ЖАҢАЛЫҚТАР
Полиция Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізген белсенділерді ұстап әкетті

Полиция Ресейдің Алматыдағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген белсенділердің барлығын күшпен ұстап әкетті. Бұл жөнінде оқиға орнынан Азаттық тілшілері хабарлады.
Белсенді Димаш Әлжанов Facebook'та полицияның белсенділерді ұстау сәтінен видео жариялады.
Ақпаратқа қарағанда белсенділерді Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен.
Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізген Oyan, Qazaqstan белсенділері Мәскеудің Украинадағы "әскери операциясын" айыптап, соғысты тоқтатуға шақырған.
Бейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путин Донбаста "әскери операция" бастайтынын хабарлап, артынша Украинаның түрлі аймағында жарылыстар болғаны белгілі болды. Украина ішкі істер министрлігі 17 облыста жарылыс пен әуеден соққы жасалғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, негізінен әскери нысандар шабуылға ұшыраған.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады. Украина басшысы Владимир Зеленский халыққа үндеу жасап, үрейленбеуге шақырды. Елде әскери жағдай жарияланды. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуді "адамзат үшін әскерін Украинадан әкетуге" үндеді.
Басқа да жаңалықтар
"Немолчи" қоры: Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, азаптаған

Алматы облысында екі әйел 16 жастағы жасөспірім қызды ұрып-соғып, азаптап, суға батырған.
Бұл жөнінде "Немолчи" қоры жазды. Қордың дерегінше, екі әйелдің бірі ауыл әкімдігінде істеген.
Қордың жазуынша, 29 жастағы екі әйел қыз баланы ұрып-соғып, денесін темекімен күйдірген, суға батырған, жыныстық сипатта күш көрсеткен, өздерінің қол-аяғын сүйдіртіп, соның бәрін видеоға түсірген. Ізінше "видеоматериалдарды таратамыз" деп одан үш миллион теңге талап етіп, бопсалаған.
Қордың айтуынша, видео тарап кетіп, барлық ауыл тұрғыны хабардар болған.
Ақпаратқа қарағанда, әйелдердің бірі "қызғаныштан осындай әрекетке барған". Ол "жүріп жүрген жігітінің телефонынан жасөспірім қыздың байланыс нөмірін тауып алған".
Полиция кәмелетке толмаған балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, дене жарақатын салу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Екі әйел ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Полиция жеке деректердің таралып кетуіне қатысты да тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.
Алматыда белсенді Айжан Мамешова ұсталды

Алматыда белсенді Айжан Мамешова 48 сағатқа қамалды. Бұл жөнінде заңгер Ерлан Қалиев Азаттыққа айтты. Бір күн бұрын белсенділер Мамешованы полиция үйінен күштеп ұстап әкеткенін хабарлаған еді.
Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Полиция ізінше “Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл істе Қалиевтің сөзінше, Мамешова қорғауға құқығы бар куәгер ретінде статусы бар.
“Бірақ соған қарамастан оны куәгерден күдікті статусына ауыстыруға дәлел болмай жатып, ешқандай дәлелдер болмай жатып тергеуші оны 48 сағатқа қамау туралы шешім шығарды” деді Қалиев Азаттыққа.
Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.
Лиссабонда фуникулер рельстен шығып, 15 адам қаза болды

Лиссабонда "Глория" фуникулер (аспалы жол) вагоны рельстен шығып, үйге соғылып, соның салдарынан 15 адам қаза болды, шамамен 20 адам жарақаттанды. Бесеуінің жағдайы ауыр. Қаза болғандар арасында шетел азаматтары да бар.
Фуникулер туристер арасында өте танымал, бірақ оны жергілікті тұрғындар да пайдаланады.
"Қаламыз үшін бұл қайғылы күн.... Лиссабон қара жамылды, бұл қайғылы оқиға" деді Лиссабон мэрі Карлуш Муэдаш. Лиссабонда үшкүндік қаралы күн жарияланды. Португалияның өзінде аза тұту бір күн болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, тартқыш арқан үзілген болуы мүмкін.
"Глория" фуникулері 1885 жылы ашылған, 1915 жылы электрмен жабдықталған. Жыл сайын шамамен үш миллион адамды тасиды. Оған ірі жөндеу жұмыстары 2022 жылы жүргізілген.
Кейінгі жылдары Лиссабонға туристер ағылып жатыр: жаз айларында Португалия астанасының орталығы туристерге толады.
Өзбекстан билігі Ресей сыртқы істер министрлігіне "таксисті қорлау ісі" бойынша нота жіберді

