Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Блогер Мирболат Мырзатайұлы күдікті деп танылып, екі айға қамалды

Мирболат Мырзатайұлы.
Мирболат Мырзатайұлы.

4 қыркүйек күні Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлын екі айға қамауға санкция берді.

"Мирболат Бишуинов ауыр санаттағы қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінді. Аталған күдігі негізді, қылмыстық іс-құжаттарымен расталады. Сот күдіктінің кінәсі туралы және дәлелдемелерді бағалау туралы мәселелерді талқыламастан оқиға орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар екенін анықтады", - делінген сот қаулысында.

Мирболат Мырзатайұлына Қылмыстық кодекстің 174-бабы, бірінші бөлігі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.

Күдіктінің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде "ұлтараздықты қоздыру белгілері бар видеоны" анықтаған. Сол видео мазмұнына филологиялық сараптама жасаған.

Адвокаттың сөзінше, сараптама шілденің ортасында жасалған.

Мирболат Мырзатайұлы 2 қыркүйек күні ұсталған. Сол күні туыстары оны жоғалып кетті деп, дабыл қаққан. Он бес сағат бойы іздеп, полиция әкеткенін өздері анықтаған.

Туыстары мен жақтастары Мирболат Мырзатайұлы блогерлік қызметіне байланысты қамалды деп санайды.

Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы қамалар алдында Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.

54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жүр. Бұрын мемлекеттік "Қазақстан" арнасында, КТК телеарнасында журналист қызметін атқарған. Кейінгі жылдары азаматтық белсенділер арасында жиі жүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша сыни жазбалар жариялайді. Саяси астары бар делінетін сот істерінен хабар таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығады. Қазір YouTube-та "Журналисттік зерттеулер агенттігі" деген арнаны жүргізеді.

Басқа да жаңалықтар

Ақтаудағы AZAL ұшақ апаты: қаза болған 6 қазақстандықтың бірінің туыстарына өтемақы берілген

Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы құлағаннан кейін ресейлік "АльфаСтрахование" АҚ 2025 жылдың ақпанынан бері апаттан қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге өтемақы төлей бастады деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.

Ведомствоның айтуынша, әзербайжан әуе компаниясына "ұшақтың толық сақтандыру құны – 1,003 млрд рубльді" төлеген.

"Рейстегі 62 жолаушының 46-сының жарақаты мен қазасы бойынша талаптар толығымен қанағаттандырылды: 15 ресейлік азаматтың – 7-іне; 38 әзербайжан азаматының – 35-і үшін; барлық 3 қырғыз азаматы үшін; 6 қазақстандықтың біріне [өтемақы берілген]" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, апаттан зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстарына барлығы 358,4 млн рубль төленген. Бұл процесс жалғасып жатқанын да айтты.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.

Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.

Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы шұрық тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.

Өзбекстан шекараны кесіп өткен екі қырғыз азаматының қаза болғанын растады

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекара әскері 15 тамызда екі қырғыз азаматы шекараны заңсыз кесіп өткеннен кейін атып өлтірілгенін растады.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға Ташкент облысы Бостандық ауданындағы таулы жерде болған. Кезекші қызметкерлер бөтен екі адамды көріп, оларға тоқтауды бұйырған, алайда олар талапты ескермей, жасырынуға тырысқан.

Шекара әскерінің хабарлауынша, ескерту ретінде әуеге оқ атылса да, екеуі мемлекеттік шекараға қарай жүре берген. Бұдан соң оларға оқ атылған.

"Нәтижесінде олар жарақаттанды, әскерилер алғашқы медициналық көмек көрсетсе де сол жерде көз жұмды" деп жазылған Өзбекстан шекара әскерінің хабарламасында.

Оқиға орнынан палатка, үш жылқы, азық-түлік, сонымен бірге үшінші адамның ізі табылған. Өзбек жағының айтуынша, ол Қырғызстан жағына оралып, жасырынып үлгерген.

25 тамызда Қырғызстанда Шатқал ауылының екі тұрғыны жоғалғаны хабарланған еді. Ізінше шекара аумағында қаза болғандар Қырғызстан азаматтары екені анықталды. Туыстарына сүйегі тапсырылды.

2-3 қыркүйекте Өзбекстан мен Қырғызстанның шекара ведомстволары оқиға орнына барып, тексерді. Соның нәтижесінде өзбек жағы шекара қызметкерлерінің әрекеті заңға сәйкес болғанын, олардың шекараны заңсыз бұзғанын мәлімдеді.

