ресейдегі кино апталығында болған жағдаймен байланыстырған.
Вуди Аллен кинодағы мансабын 1960-жылдары бастаған. Ол ондаған фильмге режиссер және сценарий авторы болды. Үздік режиссура үшін бір мәрте, үздік сценарий үшін үш мәрте "Оскар" сыйлығын алған.
Судья Ернар Қасымбеков: Азаттықты соттан шығарып жібергеніміз білместіктен болды

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков 25 тамыз күні АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің ісін қарау кезінде сот залынан "журналистерді шығарып жібергеніміз білместіктен болды" деді.
– Шығарылғандар ішінде Азаттық радиосы да кетіп қалыпты, мен оны білмей қалдым. Тәртіп бұзған екі блогер ғана", – деді судья үкім оқымас бұрын.
Судьяның сөзінше, "Qazaq Times" ақпарат агенттігінің өкілі Қойшыбек Мүбарак пен блогер Абзал Достияр тәртіп бұзған. Алайда ол аталған азаматтар қандай тәртіпті бұзғанын ашып айтпады.
– Негізгі процесс о бастан ашық жүріп жатыр. Оған мына халық куә. Тәртіп бұзбағандар сотқа қатыса алады. Азаттықтың өзі біздің шығарып жібергеніміз туралы мәдениетті жазған. Сотты қараламай, этикетті сақтап жазған. Осылай да жұмыс істеуге болады ғой, – деді Ернар Қасымбеков.
Кеше, 25 тамыз күні АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айыппен сотқа тартылған бес белсендінің сотында соңғы сөз айтылған. Оған журналистер қатыстырылмады. Сол күні процесс басталмай тұрып, судья Ернар Қасымбеков сот залына кіре сала, журналистерді нұсқап: "мына кісілер шығып кетсін" деп бұйырған. Сотты бақылауға барған кемінде бес БАҚ-тың өкілдерін айдауыл залдан шығарып жіберген. Қасымбеков журналистерді сот залынан қуу себебін сұраған Азаттық журналисіне жауап берместен: "мына кісіні де шығарып жіберіңіз" деп айдауылға ауызша бұйрық берді. Ол журналистерді неліктен қуып жатқанын сұраған мәслихат депутаты Еркін Рақышевты да шығарып жіберген.
26 тамызда үкім оқылды. Алматы соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковқа 4 жыл шартты жаза тағайындады. Бұған қоса, оларға бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сот оларды "АЭС-ке қарсы парақшалар таратқан және адамдарды жаппай тәртіпсіздікке шақыру үшін жиналыстар өткізген" деп тапты.
Сотталушылар АЭС құрылысына қарсы шыққанын мойындап, "қылмыс жасауға оқталды" деген айыпты жоққа шығарған.
Ресей азаптаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенциядан шықпақ

Ресей үкіметі Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлерінің алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенцияның күшін жоюды ұсынды. Ел премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойған бұл қаулы президент Владимир Путинге бағытталып, одан қолдау тапса, Мемлекеттік думаға ұсынылады.
Құжатта Ресейдің аталмыш конвенция мен оның хаттамаларынан шығатыны жазылған.
Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген соң, сол жылы наурызда Еуропа кеңесінен шығарылды. Сол жылдың 16 қыркүйегінде Ресей Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияға мүше болуды қойып, Еуропалық соттың юрисдикциясынан шықты.
2024 жылғы қарашада Азаптаулардың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлерінің алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенцияның ашық конвенция екенін, сондықтан Ресей 2022 жылы Еуропа кеңесінен шығарылғаннан кейін де оның ережелерін сақтауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Еуропалық комитет Ресей билігінен кейбір оқиғалар, соның ішінде Алексей Навальныйдың өлімі туралы ақпаратты сұратқан, бірақ сұраныстарына жауап алмаған. Мәскеу комитеттің Ресейге мониторинг сапарымен баруына мүмкіндік беру үшін (комитет инспекторлары конвенцияға қатысушы елдердің тергеу изоляторларына, колонияларына, түрмелеріне, психиатриялық және басқа да жабық мекемелеріне баруға құқылы) ешқандай әрекет жасамағаны атап өтілді.
АЭС-ке қарсы шыққан бес белсендіге үкім: 4 жыл шартты жаза, 5 жыл қоғамдық-саяси қызметке тыйым

26 тамыз күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендіге үкім шығарды. Судья Ернар Қасымбеков белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковтың бас бостандығынан төрт жылға шектеп, оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды. Қамауда өткен әрбір күн шартты жазаның екі күні болып есептеледі.
21 тамыз күні прокурор сотталушыларды "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 1-бөлік) және "Қылмысқа оқталу" (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттауды сұраған.
Судья істі 272-баптың 1-бөлігінен ауырлығы орташа қылмыс саналатын 3-бөлікке (жаппай тәртіпсіздікке қатысу орнына жаппай тәртіпсіздікке шақыру) қайта саралағанын айтты.
"[Сот айыпталушыларды] Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 272-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп тауып, олардың әрқайсысына төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалсын" деді судья.
Судьяның сөзінше, белсенділер "АЭС құрылысына қарсы брошюра таратқанын, жаппай тәртіпсіздікке қатысуға шақырғанын теріске шығармаған, бірақ олар мұны қылмысқа жатпайды деп санайды".
"Сот сотталушылар егде жасқа келгендіктен, қоғамға қауіп төндірмейтінін және олар халықты митингіге шақыру құқыққа қайшы әрекеттерін осымен тоқтатқандарын және сотқа енді заңды бұзбайтынын айтқандарын ескеріп, оларға пробациялық бақылау белгілей отыра, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауға болады деген қорытындыға келді. Мұнымен қоса, мұндай қылмыстың алдын алу үшін олардың әрқайсысы қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды" деді судья Ернар Қасымбеков.
Сондай-ақ, судья айыпталушыларға бес жыл мерзімге "саяси партиялар, саяси-қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарды құру, оларға мүше болу және олардың жұмысына қатысумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза" тағайындады.
Сотталғандардың 2024 жылғы 29 қыркүйегінен 2025 жылғы 26 тамызға дейінгі ұстауда болған уақыты бас бостандығын шектеу жазасының мерзіміне 1 күнге 2 күн болып есептелетін болды.
"Апелляциялық шағым түсіреміз"
Сотталушылардың адвокаты Төлеген Берліқожа шешімге қанағаттанбай, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
"Мөлшері осылай болатынын білдік. Өйткені істейтін түгі жоқ қой. Ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан біз: "алдыменшығып алайық, содан кейін ары қарай апелляцияға, кассацияға, жоғарғы сотқа береміз" деп айттық. Апелляцияға міндетті түрде береміз, өйткені біз ақтауды сұраймыз. Біздің өтінішіміз орындалған жоқ" деді ол.
Былтыр АЭС референдумы қарсаңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстаған. Оның бесеуі сот қаулысымен қамауға алынып, қалғаны босатылды. Қамауға алынғандар: Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай.
25 тамыз күні жарыссөз өтіп, судья Азаттықтың және өзге баспасөз құралдарының журналистерін сот залынан шығарып жіберді. Сот бұл шешімді түсіндірмеді.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.
Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспеді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.
Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.
ПІКІРЛЕР