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресей сыртқы істер министрлігіне өзбек таксисін қорлаған ер адамның аты-жөнін анықтап, заңға сәйкес шара қолдануды талап етіп, ресми нота жолдады. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов айтты.
Оның сөзінше, Өзбекстан СІМ "әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында тараған ақпараттарды тұрақты түрде бақылап", осыған ұқсас оқиғалар анықталған жағдайда шетелдің құзырлы органдарымен әріптестік орнатады.
"Атап айтқанда, тамыз айында қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр. Осыған орай Ресей СІМ-ге видеода көрінетін ер адамның аты-жөнін анықтап, заң аясында оған шара қолдану мақсатында нота жіберілді" деді Бурханов.
Ол өзбек азаматтары өз елдерінен жырақ қай жерде жүрмесін Өзбекстан мемлекетінің қорғауында болатынын еске салды.
27 тамызда "TRT на русском" телеграм-арнасы Мәскеу түбіндегі Химки қаласында түсірілген видеоны жариялаған. Видеода ер адам таксистің ар-намысын қорлап "сен құлсың, орыстардың құлысың! Өзбекстанда түк таппай, бізге келдің. Өз үйіңде емессің, жұмыс істе!" (Ты раб, раб русских! В Узбекистане ничего не нашёл себе — приехал к нам. Ты не у себя дома, ты приехал работать — работай!) деп айқайлайды.
Таксист өзін сабырлы ұстайды және ер адамнан өзін тілдемеуді сұрайды. Бұдан соң көлікке отырып, кетіп қалады. Куәгерлердің сөзінше, оқиға таксист тар жолдан қалдық таситын көліктің шығуын күтіп, ауланың кіреберісін бөгеуге мәжбүр болған кезде болған.
Кейінгі үш айда Өзбекстан СІМ ресейлік әріптестеріне осымен екінші рет нота жолдап отыр. Маусым айында Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Ресей СІМ-ге нота жолдап, Мәскеудегі жатақханада қатаң рейд жүргізген арнайы жасақтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Ол кезде өзбек дипломаттары Ресей аумағындағы өзбек азаматтарын заңсыз тінту мен дөрекі қарым-қатынас жасау оқиғаларына алаңдаушылық білдірген.
Мерц Путинді "әскери қылмыскер" деп атады. Кремль "жақсы емес" мәлімдемелер туралы айтты

Кремль Германия канцлері Фридрих Мерцтің Ресей және Ресей басшысы Владимир Путин жөнінде айтқандарын “жақсы емес” мәлімдеме деп атады. Бұған дейін Мерц Путинді “әскери қылмыскер” деп атаған.
“[Германия канцлері] Мерц кейінгі сағаттарда өте жақсы емес мәлімдемелер жасады. Сондықтан оның пікірін қазір назарға алуға болады деп деп ойламаймын” деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
“Біздің президентке қатысты” “жақсы емес мәлімдемелер айтылды” деді Песков.
Журналистер Песковтан Мерцтің Украина мен Ресей президенттері "Женевада кездесе алады" деген мәлімдемесіне қатысты пікір сұраған кезде осылай деген.
Бір күн бұрын Германия канцлері Фридрих Мерц неміс арнасына берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путин жөнінде “қазіргі кездегі ең қауіпті қылмыскер шығар” деген.
Мерцтің пікірінше, Путин қазір Украинамен бейбітшілікке баруға бейіл емес.
“Біз соған негізді туындатуымыз керек. Әскери жоспар тұрғысынан алғанда күрделі, бірақ экономикалық тұрғыда мүмкін” деді ол.
Германия канцлерінің ойынша, мәселе Ресейдің әскери машинасын қуаттандырып отырған экономикалық мүмкіндіктерінің "сарқылуы" жөнінде болып отыр. Мұны мысалы Ресеймен сауда жасап отырған елдерге салық енгізу арқылы жасауға болады.
Ол "Путиннің қандай да бір мәлімдемелеріне сенуге де" негіз жоғын айтып, Ресей президентімен келіссөзде жұмсақтық таныту орынсыз деп санайды.
Бұған дейін Мерц Мәскеуді "Германияның басым бөлігін тұрақсыздандыруға бағытталған операция жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы елдің ісіне араласып отыр" деп айыптап, "Германия Ресеймен соғыс жағдайында тұр" деп мәлімдеген еді.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы отставкаға кетті