Бұған қоса, тараптар үшінші адамның аты-жөнін анықтап, тиісті шара қолдану жөнінде келіскен.

Тараптар шекара аудандарында тұратын тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізіп, шекараның бақылауға қиын бөліктерін күзету бойынша әріптестікті орнатуға келісті.

Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза болғандар 2200-ден асты

Ауғанстандағы жер сілкінісінің салдары
Ауғанстандағы жер сілкінісінің салдары

Ауғанстанның шығысында 31 тамызға қараған түні болған қуатты жер сілкінісінен қаза болғандар 2200 адамнан асты. Бұл жөнінде тәліптердің үкіметі хабарлады.

Соңғы мәлімет бойынша, қаза болғандар 2 217 адамға жетті, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен.

Зілзаладан Пәкістанмен шекарадағы таулы Құнар провинциясы көбірек зардап шекті. Үкіметтің ресми өкілінің орынбасары Хамдулла Фитрат X желісінде "құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр" деп жазды. Ауғанстан билігі халықаралық қауымдастықтан зардап шеккендерге көмектесуді сұрады.

Құнар провинциясы және көрші Нургал, Соккай, Ватапур, Маноги және Чапа-Дара округтарында көп үй қираған. Жергілікті аумақта жауын-шашын көп жауып, жағдайды күрделендірген. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл аумақтағы үйлер өте осал салынған – жер сілкінісіне төзбейді. Соның салдарынан адам өлімі көп тіркелген.

Қазақстан халқының саны 20,4 миллионнан асты

Биыл қаңтар мен шілде аралығында Қазақстанда халық саны 124,5 мыңға (0,61%) көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 тамызға қарай елде халық саны 20 407 844 жетті.

Бюро мәліметінше, биыл халық санының өсімі алдыңғы жылдармен салыстырғанда баяулау.

12,9 млн адамы – қалада, 7,4 млн ауылда тұрады. Халық ең көп шоғырланған аймақтарға: Алматы қаласы (2,2 млн), Түркістан облысы (2,1 млн), Астана қаласы (1,5 млн), Алматы облысы (1,5 млн), Алматы облысы (1,5 млн), Шымкент қаласы (1,2 млн), Жамбыл облысы (1,2 млн) Қарағанды (1,1 млн) облысы жатады.

Алғашқы жеті айда орташа республикалық деңгейден жоғары өсім тек бес аймақта байқалған: Астана, Шымкент, Алматы, Алматы және Маңғыстау облыстары. Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қызылорда облыстарында орташа республикалық деңгейден төмен өсім болған. Қалған аймақтарда халық санының азаюы сезіледі. Алғашқы алты айда мұндай құбылыс әсіресе Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында байқалған.

Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың табиғи азаюы байқалған: мұнда өлім көрсеткіші туу көрсеткішінен асып түсті. Қалған аймақтарда халықтың табиғи өсімі байқалды.

Ким Чен Ын Пекинге "жеке дәретханасын апарған"

Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Пекинде кездескен сәт. 3 қыркүйек 2025 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Пекинде кездескен сәт. 3 қыркүйек 2025 жыл.

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Пекинге іссапары кезінде өзінің жеке дәретханасын апарған. Бұл туралы Оңтүстік Корея мен Жапония барлаушыларына сілтеме жасап, жапонияның Nikkei басылымы хабарлады.

Барлаушылар Ким денсаулығы жайлы ақпараттарды жасыру үшін жеке дәретханасын алып барған дейді.

Ким Чен Ын Қытайдың Пекин қаласында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, кейін Қытай басшысы Си Цзиньпин ұйымдастырған әскери парадқа қатысқан.

Кремльшіл журналист Александр Юнашев телеграмында Путин мен Кимнің кездесуінен кейін солтүстік кореялық қызметкерлер Ким Чен Ын отырған орындықты, үстелді, қол тиген жерлердің бәрін қайта-қайта сүртіп жатқаны көрінетін видео жариялады. Сарапшылар Солтүстік Корея осы арқылы Ким Чен Ын жайлы қандай да бір ақпараттар басқаның қолына түспеуді қадағалайды дейді.

Бұған дейін батыс барлаушылары Ресей президенті Путиннің де шетелге сапары кезінде қызметкерлері оның дәретін жинап алып кететіні жайлы айтқан еді.

Ресми органдар сыртқы істер министрі Нұртілеудің ұсталғанын жоққа шығарды

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және ҰҚК сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны жайлы хабарды толығымен жоққа шығарды.