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қарамағындағылардың заң бұзуына байланысты отставкаға кетті деп мәлімдеді сәрсенбі күні мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
"Оның қарамағындағылар шынымен заң бұзған. Заң бойынша, оның осы құқықты пайдалануға құқығы бар – өтініш жазды. Мұнда комиссияда сұрақтар туындайды, өзге шаралар, қарастырамыз" деді Сәденов.
Оның айтуынша, әскерилерде жарғыға сәйкес, қимылдау алгоритмі жазылған. Сәденовтің сөзінен "Власть"үзінді келтіреді.
Министрдің сөзінше, Жамбыл облыстық полиция департаментінде жаппай ұстау болмаған, тек ереже бұзылған.
Бұған дейін ІІМ департаменті мамандары Жамбыл облыстық полиция бастығының орынбасары "заңға қайшы әрекет жасады" деген күдікке ілінгені хабарланған еді.
Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев рақымшылықпен түрмеден босап шықты

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев рақымшылықпен түрмеден босап шықты.
Ертаевтың босап шыққанын қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Ол пробациялық бақылау есебіне алынған.
"RBK банкіндегі қаржы жымқыру ісі" бойынша айыпталған Жомарт Ертаев 2020 жылы 11 жылға еркіндігінен айырылған. Сот оны 144 млрд теңге қаражатты жымқырды деп танып, мүліктерін кәмпескелеуді бұйырған. Ол түрмеде бес жыл отырған.
Бұл іс бойынша өзге сотталушы кәсіпкер Бақыт Ибрагим 8 жылға сотталған. 2021 жылы Ертаев, Ибрагим мен өзге сотталушылардың үкімі жұмсартылды. Апелляция алқасы Ертаевтың жазасын 11 жылдан 9 жылға қысқартты.
2023 жылы Бақыт Ибрагим түрмеден шықты, бірақ бірнеше айдан кейін пәтерінен өлі күйде табылған. Полиция "өзіне қол салуға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін "қылмыс құрамы болмғандықтан" істі тоқтатқан.
Алматыда блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлы ұсталды

Алматыда блогер Мирболат Мырзатайұлы ұсталды. Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қасымбаев 3 қыркүйекте блогерге араша сұрап, полицияға барған белсенділерге Мирболат Мырзатайұлының ұсталу себебін түсіндірді.
“[Мирболат Мырзатайұлы] Бишуиновқа қатысты ҚР 174-бабымен қылмыстық іс қозғалды” деді ол. Айтуынша, екі күн ішінде тергеу соты оған бұлтартпас жазаны тағайындау мәселесін қарайды,
Журналистің туыстары кешеден бері оның із-түзсіз жоғалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Әпкесінің сөзінше, соңғы рет ол жақындарына 2 қыркүйек сағат 16:30 шамасында Талғардан келе жатқанын айтқан. Оның көлігі Талғар трассасындағы экопостың тұрағынан табылды.
Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.
3 қыркүйекте белсенділер, басым бөлігі - желтоқсаншылар, Мирболат Мырзатайұлының ұсталуын белсенділігімен байланыстырып, биліктен оны босатуды талап етіп, қол жинады.
Барлау қызметі: Солтүстік Кореядан Ресейге тағы 6 мың сарбаз жіберіледі

Солтүстік Кореяның Ресейге тағы 6 мың сарбаз жіберу ойы бар. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау басқармасының парламент алдындағы есебі кезінде айтылған есептерге сүйенген Yonhap агенттігі жазды.
Агенттіктің жазуынша, Украинаға қарсы соғыста Ресейді қолдаған Солтүстік Корея осымен үшінші рет әскерін жіберейін деп отыр. Былтырдан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскери қызметкерін жіберген. Оңтүстік Корея барлау басқармасының мәліметінше, шамамен 2 мыңы Ресейдің Курск облысындағы шайқастарда өлтірілген.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 2 қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзинпин және Ресей президенті Владимир Путинмен бірге ортақ шараға қатысу үшін Пекинге барған. Си, Ким және Путин 3 қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай өтетін Қытай халықтық-азат ету әскерінің әскери парадын қатар тұрып тамашаламақ.
Дональд Трамп өзінің денсаулығына қатысты сыбысты терістеді