Бүгін, 4 қыркүйекте Orda сайты құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеп, "сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, бизнесмен Гаджи Гаджиев және ҰҚК-ның жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталғанын" жазған еді.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.

"Мұны журналистік этика және қазіргі заңнаманы бұзу деп бағалаймыз" деді министрліктің өкілі.

Ал мәдениет және ақпарат министрі Балаева Facebook желісіндегі жазбасында мұны "расталмаған ақпарат" деп, жалған ақпарат таратқан үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.

"Көбіне расталмаған "хайп қуған" деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс" деп жазды Балаева.

ҰҚК да өз қызметкерлеріне қатысты ақпаратты "шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі жалған ақпаратпен күрес орталығы да бірден вице-премьер-сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жөнінде ақпаратты терістеді. Орталық "жалған ақпаратты тарату" қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, оқиғалар туралы жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтып ескерткен.

Қазақстан шетелдік студенттерге виза беру шартын қатаңдатпақ

Қазақстан шетелдік студенттерге виза беру тәртібін қатаңдатып, Қазақстанда оқығысы келетін шетелдіктерді толық тексерістен (background check) өткізбек. Бұл туралы ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке сілтеп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.

Қазақстан осы арқылы студентпін деп елге кіріп, жұмыс істейтін мигранттарды алдын алмақ.

"Біраз елде виза алу жеңіл болғандықтан келеңсіз жағдайлар болған. Бангладештен көп адам оқу үшін емес жұмыс істеуге келген. Немесе Ауғанстаннан келгендер Еуропаға транзитпен кетуді ойластырған. Қазір біз виза жасау ыңғайлы әрі қауіпсіз болу үшін сыртқы істер министрлігімен, ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз" дейді Саясат Нұрбек.

Министр егер Қазақстанда да студенттік визаны алу жеңіл болса, оқимын деп келіп жұмыс істейтін мигранттары көбейеді деп санайды.

Қазір Қазақстанда студенттерге оқу визасы бір жылға беріледі. Шетелдік студенттер жыл сайын визасының уақытын создыруы тиіс. Министрдің пайымдауынша, шетелдік студенттер визасын создыру үшін "көмектесетіндер" іздеп, ақша ұсынуы мүмкін.

Қазақстан енді шетелдік студенттерге визаны оқуы аяқталғанша бермек. Бірақ background check жасамақ. Яғни, студенттің жеке басын, құжаттарының рас-өтірігін толық тексерістен өткізеді.

Бұған қоса министр Саясат Нұрбек Қазақстан талантты студенттердің елде қалуына мүмкіндік жасап "уақытша тұру құжатын" беретінін мәлімдеді.

Қазір Қазақстан университеттерінде Үндістан, Пәкістан, Бангладештен келіп оқитын студенттер көп. Олардың көбі Алматы университеттерінде.

Қытай Түркіменстандағы "Галкыныш" кенішін игеруге қатысады

Қытай "Галкыныш" газ кенішінің төртінші кезеңін игеру бойынша ірі халықаралық тендерді ұтып алды. Бұл жөнінде 2 қыркүйекте Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесу кезінде президент Сердар Бердімұхамедовтің айтқанына сүйенген түркімен ақпарат құралдары жазды.

Бердімұхамедовтің айтуынша, Түркіменстан мен Қытай арасындағы газ әріптестігінің басты принциптері туралы негізгі келісім жобасы әзірленген және әрі қарай бұл әріптестік бас келісімде айтылған принциптер негізінде дамиды.

15 жылдан бері істеп тұрған "Түркіменстан - Қытай" газ құбыры түркімен және қытай экономикалық әріптестігінің көрнекті үлгісі ретінде аталады.

Ақпаратқа қарағанда, Си Цзиньпин Түркіменстанмен осы саладағы әріптестік Қытай үшін үлкен мәртебе екенін атап өтіп, Қытай жағына жағдай жасағаны үшін алғыс айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, "Галкыныш" газ кенішінде "Яшлар және "Қаракел" кеніштерін қатар есептегенде 27 трлн текшеметр газ қоры бар.

Банктер өз қызметкерлерінің қылмыстық топқа қатысы жөнінде прокуратура хабарламасын терістеді

Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі және Alatau City Bank (бұрынғы Jusan bank) Ақмола облысының прокуратурасынан өз қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топқа ықтимал қатысы жөнінде ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді. Ақпаратты 2 қыркүйекте жергілікті ақпарат құралдары таратқан.

Аталған банктер ортақ мәлімдеме таратып, прокуратурадан түсініктеме сұрады. Олар қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлерінің іске қатысын дәлелдейтін фактілер жоғын айтты.

"2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы банк қызметкерлерінің қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ туралы ақпаратты жариялады. Банктер аталған тергеуге бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің қатысы бар жөнінде прокуратурадан ресми хабарлама алған жоқ" деп жазылған мәлімдемеде.

Банктер ресми материалдарға қол жеткізген жағдайда құқық қорғау органдарымен әріптестік орнатуға дайын екендерін білдірді.

Ал Қазақстанның қаржы қауымдастығы мемлекеттік органдарды "қаржы институттарының іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін нәзік тақырыптар бойынша мәлімдемелерді әбден пысықтап барып" таратуға үндеді.

2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы "банкирлердің ұйымдасқан қылмыстық тобы" бес жыл бойы жағдайы төмен азаматтарды ұрлап, атына несие рәсімдегені жөнінде мәлімдеме таратқан.

Ведомствоның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына Қазақстанның түрлі өңірінен 25 адам кірген: арасында қаржы нарығын реттеу агенттігі орталық аппараты мен Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразия банкі, Jusan bank (қазіргі Alatau City Bank) қызметкерлері бар.

"Қылмыстан 348 азамат зардап шеккен, 3,7 млрд теңге шығын келген" деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.

Ведомство сонымен бірге құқық қорғау органдары күдіктілерден құны 2,7 млрд теңге болатын мүлік тәркілегенін айтты. Прокуратура мәліметінше, ұйымдасқын қылмыстық топ мүшелері "қылмыспен тапқан ақшаға Алматыдан пәтер мен жер телімдерін, қымбат көліктерді" алған.

Күдіктілердің барлығы уақытша қамау изоляторында отыр.

Трамп: Путин мен Зеленский "әзірге" кездесуге дайын емес

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп CBS телеарнасына берген сұхбатында Украинадағы соғысты аяқтауға әлі де күш салатынын мәлімдеді.

"Әзірге олар [тіке келіссөзге] дайын емес. Дегенмен бір нәрсе болуы керек. Мақсатымызға жетеміз" деді Трамп.

Ол кейінгі кезде айналысқан мәселелердің арасындағы ең қиыны әрі күрделісі "Ресей мен Украина соғысын реттеу" болғанын мойындады.

Трамптың айтуынша, дипломатиялық келіссөздердің көбіне ол мынадай тәсіл қолданады: мемлекет басшыларын бір жерге жинап, бетпе-бет кездестіріп, барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, оларды бейбіт келісімге көндіру.

Бұған дейін АҚШ президенті бейсенбі, 4 қыркүйекте Парижде коалиция саммитінен кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізетінін айтқан.

Соғыстан кейін "Украинада әскерін орналастыруға ықылас білдіргендер" коалициясы бүгін Парижде бас қосады. Қазір Парижде жүрген Зеленский Франция басшысы Эммануэль Макронмен кездесу өткізген.

"Немолчи" қоры: Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, азаптаған

Полиция ғимараты. Көрнекі сурет.
Полиция ғимараты. Көрнекі сурет.

Алматы облысында екі әйел 16 жастағы жасөспірім қызды ұрып-соғып, азаптап, суға батырған.

Бұл жөнінде "Немолчи" қоры жазды. Қордың дерегінше, екі әйелдің бірі ауыл әкімдігінде істеген.

Қордың жазуынша, 29 жастағы екі әйел қыз баланы ұрып-соғып, денесін темекімен күйдірген, суға батырған, жыныстық сипатта күш көрсеткен, өздерінің қол-аяғын сүйдіртіп, соның бәрін видеоға түсірген. Ізінше "видеоматериалдарды таратамыз" деп одан үш миллион теңге талап етіп, бопсалаған.

Қордың айтуынша, видео тарап кетіп, барлық ауыл тұрғыны хабардар болған.

Ақпаратқа қарағанда, әйелдердің бірі "қызғаныштан осындай әрекетке барған". Ол "жүріп жүрген жігітінің телефонынан жасөспірім қыздың байланыс нөмірін тауып алған".

Полиция кәмелетке толмаған балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, дене жарақатын салу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Екі әйел ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Полиция жеке деректердің таралып кетуіне қатысты да тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.

Алматыда белсенді Айжан Мамешова ұсталды

Айжан Мамешованы ұстауға келген полиция қызметкерлері. Алматы, 3 қыркүйек 2025 жыл.
Айжан Мамешованы ұстауға келген полиция қызметкерлері. Алматы, 3 қыркүйек 2025 жыл.