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы нашарлағаны жөнінде сыбысты жоққа шығарды.
Сейсенбі күні Ақ үйдегі брифинг кезінде журналистердің бірі желіде Трамптың "өзін нашар сезініп тұрғаны" туралы ақпарат тарағанын айтып, сұрақ қойған. Кейбірі оның бірнеше күн жұрт алдына шықпай кеткенін айтып, жамандыққа жорыған.
"Мен оны көрген жоқпын" деді Трамп.
"Бұл өтірік. Мен "маған бірдеңе болыпты" дейтіндей екі күн ештеңе істеген жоқпын. Байден айлар бойы ештеңе істеген жоқ және бәріміз де оның денсаулығы керемет емес екенін білдік, сонда да ешкім ештеңе демеген еді" деді Трамп.
Маусымда Трамп 79-ға толды.
Ердоған: Путин мен Зеленский кездесуге дайын емес

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлескен соң "екеуі кездесуге дайын емес" деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Ердоған Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Екеуі Украинадағы соғысты талқылаған. Түркия басшысы Ердоған Путинмен кездесу алдында Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен.
1 қыркүйекте Үндістан премьері Нарендра Моди де Путинмен Украинадағы соғысты талқылады. Моди да Зеленскийге хабарласқан. Украина президенті Зеленский Үндістан премьері Модиге Ресей басшыларымен кездесуге дайын екенін жеткізген. Ал Моди бұл "сигналды" Мәскеу жаққа жеткізуге уәде еткен еді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Путин мен Зеленскийді кездестіруге тырысқан. Бірақ Вашингтонның бұл талпынысынан нәтиже шықпады.
Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Тимур Дәнебаев бостандыққа шықты

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Тимур Дәнебаев бостандыққа шықты. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады. Мұны оның інісі Марат Дәнебаев та растады.
Төреғожина Facebook желісінде Тимур Дәнебаевтың видео үндеуін жариялады. Онда ол жұртты сейсенбі және сәрсенбі сайын Көкшетау қаласында өтетін сотқа, азаптау істерінің қаралуына шақырады.
Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған.
Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған.
Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар тізіміне" қосқан. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси астармен қудалауға негіз болатын заң жоқ, сол себепті саяси тұтқын жоқ дейді.
- 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған. Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
- Биыл ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тимур Дәнебаевты азаптады деп айыпталған түрмедегі 12 қызметкерді ақтаған. Бірақ сәуір айында Ақмола облыстық соты бұл үкімнің күшін жойғаны белгілі болды.
Қазақстан мен Қытай 70-тен аса коммерциялық келісімге қол қойды

Пекинде іссапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесіне қатысып, екі тарап жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кеңесте Тоқаев Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, "Қытай бизнесінің өкілдері Қазақстаннан сенімді серіктестер таба алатынын" жеткізді.
Бұған қоса, Тоқаев Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнмен кездесті.
CNNC Қазақстандағы екінші атом электр станциясын салатыны айтылған еді. Тоқаев "тәжірибесі мол әрі технологиясы озық CNNC компаниясымен екінші атом электр стансасының құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірген". Ақорда екі тараптың кездесуінің нақты детальдарын жарияламады.
Бұдан бөлек Ақорда "Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге ниет танытып отыр" дейді. Тоқаев компания директоры Ни Чжэнмен де кездескен.
Кейінгі кезде Қытайдың Қазақстандағы жобалары мен инвестициясы қарқынды артып келеді. Қытайлық Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Жамбыл облысындағы ірі жел электр станциясына, Жезқазған – Қарағанды автокөлік жолы, Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысына 2 млрд доллан құйған. Тоқаев Пекинде осы банктің президенті Цзинь Лицюнмен жолығып, "ынтымақтастықды дамыту перспективасын" талқылаған.
Қытайдың Fujian Hengwang Investment компаниясы Жамбыл облысында металлургия зауытын, Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу зауытын, China Glass компаниясы Қазақстанда шыны зауытын салған.
Ақорданың мәліметінше, енді Алматы қаласында Қытайдың көліктерін шығаратын зауыт пен қытайлық электробустар шығаратын BYD компаниясы ашылмақ. Бұдан бөлек Tianjin Rail Transit компаниясы қазір Астанадағы LRT жобасын салып жатыр.
"Қайрат" "Реалмен" ойынды Алматыда өткізеді - министр

Футболдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы матч Алматыда өтеді. Бұл туралы үкімет кулуарында спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде алматылық "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы матч Астанада өтуі мүмкін деген сыбыс шыққан еді. Ойын 30 қыркүйек өтеді.
"Алматыдағы [Орталық] стадион - УЕФА-ның төртінші дәрежелі аренасы. Стандартқа сай келеді. Біз ойынды сол стадионда өткізуді жоспарлап отырмыз" деді Мырзабосынов.
УЕФА матчтар өтетін стадиондарды төрт дәрежеге бөледі. Ең жоғарғы төртінші категориялы стадиондарда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінің матчтарын өткізуге жарайды.
Алматының "Қайрат" клубы алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды. Негізгі кезеңдегі қарсыластарымен мына күндері матч өткізеді:
- 18 қыркүйек – "Спортинг" – "Қайрат" (сырт алаңда)
30 қыркүйек – "Қайрат" – "Реал" (өз алаңынды)
21 қазан – "Қайрат" – "Пафос" (өз алаңынды)
5 қараша – "Интер" – "Қайрат" (сырт алаңда)
26 қараша – "Копенгаген" – "Қайрат" (сырт алаңда)
9 желтоқсан – "Қайрат" – "Олимпиакос" (өз алаңынды)
20 қаңтар – "Қайрат" – "Брюгге" (өз алаңынды)
28 қаңтар – "Арсенал" – "Қайрат" (сырт алаңда).
"Қайрат" іріктеудің шешуші кезеңінде шотландиялық "Селтик" клубынан басым түскен еді.
Судандағы Дарфурда ауылды көшкін басып, 1000 адам мерт болды

Суданның батысындағы Дарфур аймағында жер көшкіні тұтас бір ауылды басып қалып, шамамен 1000 адамның өмірін қиды. Африкалық елдің кейінгі тарихындағы ең қасіретті табиғи апаттардың бірін дүйсенбі күні кешке аталған аумақты бақылауда ұстап отырған көтерілісшілер тобы хабарлады.
Қайғылы оқиға жексенбі күні Дарфурдағы Марра тауларындағы Тарасин ауылында болған деді Судан азаттық қозғалысы әскері. Бұл оқиғаға дейін ауылда бірнеше күн бойы жауын жауған.
"Алғашқы мәліметтер бойынша, ауылдың барлық тұрғыны қаза тапқан, олардың саны мыңнан асады. Тек бір ғана адам аман қалған" делінген мәлімдемеде.
Көтерілісшілер тобы ауыл "жермен-жексен" болғанын айтып, БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардан мәйіттерді алып шығуға көмек сұрады.
Жергілікті басылым жариялаған бейнежазбаларда таулардың арасындағы тегістеліп қалған аумақта адамдар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жүргені көрінеді.
Суданда қазір азаматтық соғыс өршіп тұр. 2023 жылғы сәуірде елдің әскері мен "Жедел қолдау күштері" (RSF) арасындағы шиеленіс ел астанасы Хартумда және өзге өңірлерде ашық қақтығысқа ұласқан еді.
Марра тауларын қоныс еткен Судан азаттық қозғалысы әскері – Дарфур және Кордофан аймақтарындағы белсенді қозғалыстардың бірі. Ол бұл соғыста ешбір тарапты қолдамаған.
Марра таулары — Хартумнан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 160 шақырымға созылған жанартаулық тау тізбегі. Бұл аймақ Эль-Фашер маңындағы әскери күштер мен RSF арасындағы ауыр шайқастардан бас сауғалаған босқындар үшін паналау орнына айналды.
Қақтығыс 40 мыңнан астам адамның өмірін қиып, 14 миллионнан астамын баспанасынан айырды. Кейбір отбасылар аштық жайлаған елдің әр тұсында аман қалу үшін шөп жеуге мәжбүр болған.
БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, қақтығыс кезінде ұлттық сипаттағы жаппай кісі өлтіру, зорлау сияқты ауыр қылмыстар жасалған. Халықаралық қылмыстық сот бұл оқиғаларға қатысты соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстарды тергеуді бастап кеткенін хабарлады.
Тарасин ауылы Марра тауларының орталығында орналасқан. Бұл жанартаулық аймақтың ең биік нүктесі 3000 метрден асады. ЮНИСЕФ-тің дерегінше, ЮНЕСКО мұрасына кіретін бұл тау тізбегі айналасындағы өңірлерге қарағанда салқындау әрі онда жауын-шашын мол түседі. Ол ел астанасы Хартумнан батысқа қарай 900 шақырым жерде орналасқан.
Жексенбідегі жер көшкіні Суданның кейінгі тарихындағы ең қасіретті табиғи апаттардың бірі болды. Елде шілде-қазан айларындағы маусымдық нөсер жауын кезінде жыл сайын жүздеген адам қаза табады.
ПІКІРЛЕР