Алматыда белсенді Айжан Мамешова 48 сағатқа қамалды. Бұл жөнінде заңгер Ерлан Қалиев Азаттыққа айтты. Бір күн бұрын белсенділер Мамешованы полиция үйінен күштеп ұстап әкеткенін хабарлаған еді.

Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.

Полиция ізінше “Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл істе Қалиевтің сөзінше, Мамешова қорғауға құқығы бар куәгер ретінде статусы бар.

“Бірақ соған қарамастан оны куәгерден күдікті статусына ауыстыруға дәлел болмай жатып, ешқандай дәлелдер болмай жатып тергеуші оны 48 сағатқа қамау туралы шешім шығарды” деді Қалиев Азаттыққа.

Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.


Лиссабонда фуникулер рельстен шығып, 15 адам қаза болды

Лиссабонда "Глория" фуникулер (аспалы жол) вагоны рельстен шығып, үйге соғылып, соның салдарынан 15 адам қаза болды, шамамен 20 адам жарақаттанды. Бесеуінің жағдайы ауыр. Қаза болғандар арасында шетел азаматтары да бар.

Фуникулер туристер арасында өте танымал, бірақ оны жергілікті тұрғындар да пайдаланады.

"Қаламыз үшін бұл қайғылы күн.... Лиссабон қара жамылды, бұл қайғылы оқиға" деді Лиссабон мэрі Карлуш Муэдаш. Лиссабонда үшкүндік қаралы күн жарияланды. Португалияның өзінде аза тұту бір күн болады.

Алдын ала мәлімет бойынша, тартқыш арқан үзілген болуы мүмкін.

"Глория" фуникулері 1885 жылы ашылған, 1915 жылы электрмен жабдықталған. Жыл сайын шамамен үш миллион адамды тасиды. Оған ірі жөндеу жұмыстары 2022 жылы жүргізілген.

Кейінгі жылдары Лиссабонға туристер ағылып жатыр: жаз айларында Португалия астанасының орталығы туристерге толады.

Өзбекстан билігі Ресей сыртқы істер министрлігіне "таксисті қорлау ісі" бойынша нота жіберді

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресей сыртқы істер министрлігіне өзбек таксисін қорлаған ер адамның аты-жөнін анықтап, заңға сәйкес шара қолдануды талап етіп, ресми нота жолдады. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов айтты.

Оның сөзінше, Өзбекстан СІМ "әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында тараған ақпараттарды тұрақты түрде бақылап", осыған ұқсас оқиғалар анықталған жағдайда шетелдің құзырлы органдарымен әріптестік орнатады.

"Атап айтқанда, тамыз айында қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр. Осыған орай Ресей СІМ-ге видеода көрінетін ер адамның аты-жөнін анықтап, заң аясында оған шара қолдану мақсатында нота жіберілді" деді Бурханов.

Ол өзбек азаматтары өз елдерінен жырақ қай жерде жүрмесін Өзбекстан мемлекетінің қорғауында болатынын еске салды.

27 тамызда "TRT на русском" телеграм-арнасы Мәскеу түбіндегі Химки қаласында түсірілген видеоны жариялаған. Видеода ер адам таксистің ар-намысын қорлап "сен құлсың, орыстардың құлысың! Өзбекстанда түк таппай, бізге келдің. Өз үйіңде емессің, жұмыс істе!" (Ты раб, раб русских! В Узбекистане ничего не нашёл себе — приехал к нам. Ты не у себя дома, ты приехал работать — работай!) деп айқайлайды.

Таксист өзін сабырлы ұстайды және ер адамнан өзін тілдемеуді сұрайды. Бұдан соң көлікке отырып, кетіп қалады. Куәгерлердің сөзінше, оқиға таксист тар жолдан қалдық таситын көліктің шығуын күтіп, ауланың кіреберісін бөгеуге мәжбүр болған кезде болған.

Кейінгі үш айда Өзбекстан СІМ ресейлік әріптестеріне осымен екінші рет нота жолдап отыр. Маусым айында Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Ресей СІМ-ге нота жолдап, Мәскеудегі жатақханада қатаң рейд жүргізген арнайы жасақтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Ол кезде өзбек дипломаттары Ресей аумағындағы өзбек азаматтарын заңсыз тінту мен дөрекі қарым-қатынас жасау оқиғаларына алаңдаушылық білдірген.

Тағы

XS
SM
MD
LG